Брюссель. 20 қазан. ИНТЕРФАКС – Еуропалық Одақ аумағының бір бөлігі Арктикада орналасқан. Қазіргі уақытта бұл өңірде геосаяси өзгерістер қарқын алып келеді. Бұл туралы сейсенбі күні Страсбургте Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.
Ол Еурокомиссия Арктикаға қатысты жаңа еуропалық стратегияны бекіткеннен кейін баспасөз өкілдеріне мәлімдеме жасады.
«Еуропалық Одаққа мүше үш мемлекет Арктика аймағында орналасқан. Ал өңірде Еуроодақтың жарты миллионнан астам азаматы тұрады. Арктика – Еуропаның солтүстіктегі көршілес өңірі. Біздің онымен байланысымыз тығыз әрі оның болашағымыз үшін маңызы зор», – деді Еурокомиссия төрағасы.
Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, Ресей Арктикадағы әскери күшін қайта нығайтып, өңірдегі қауіпсіздік жүйесіне өзгеріс енгізіп жатыр.
Ол Еуроодақтың жаңа стратегиясы қауіпсіздік мәселелерімен ғана шектелмей, экономикалық бағыттарды да қамтитынын атап өтті.
«Арктикаға қолжетімділік артқан сайын оның Еуропаның экономикалық қауіпсіздігі үшін маңызы да күшейіп келеді. Бұл өңірде жасыл экономикаға және цифрлық технологияларға көшу үшін қажетті стратегиялық шикізат ресурстары шоғырланған. Сонымен қатар мұнда әлемдік сауда бағыттарын өзгертетін жаңа теңіз жолдары ашылып, өңірдің болашағын айқындайтын инфрақұрылым қалыптасуда. Мұның бәрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біздің мақсатымыз – осы мүмкіндіктерді Арктика тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға пайдалана отырып, Еуропа экономикасының орнықтылығын нығайту», – деді Урсула фон дер Ляйен.
Еурокомиссия төрағасы Арктика стратегиясының маңызды бағыттарының бірі ретінде жергілікті тұрғындар мен байырғы халықтардың мүдделерін қорғауды атады. Оның айтуынша, бұл қауымдастықтар климаттың өзгеруінен зардап шегіп отыр.
«Сондықтан біздің стратегияда қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық таза технологияларға көшуді қолдауға ерекше назар аударылған. Сонымен қатар стратегиямыз Арктикадағы негізгі одақтастарымызбен, соның ішінде Канадамен, сондай-ақ ортақ ұстанымдағы басқа да көптеген серіктестерімізбен ынтымақтастыққа негізделген», – деді Еурокомиссия төрағасы.




