Евразия24ЖаңалықтарТоқаев құны 1,8 млрд доллар болатын Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысына бастау...

Тоқаев құны 1,8 млрд доллар болатын Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысына бастау берді

|

|

Астана. 20 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Абай облысының Ақтоғай кентінде салынатын металлургия кәсіпорнын ел экономикасының дамуына тың серпін беретін аса маңызды жобалардың бірі деп атады.

«Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіреді. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауыт іске қосылғаннан кейін Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді», – деді Мемлекет басшысы.

Зауыт құрылысына шамамен 1,8 млрд доллар инвестиция салынады. Жоба аясында мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Алғашқы мыс катодын 2030 жылы алу жоспарланған. Кәсіпорында мыстан бөлек, металл күйіндегі алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылады.

Сонымен қатар Президент кәсіпорын акционерлерінің алдына бірқатар маңызды міндет қойды.

«Жұмысшылардың барлық заңды әлеуметтік қажеттіліктері қамтамасыз етілуі тиіс. … Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес белсенді жұмыс жүргізуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге ерекше көңіл бөлуге шақырды.

«Озық технологиялық шешімдерді қолдану еңбек өнімділігін арттыруға, жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті күшейтуге және өндірістік жарақаттанудың алдын алуға мүмкіндік береді. … Зауыт құрылысы барысында осы мәселелерді ескеру маңызды», – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысының мәліметінше, Қазақстанда 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Жыл сайын шамамен 160 млн тонна кен өндіріліп, 3,5 млн тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.

Абай облысы әкімдігінің хабарлауынша, Ақтоғай мыс балқыту зауытын салу жобасына бірнеше компания қатысады. Атап айтқанда, «KAZ Minerals Smelting» ЖШС тапсырыс беруші ретінде, China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC) компаниясы жобалау және технологиялық жабдықтарды сатып алу қызметтерін көрсетуші ретінде, ал «NFC Kazakhstan» ЖШС құрылыс және іске қосу-баптау жұмыстарының мердігері ретінде белгіленген.

Кәсіпорын Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту кешендерінде, сондай-ақ «Шығыстүстімет» ЖШС-нің байыту фабрикаларында өндірілген мыс концентратын шикізат ретінде пайдаланады.

Зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірі мен заманауи мыс балқыту өндірісін біріктіретін өнеркәсіптік кластер қалыптасады.

KAZ Minerals – Қазақстандағы жетекші мыс өндірушілердің бірі. Компаниялар тобы Шығыс Қазақстандағы Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кеніштерінде, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кенішінде және оларға қарасты байыту фабрикаларында, сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде өндірістік қызмет атқарады.

China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Company Ltd (Non Ferrous China) – акциялары Шэньчжэнь қор биржасында саудаланатын, мемлекет бақылауындағы қытайлық компания. Ол халықаралық жобалар бойынша мердігерлік жұмыстар атқарып, түсті металл кен орындарын игерумен айналысады.

NFC Қытайдан тыс жерлердегі түсті металл кендерін өндіру және өңдеу кәсіпорындарына инвестиция салған алғашқы қытайлық компания болды. Сонымен қатар оның Қытай аумағында да тау-кен өндірісі жобалары бар.

Компания әлемнің 20-дан астам елінде жұмыс істейді. Бұған дейін NFC KAZ Minerals компаниясының Бозшакөл, Ақтоғай және Бозымшақ жобаларында бас мердігер қызметін атқарған.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстанда жыл басынан бері 1,3 трлн теңгенің активтері қайтарылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловтың елдегі заңдылықтың сақталуы жөніндегі есебін тыңдады. Бұл туралы сейсенбі күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Түркияда Letim төлем сервисі 30 қарашадан бастап жұмысын тоқтатады

Түркияда ресейлік туристер арасында кеңінен қолданылатын Letim төлем сервисі 30 қарашадан бастап жұмысын тоқтатады. Бұл туралы сейсенбі күні Ресей туроператорлары қауымдастығы (АТОР) сервис операторына сілтеме жасап хабарлады.

Арктиканың Еуропалық Одақ қауіпсіздігі мен экономикасы үшін маңызы артып келеді

Еуропалық Одақ аумағының бір бөлігі Арктикада орналасқан. Қазіргі уақытта бұл өңірде геосаяси өзгерістер қарқын алып келеді. Бұл туралы сейсенбі күні Страсбургте Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.

Орталық Азия мен АҚШ сыртқы істер министрлері саяси диалогты кеңейту мәселесін талқылады

Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен «С5+1» форматындағы кездесуде Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио саяси диалогты кеңейту мәселесіне ерекше назар аударды.