Бейжің. 23 қазан. ИНТЕРФАКС – Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Тибет автономиялық ауданында болған магнитудасы 7 балдық жер сілкінісінен кейін із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіру, құтқару және зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырды.
«Табиғи апат болған аймақ биік таулы, ауа райы суық өңірде орналасқан. Сондықтан жер сілкінісінің қайталану ықтималдығын және ауа райының өзгерісін мұқият бақылап, қосымша табиғи апаттардың алдын ала отырып, құтқару жұмыстарын жүргізу аса маңызды», – деп келтіреді Си Цзиньпиннің сөзін «Синьхуа» агенттігі.
Қытай басшысы адам шығыны мен апат салдарынан келген залалды барынша азайту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ ол құтқару жұмыстарына қажетті қаржы бөлуді, баспанасыз қалған тұрғындарды қауіпсіз жерге орналастыруды және бүлінген инфрақұрылымды мүмкіндігінше тез қалпына келтіруді тапсырды.
Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қытайдың жер сілкінісіне қарсы күрес басқармасына аймақта қайталама жер сілкіністерінің болу ықтималдығын бақылауды жалғастыруды жүктеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, апат болған өңірге құтқару жасақтары жіберілген. Ал келтірілген залалды бағалау үшін Wing Loong ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды. Құтқару жұмыстарына барлығы 350 маман мен 83 техника жұмылдырылған.
Соңғы мәліметтер бойынша, жер сілкінісінен 16 адам қаза тауып, 54 адам жарақат алды. Бұған дейін 32 адамның зардап шеккені хабарланған еді.
Магнитудасы 7 болатын жер сілкінісі Қытайдың Тибет автономиялық ауданында бір күн бұрын тіркелген.
Жергілікті уақытпен сағат 22:33-те (Мәскеу уақытымен 17:33-те) болған жер сілкінісінің ошағы шамамен 173 шақырым тереңдікте орналасқан.




