Бұл туралы алғашқы ақпарат Bloomberg агенттігінде өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып жарияланды .
Агенттіктің хабарлауынша, халықаралық төрелік сот Қазақстан үкіметінің Қашаған кен орнындағы даулы шығындарға байланысты ExxonMobil компаниясына және жобаға қатысушы өзге де компанияларға қойған шамамен 12 млрд АҚШ доллары көлеміндегі талабын жарамсыз деп таныған.
«Қазақстан үкіметі игерілуі жоспарланған мерзімнен бірнеше жылға кешігіп, бастапқы бюджеті едәуір ұлғайған Қашаған кен орнына қатысты даулы шығындардың шамамен 20 млрд долларын өндіріп алуға ұмтылған. Алайда хабарланғандай, Гаагадағы Тұрақты төрелік сот 2011–2015 жылдары жұмсалған қаражатқа қатысты талаптың белгіленген мерзімнен кеш берілгені жөнінде шешім қабылдаған. Сонымен қатар сот қалған 8 млрд долларға жуық талап бойынша істі қарауды жалғастыруға рұқсат берген», – деп жазды агенттік.
Материалда даудың кейбір мән-жайлары да келтірілген. Қашаған кен орнында алғашқы мұнай 2013 жылдың қыркүйегінде, яғни бастапқы жоспардан сегіз жыл кеш өндірілген. Бұл ретте жобаның шығындары бастапқы бюджеттен 45 млрд долларға асып кеткен. Алайда арада бір ай өткенде құбыр желісінен мұнайдың ағып кетуі анықталып, өндіріс тоқтатылған.
Мұнай өндіру жұмыстары тек 2016 жылы қайта жанданды. Өндірісті сол кезден бері кен орнының операторы болып келе жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы қайта іске қосты.
Бұған дейін, 2026 жылдың тамызында, энергетика саласындағы беделді EnergyConnects ақпараттық платформасы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап, ExxonMobil компаниясының Қазақстан тарапымен Қашаған кен орнының батыс бөлігін игеруге шамамен 80 млрд доллар инвестиция салу мүмкіндігін талқылағанын хабарлаған еді .
Жоба аясында «ҚазМұнайГаз» компаниясымен тең үлестік негізде бірлескен кәсіпорын құру және тәулігіне 600 мың баррельге дейін мұнай өндіру көзделген. Алайда жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан мен кен орнын игеруге қатысушы шетелдік компаниялар арасындағы даулардың реттелуіне байланысты болған. Әңгіме төрелік сот Қазақстанның талаптарын ішінара қанағаттандырудан бас тартқан сол дауға қатысты болып отыр.
Ал «Sputnik Қазақстан» агенттігі халықаралық төрелік соттың соңғы шешіміне қатысты Энергетика министрлігінен түсініктеме алған.
«Аталған төрелік талқылауға қатысты барлық материалдар, оның ішінде істің нақты мән-жайлары туралы мәліметтер Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімде және дауласушы тараптар арасындағы төрелік келісімде белгіленген құпиялылық талаптарына бағынады. Бұл талаптарды орындау процеске қатысушылардың барлығы үшін міндетті. Осыған байланысты құзыретті тұлға тиісті шектеулерді алып тастағанға дейін Энергетика министрлігінің қаралып жатқан істің мән-жайлары туралы ақпаратты жариялауға, түсініктеме беруге немесе қандай да бір өзге жолмен талқылауға құқығы жоқ. Құпиялылық тәртібі өзгермейінше, қосымша ақпарат беру мүмкін емес», – деп хабарлады министрлік.
Құпиялылық талаптарын алға тартқан министрлік халықаралық төрелік соттың Қазақстанның 12 млрд доллар көлеміндегі талабын жарамсыз деп танығаны туралы ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Біздің ойымызша, бұған талап қою мерзімінің өтіп кетуі себеп болған. Белгілі болғандай, Гаагадағы Тұрақты төрелік сотта қаралатын барлық дауға бірдей қолданылатын бірыңғай талап қою мерзімі белгіленбеген. Халықаралық төрелік талқылаулардың осы ерекшелігі туралы белгілі Pinsent Masons заң компаниясы өзінің ғылыми жарияланымында жазған .
Сондықтан Қазақстанның талабын қарау кезінде төрешілердің қандай талап қою мерзімін басшылыққа алғанын және еліміздің неліктен белгіленген мерзімді өткізіп алғанын әзірге нақты айту қиын.




