Астана. 25 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде. Бұл туралы жексенбі күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ресей Президенті Владимир Путин құттықтау жеделхатында Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салалардағы жетістіктерін атап өтіп, еліміздің халықаралық істердегі сындарлы рөліне және әлемдік аренадағы лайықты беделіне жоғары баға берді.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында табысты дамып келеді. Достас халықтарымыздың игілігі, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында өзара тиімді Ресей-Қазақстан байланыстарын барлық бағыт бойынша алдағы уақытта да дәйекті түрде нығайта түсетінімізге сенімдімін», – делінген Путиннің Ақорда баспасөз қызметі келтірген құттықтауында.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өз жолдауында Қазақстанда ауқымды саяси реформалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын, қоғамдағы тұрақтылықтың сақталып, экономиканың орнықты дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ халықтың әл-ауқаты артып, еліміздің өңірлік және халықаралық деңгейдегі ұстанымы нығайып отырғанына тоқталды.
«Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беремін. Екі ел халқының игілігі үшін екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, оны нақты мазмұнмен толықтыру жолында бірлескен күш-жігер жұмсауға дайынмын», – деді Си Цзиньпин.
Қазақстан Президентіне АҚШ басшысы Дональд Трамп та құттықтау жолдады.
«Елдеріміз арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын. Президенттік өкілеттігімнің екі кезеңінде Сізбен арада қалыптасқан тамаша қарым-қатынастың алдағы уақытта да дами беретініне сенемін. Осындай маңызды мерекені атап өтуге қосылу мен үшін үлкен мәртебе», – деп атап өтті Трамп.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон да Қазақстан халқына жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді.
«Қазақстан халқына француз халқының шынайы әрі берік достық сезімін жеткізуіңізді сұраймын. Дипломатиялық қатынастарымыздың орнағанына 35 жыл толар қарсаңда Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап елдеріміз екіжақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып, халықаралық мәселелердің кең ауқымы бойынша ұстанымдарын жақындастырып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Біз бейбітшілік, өркендеу және орнықты даму жолында күш-жігерімізді біріктіріп келеміз», – делінген Макронның жолдауында.
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің королі III Чарльз Қасым-Жомарт Тоқаев пен барша Қазақстан халқына ізгі тілегін жолдады. Ол екі ел арасындағы берік достық байланыстарды және екіжақты қатынастардың тұрақты дамуын жоғары бағалады. Сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, кеңейтуге бейілді екенін растады.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған терең тарихи және мәдени тамыры бар екі ел арасындағы ерекше қарым-қатынас алдағы уақытта да халықтарымыздың игілігі үшін кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында дами беретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өзге де мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтаулар келіп түсті.




