Вашингтон. 5 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі, республикашыл Томас Масси Пентагон басшысы Пит Хегсетке импичмент жариялау мәселесін дауысқа шығаруды көздеп отыр.
«Хегсет өз еркімен отставкаға кетсе ғана импичмент туралы ұсынысымды енгізбеймін», – деп Масси бейсенбі күні X әлеуметтік желісінде жазды.
Масси CNN телеарнасына бұл мәселені келесі аптада талқылауға ұсынатынын да айтты. Республикалық партиядағы бірқатар дереккөз телеарнаға Өкілдер палатасы бұл бастаманы қолдайды деп күтіліп отырғанын жеткізді.
CNN мәліметінше, Конгрестегі көптеген республикашыл аралық сайлаудағы жеңіліс үшін Хегсетті жауапты санайды. Олардың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трампты Иранға қарсы соғыс бастауға көндірген де сол. Алайда Пентагон басшысы қақтығысты қалай аяқтау керегін алдын ала жоспарлап ұсынбаған. Сәрсенбі күні АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те сайлаудағы жеңіліске Иранмен соғыс себеп болғанын мәлімдеді.
Бұған дейін сәрсенбі күні Трамп Хегсетке сенетінін айтқан еді.
Журналистердің қорғаныс министрін қызметінен босату жоспары бар-жоғы туралы сұрағына АҚШ президенті «Жоқ, меніңше, ол өз жұмысын өте жақсы атқарып жүр», – деп жауап берді.
Пентагон да Хегсеттің орнына басқа адам тағайындалуы мүмкін деген хабарларға қарамастан, оның Трамптың президенттік мерзімі аяқталғанша қызметінде қалатынын мәлімдеді.
3 қарашада өткен Конгресс сайлауының қорытындысы бойынша АҚШ Демократиялық партиясы екі палатада да көпшілік орынға ие болмақ. Республикашылдар бірқатар штаттағы, соның ішінде Техастағы губернатор сайлауында да сәтсіздікке ұшырады. Олар дәстүрлі түрде Республикалық партияны қолдайтын штаттарда да жеңілді. Америкалық БАҚ мұны Трамптың тіпті өз партиясының сайлаушыларының да көңілінен шыға алмағанының белгісі деп бағалап отыр.




