28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында Президент: «Салық кодексі – бұл қатып қалған қағида да, қасиетті жазба да емес», – деді. Сондай-ақ Үкіметке заңнамадағы қайшылықтарды жою, кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту және Салық кодексін қолдануды жеңілдету үшін жекелеген нормаларға нақты өзгерістер енгізуді тапсырды.Осы тұста «Еуразия-24» редакциясына әрлеу материалдары нарығында жұмыс істейтін кәсіпкерден хат келіп түсті. Онда Салық кодексінің қандай тұстарын қайта қарау керектігі жөнінде нақты ұсыныстар қамтылған.Кәсіпкердің аты-жөнін көрсетудің қажеті жоқ. Ол ұсынған мәліметтерді өз кәсібінің көрсеткіштері мен ашық дереккөздер негізінде дайындаған. Хатты аздаған қысқартулармен, мазмұнын өзгертпей жариялап отырмыз.
«2026 жылдың тамыз айынан бастап өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда базарлардағы сауда көлемі 40–70 пайызға, мемлекеттік сатып алулар бойынша 40 пайызға төмендеді. Ал табыстылық деңгейі 20–37 пайыздан 5–7 пайызға дейін құлдырады. Тамызға дейін сауда көлемі клиенттердің бұрыннан жинақталған тауар қоры мен 2025 жылы жасалған келісімшарттар есебінен сақталып келді.
Бұған бірнеше негізгі себеп бар: 2026 жылғы Салық кодексіне енгізілген өзгерістер салдарынан базарлардағы шағын сатып алушылардың нарықтан ығысуы, сауда саласының айналым қаражатын жеңілдікпен несиелендірудің тоқтатылуы, сондай-ақ құжатсыз сатылатын контрабандалық және ресейлік өнімдермен баға жағынан бәсекелесудің қиындауы.
Салық салу тәртібі: жалпыға бірдей белгіленген режим.
Өнім өткізу арналары: базарлардағы сауда орындары, дүкендер, құрылыс ұйымдары және мемлекеттік сатып алулар. Нарықта өндірістік база жеткілікті. Мәселе өндірістік қуаттың жетіспеуінде емес, өнімді өткізу мен баға бәсекесінде болып отыр.Әрлеу материалдарының басқа да түрлерін, атап айтқанда, құрал-саймандар, еден жабындары, есіктер, сәндік бұйымдар мен электр жабдықтарын сататын әріптестеріміз де сауда көлемінің 40–70 пайызға төмендегенін айтып отыр. Бұл мәселенің бір ғана кәсіпорынға емес, тұтас салаға тән екенін көрсетеді.
2026 жылы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге қою шегі 20 мың АЕК-тен 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілді. Сонымен қатар, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден тауарлар мен қызметтер сатып алуға жұмсалған шығындарды корпоративтік табыс салығын (КТС) есептеу кезінде шегерімге жатқызуға тыйым салынды.
Шығындарды шегерімге жатқызуға қойылған тыйым өнім өткізу тізбегіне кері әсерін тигізді. Жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолданатын сатып алушылар оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін базар саудагерлерінен тауар алуды тоқтатты. Соның салдарынан мұндай сатушылардың тұтынушылар қатары сиреп, 2026 жылы компанияның базарларда сауда жасайтын 150 клиенті кәсібін жапты.
ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі халықтың сатып алу қабілеті төмендеген тұста заңды түрде сатылатын өнімдердің қымбаттауына әкелді. Нәтижесінде салық төленбей, құжатсыз сатылатын тауарлар мен заңды өнімдердің арасындағы баға айырмашылығы ұлғайды.
2025 жылы кәсіпкер «Даму» қоры субсидиялаған айналым қаражатына арналған несиені жылдық шамамен 12,3 пайызбен алған. Ол кезде мемлекет пайыздық мөлшерлеменің 40 пайызын өтейтін. 2026 жылы бірыңғай 12,6 пайыздық мөлшерлемемен «Өрлеу» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Алайда осы бағдарлама аясында сауда саласының айналым қаражатын толықтыруға несие беру тоқтатылды. Енді компания нарықтық мөлшерлемемен, яғни жылдық 21 пайызбен несие алуға мәжбүр. Бұл бұрынғыдан 1,7 есе қымбат.
Клиенттеріне тауар ақысын кейін төлеуге мүмкіндік беретін дистрибьютор үшін айналым қаражатын 21 пайызбен қаржыландыру табыстылықтың қалған 5–7 пайызын да жоққа шығарады.Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2026 жылы 27 қазаннан бастап Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі 15,75 пайызды, ал Ресей Орталық банкінің негізгі мөлшерлемесі 14 пайызды құрайды. Ресейлік өндірушілер қаржыны төмен пайызбен тартып, соның есебінен өнімдерін арзанырақ ұсына алады.
Заңсыз сауда және импорттық өнімдермен бәсеке
Қытай: өнімдер мен шикізаттың едәуір бөлігі елге контрабандалық жолмен әкелініп, дайын тауарлар құжатсыз сатылады. Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлық өндірушілер де өнімдерінің бір бөлігін жаппай құжатсыз өткізіп отыр. Соның нәтижесінде олардың бағасы заң талаптарын сақтайтын өндірушілердің өнімінен бастапқы кезеңнің өзінде 16 пайызға арзан. Бәсекеге төтеп беру үшін кейбір отандық өндірушілер де осындай әрекетке баруға мәжбүр. Алайда бұл барлық өндірушіге қатысты емес.
Ресей: рубль бағамының төмендеуі мен негізгі пайыздық мөлшерлеменің салыстырмалы түрде төмен болуы ресейлік әрлеу материалдарының қазақстандық өнімдерден арзан сатылуына мүмкіндік беріп отыр.Қырғызстан: тауарлардың көп бөлігі контрабандалық жолмен жеткізіліп, негізінен сатып алушылар құжат талап етпейтін облыстарда сатылады.
Сұраныс. 2026 жылдың тамыз–қазан айларында базарлардағы көтерме сатып алушыларға сатылатын өнім көлемі 40–70 пайызға қысқарды. Халықтың сатып алу қабілеті төмендеп барады. 2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3 пайызды, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 11 пайызды құрады. Несие қымбаттап, баға өскендіктен, тұрғындар жөндеу жұмыстарын кейінге қалдырып, ең арзан тауарларды таңдауға көшті.
Бәсекелестік және баға қалыптастыру
Заң талаптарын сақтайтын қазақстандық өндірушілердің өнімдері сапасы жағынан импорттық тауарлардан кем түспейді, алайда баға жағынан бәсекеге төтеп бере алмай отыр.
| Әсер етуші фактор | Бағаға әсері |
| 2025–2026 жылдары тауарларды сатып алу бағасының өсуі | 2025 жылы – 20%, 2026 жылы – 10% (жиынтық өсім – 32%) |
| ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі | 12%-дан 16%-ға дейін |
| Айналым қаражатын қаржыландыру құны | Жылдық 12,3%-дан 21%-ға дейін |
| Қытайдың (контрабандалық) және Ресейдің өнімдерінің бағасы | Компания өнімдерінің бағасынан шамамен 20% төмен |
Компания шығындардың өсуін тауар бағасына қоса алмай отыр. Өйткені бағаның сәл көтерілуінің өзі заңсыз сатылатын тауарлармен арадағы баға айырмашылығын ұлғайтады. Сондықтан қосымша шығындар пайда есебінен жабылып, табыстылық деңгейі бұрынғы 20–37 пайыздан 5–7 пайызға дейін төмендеді.
Компанияның негізгі бәсекелестері – заң талаптарын сақтайтын өзге кәсіпорындар емес, тауарларын құжатсыз сататын өндірушілер мен контрабандалық жолмен әкелінетін импорттық өнімдер. Шығындарды шегерімге жатқызуға тыйым салу және ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі көлеңкелі нарықта жұмыс істейтіндердің баға жағынан басымдығын күшейтті».
Енді Eurasia24 редакциясы осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірмек.Мәселенің мәні ҚҚС мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға көтерумен ғана шектелмейтіні түсінікті. Тіпті бұл тек салық саясатына қатысты мәселе де емес.Мәселе мынада: Қазақстанның әрлеу материалдары нарығы ғана емес, тұтастай құрылыс саласы, сондай-ақ елімізде өндірілетін көптеген тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығы да осындай жағдайда қалып отыр. Қазақстан нарығы көрші елдермен салыстырғанда құны жоғары әрі бағамы құбылмалы ұлттық валютасымен, өзіне тән салық, тариф және еңбек заңнамасымен ерекшеленеді. Бұған санитариялық және техникалық талаптардан туындайтын кедергілерді қосыңыз. Ал Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік шекаралар жоқ. Осындай жағдайда ішкі нарықтың ауқымы шектеулі болғандықтан, оның бәсекеге төтеп беруі қиын. Соның салдарынан кәсіпорындар қызмет көлемін қысқартуға немесе көлеңкелі экономикаға кетуге мәжбүр болады.
Басылымымыздың атауының өзінде Еуразия ұғымы тұрғандықтан, бұл мәселені біз көтермегенде кім көтермек? Ортақ экономикалық кеңістігімізде өндірістік ықпалдастықты тереңдететін уақыт жеткен жоқ па? Өйткені ортақ нарықты қорғау да, дамыту да әлдеқайда жеңіл болар еді.Ал «қасиетті жазбаға» баланып отырған Салық кодексіндегі ҚҚС-тың өзгермейтін қағида іспетті қабылдануына келсек, мұнда да ойланатын мәселе бар. Қосылған құн салығы өзінің табиғаты бойынша өндіріс пен тауар өткізу тізбегінің барлық кезеңін қамтуға тиіс. Алайда белгілі себептермен оны белгілі бір төменгі шектен бастап қолдануға тура келеді де, салық салудың тұтас тізбегі үзіледі. Ендеше, бізде ойдағыдай жұмыс істемей отырған осы салық тетігін барлық сауда кезеңдерін қамтитын, есептеу тәртібі түсінікті сатудан алынатын салықпен алмастыратын уақыт жеткен жоқ па?




