Ұлан-Батыр. 9 қараша. ИНТЕРФАКС – Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух үкіметке мұнай өнімдерінің бөлшек саудасында монополияға қарсы заңнаманың сақталуын қатаң қадағалап, заң бұзушылықтарға шұғыл шара қолдануды тапсырды. Бұл туралы президент әкімшілігінің сайтында хабарланды.
«Мұнай өнімдері, отын мен мұнай жекелеген топтардың саяси және экономикалық мүддесіне қызмет етпеуге тиіс. Мемлекет кәсіпкерлік еркіндігін қорғайды. Алайда жеткізілім көлемін реттеу арқылы нарықты бақылауға алу, баға мен қоғамға ықпал ету әрекеттеріне жол берілмейді», – деді Хурэлсух.
Елдің Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрлігінің сайтында вице-министр Батбаяр Мунхтамирдің мәліметіне сүйеніп хабарланғандай, соңғы уақытта тұрғындардан әртүрлі жанармай бекеттеріндегі АИ-92 бензині бағасының елеулі айырмашылығына қатысты өтініштер мен шағымдар көбейген.
«Ол Ресейден және Қытайдан әкелінетін АИ-92 бензинінің сатып алу бағасы, тасымал және өзге де шығындары әртүрлі екенін түсіндірді. Мұнай өнімдерін импорттаушы компаниялардың өкілдері де баға жөнінде ақпарат ұсынды. Демек, бір стандартқа сай бензин жеткізуші елге қарай әртүрлі бағамен сатып алынады. Бұл компаниялардың сату бағасына әсер етеді», – делінген хабарламада. Ресей – Моңғолияға мұнай өнімдерін жеткізетін негізгі ел.
Моңғолияның монополияға қарсы агенттігі баға айырмашылығының импорт шығындарына қаншалықты байланысты екенін және бағаның заң талаптарына сай белгіленуін тексеруді күшейтеді.
Бұған дейін хабарланғандай, қазан айының басында Моңғолияда жанармайға сұраныс күрт өскен. Соның салдарынан жанармай бекеттерінде көліктер сағаттап кезекте тұрып, кезектегі орынды «талон» арқылы сату жағдайлары пайда болған. Дағдарыс тереңдеген тұста тапшылықты еңсеру үшін бөлшек сауданы реттеуді күшейту және мұнай өнімдерінің импортын ұлғайту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Моңғолияның орталық банкі жанармай дағдарысы 2027 жылға дейін жалғасуы мүмкін деп болжайды. Реттеушінің болжамды сценарийі бойынша, жыл соңына қарай Ресейден жеткізілетін АИ-92 бензинінің көлемі шамамен 30%-ға шектелмек.
Жанармай тапшылығына жол бермеу үшін Моңғолия жеткізуші елдер қатарын кеңейтіп жатыр. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореямен айына кемінде 50 мың тонна отын жеткізу туралы келісім жасалды. Қытайдан алғаш рет 1 мың тонна авиаотын сатып алынды. Сонымен қатар ел Қазақстаннан, Қытайдан және Оңтүстік Кореядан Еуро-5 стандартына сай бензин сатып ала бастады. Билік Беларусьтен қосымша мұнай өнімдерін жеткізу, сондай-ақ Сингапур мен Малайзиядан импорттауды бастау мүмкіндігін де қарастырған.




