Астана. 16 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің биылғы 10 айдағы отын-энергетика кешенінің даму қорытындылары, жылыту маусымының барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы есебін тыңдады, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Ақкенженов Президентке мұнай өңдеу көлемі 4,7%-ға өсіп, жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 млн тоннаға жеткенін баяндады.Хабарламада отандық битум өндірісі 1,1 млн тоннаға жетіп, елдің ішкі сұранысын толық қамтамасыз еткені айтылған.
Сондай-ақ министр Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту және Атырау облысында жаңа мұнай-химия кешенін салу жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді.
Ақкенженов Қашаған мен Жаңаөзендегі жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысы туралы баяндап, Қарашығанақтағы және Қашаған жобасының екінші кезеңіндегі нысандар бойынша EPC келісімшарттары жасалғанын хабарлады.Оның айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру мақсатында электрондық аукциондарға рекордтық 112 жер қойнауы учаскесі шығарылған.
Газ саласында жыл соңына дейін халықты газдандыру деңгейі 64,5%-ға жетіп, 13,2 млн азамат табиғи газбен қамтылады.Энергетика министрлігінің мәліметінше, электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы 384 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Негізгі жабдықтар мен желілер жөнделіп, жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеді. Тәуекелі жоғары «қызыл аймақтағы» станциялар саны беске дейін қысқарды.
Биылғы 10 айда электр энергиясын өндіру көлемі 2,3%-ға өсіп, 102,4 млрд кВт·сағ-қа жетті.Сонымен қатар министр энергияны көп тұтынатын деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект технологияларының қажеттілігін ескере отырып, ведомство елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін жаңартуға кіріскенін хабарлады.
Президентке отын-энергетика кешені нысандарында цифрлық егіздерді енгізу және 1,2 млн тұтынушыға көмір жеткізілімін бақылауға арналған бірыңғай платформаны іске қосу туралы да ақпарат берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Тоқаев халықты электр және жылу энергиясымен сенімді қамтамасыз ету, жанар-жағармай мен көмір нарығындағы тұрақтылықты қатаң бақылау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
16 қарашадағы ресми бағам – 1 доллар үшін 444,3 теңге.




