Мәскеу. 19 қараша. ИНТЕРФАКС – Бейсенбі күнгі сауда барысында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы қор индекстерінің басым бөлігі төмендеп жатыр. Тек Жапонияның қор нарығында оң динамика байқалады.
Мәскеу уақытымен сағат 8:26-да жапондық Nikkei 225 индексі 0,5%-ға өсті.
Жапония банкінің басшысы Кадзуо Уэда бейсенбі күні парламент комитетінің отырысында Орталық банк ел экономикасының жағдайына, баға динамикасына және қаржы жүйесінің ахуалына қарай пайыздық мөлшерлемелерді көтеруді және ақша-кредит саясатын ынталандыру шараларын түзетуді жалғастыратынын мәлімдеді. Оның ескертуінше, базалық инфляция белгіленген 2% межеден асып кетуі мүмкін. Бұған компаниялардың еңбекке ақы төлеу шығындарының артуын тұтынушылар есебінен өтеуі, сондай-ақ мұнай бағасының қымбаттауы мен иена бағамының әлсіреуі ықпал етеді.
Инвестициялық және технологиялық қызметпен айналысатын SoftBank Group компаниясының акциялары 4%-ға, компьютерлік қауіпсіздік саласындағы Trend Micro бағалы қағаздары 6,4%-ға, ойын консольдері мен бейнеойындар өндірушісі Nintendo акциялары 3,7%-ға қымбаттады. Ал J. Front Retailing Co. және Fast Retailing сауда желілерінің иелеріне тиесілі акциялар тиісінше 3,5% және 0,5%-ға өсті.
Ал алтын бағасының 14 айдағы, мыстың жеті айдағы ең төменгі деңгейге түсуіне байланысты түсті және бағалы металдар өндірушілерінің акциялары айтарлықтай арзандады. JX Advanced Metals компаниясының бағалы қағаздары 7,1%-ға, Mitsui Kinzoku акциялары 6,8%-ға, Sumitomo Metal Mining Co. және Mitsubishi Materials акциялары 5,7%-ға төмендеді.
Мәскеу уақытымен сағат 8:27-де Қытайдың Shanghai Composite индексі 0,3%-ға, Гонконгтың Hang Seng индексі 1,9%-ға төмендеді.
Hang Seng индексі құрамындағы компаниялар арасында ең көп арзандағаны Lenovo компьютер өндірушісінің акциялары болды. Олардың құны 10,4%-ға құлдырады.
Сондай-ақ ірі интернет-компаниялардың бағалы қағаздары айтарлықтай арзандады. Атап айтқанда, Tencent (SPB: 700) акциялары 5,9%-ға, Alibaba (SPB: BABA) және Baidu Inc. (SPB: BIDU) акциялары 5,3%-ға төмендеді. Түсті және бағалы металдар өндірушілері CMOOC, Laopu Gold және Zijin Mining Group компанияларының акциялары тиісінше 4%, 3,9% және 3,3%-ға арзандады.
Сонымен қатар микрочип өндірушілері Hua Hong Grace Semiconductor және Semiconductor Manufacturing International Corp. компанияларының акциялары тиісінше 12,3% және 6,5%-ға қымбаттады. CSPC Pharmaceutical Group фармацевтикалық компаниясының бағалы қағаздары 4,5%-ға, интернет арқылы бөлшек саудамен айналысатын JD.com Inc. (SPB: JD) акциялары 1,3%-ға өсті.
Мәскеу уақытымен сағат 8:21-де Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,4%-ға төмендеді.
Әлемдегі ең ірі микрочип және смартфон өндірушілерінің бірі Samsung Electronics компаниясының акциялары 1%-ға, болат өндіруші Posco бағалы қағаздары 0,8%-ға, аккумулятор өндіруші LG Energy Solution акциялары 1,3%-ға, түсті металдар өндіруші Korea Zinc акциялары 0,5%-ға, Hyundai Motor автоконцернінің акциялары 0,9%-ға арзандады.
Ал микрочип өндіруші SK Hynix компаниясының акциялары 0,7%-ға, Korean Air Lines әуе тасымалдаушысының бағалы қағаздары 3,7%-ға қымбаттады.
Австралияның S&P/ASX 200 индексі бір күнде 1%-ға төмендеді. Осылайша, индекс қатарынан алтыншы сауда сессиясын құлдыраумен аяқтады.
Уран өндіруші Paladin Energy, Deep Yellow және Boss Energy компанияларының акциялары тиісінше 7,6%, 5,6% және 4,6%-ға арзандады.
Әлемдегі ең ірі тау-кен өндіруші компаниялар BHP және Rio Tinto-ның нарықтық капиталдануы тиісінше 3,9% және 3,7%-ға қысқарды.
Австралия статистика басқармасының мәліметінше, қазан айында елдегі жұмыссыздық деңгейі алдыңғы айдағы 4,7%-дан 4,9%-ға дейін көтерілді. Бұл – 2021 жылғы қазаннан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Елдегі жұмыссыздар саны 17,8 мың адамға артып, 753,6 мыңға жетті. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 43,5 мың адамға азайып, 14,74 млн адамды құрады.




