Лондон. 19 қараша. ИНТЕРФАКС – 2035 жылға қарай әлемдегі мұсылмандар саны христиандардан асып түседі. Бұл туралы бейсенбі күні Sky News телеарнасы Pew Research Center зерттеу орталығының мәліметтеріне сүйеніп хабарлады.
«Біздің болжамымыз бойынша, 2035 жылы әлемдегі мұсылмандар саны 2,57 млрд адамға, ал христиандар саны 2,52 млрд адамға жетеді», – делінген Pew Research Center баяндамасында.
Зерттеуде мұның басты себебі мұсылман отбасыларында өзге діни топтардың бірқатарына қарағанда бала санының көбірек болуымен түсіндіріледі. Баяндамаға сәйкес, 2020–2025 жылдары мұсылман әйелдерге шаққандағы туудың жиынтық коэффициенті 3,1 баланы құраса, христиандар арасында бұл көрсеткіш 2,5 бала болған.
Зерттеу орталығының болжамынша, 2020–2070 жылдар аралығында Жер шары халқының саны 29%-ға өседі. Қазіргі үрдіс сақталса, 2070 жылға қарай әлемде 3,6 млрд-тан астам мұсылман және 3 млрд-қа жуық христиан болады.
Сонымен қатар өзін ешбір дінге жатқызбайтын адамдардың үлесі 2020 жылғы 24%-дан 2070 жылы 17%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр.
Баяндама деректеріне сәйкес, әлем халқы санының негізгі өсімі Африка құрлығында болады. 2070 жылы әлемдегі христиандардың жартысынан астамы Африканың тропиктік аймақтарындағы елдерде тұрады деп күтілуде.




