Астана. 19 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Трансұлттық компания «Қазхром» АҚ Дон тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасына барды. Өткен жылдың ақпан айында бұл шахтада өрт шығып, төрт жұмысшы зардап шеккен болатын. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Шахтаға барған Премьер-министр өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету шараларымен танысты. Атап айтқанда, өндірістік тәуекелдердің алдын алуға арналған заманауи технологиялар мен цифрлық бақылау жүйелерінің енгізілуін тексерді.
«Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Ержан Әбділабеков шахтада қызметкерлер мен жабдықтардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін интеллектуалды жерасты позициялау жүйесі қолданылып жатқанын баяндады. Оның айтуынша, технологиялық шешімдер әзірлеуге Қазақстан мен шетелдің бейінді ғылыми ұйымдары тартылған. Сондай-ақ шахтадағы газды шығару жобасы әзірленген.
Бұған дейін анықталған заң бұзушылықтар мен апаттарды ескере отырып, Бектенов өндіріс нысандарында белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді, жабдықтардың тиісті техникалық күйде болуын қамтамасыз етуді және жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Кәсіпорын басшыларының қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді барынша азайтуға жеке жауапты екені атап өтілді.
Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылғы 28 ақпанда Дон тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында өрт шығып, төрт адам күйік жарақатын алған. Оқиға кезінде шахтада 228 жұмысшы болған. Олардың барлығы жер бетіне шығарылды.
Сонымен қатар 2026 жылғы қазанда Дон тау-кен байыту комбинатының өндіріс нысандарында екі жұмысшы қаза тапты. Бірі – тау жыныстары опырылған кезде мерт болған үңгілеуші, екіншісі – вагондарды тіркеу кезінде қаза тапқан тау-кен жұмысшысы.
«Болашақ» шахтасы 2024 жылы пайдалануға берілген. Оның жобалық қуаты жылына 7,5 млн тонна хром кенін өндіруге есептелген. Шахтада Миллионное және Алмаз-Жемчужина кен орындары игеріледі. Бұл – әлемдегі ең терең шахталардың бірі. Сондай-ақ мұнда Қазақстандағы қара металл кендерін өндіруге арналған ең терең шахта оқпаны орналасқан. Оның тереңдігі бір шақырымнан асады.
«Қазхром» ТҰК» АҚ құрамына төрт құрылымдық бөлімше кіреді: Ақтөбе облысының Хромтау қаласындағы Дон тау-кен байыту комбинаты, Қарағанды облысындағы «Қазмарганец» кен басқармасы, Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорытпа зауыты және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. Компания ERG тобының құрамына кіреді.
ERG – табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласында жұмыс істейтін әртараптандырылған компаниялар тобы. Оның қызметі Азия, Еуропа, Африка және Америка құрлықтарын қамтиды. Бас кеңсесі Люксембургте орналасқан.
ERG акцияларының 40%-ы Қазақстан Үкіметіне тиесілі. Шахмұрат Мұталип Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы арқылы 39,3% үлеске иелік етеді. Ол бұл үлесті 2026 жылғы мамырда Патох Шодиевтен (18,6%) және Александр Машкевичтің мұрагерлерінен (20,7%) сатып алған. Қалған акциялар пакеті компанияның марқұм негізін қалаушылардың бірі Әлижан Ибрагимовтың үлесі ретінде Ибрагимовтар отбасына тиесілі. Бұл акцияларды оның ұлы Шухрат Ибрагимов басқарады.
2026 жылғы 17 қарашада Eurasian Resources Group (ERG) акционерлері топты екі тәуелсіз компанияға бөлу туралы шешім қабылдағанын жариялады. ERG Kazakhstan компаниясы топтың Қазақстандағы кәсіпорындарын басқарады. Ал шетелдік активтерді біріктіретін ERG International компаниясына ERG бас директоры әрі басқарушылар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов жетекшілік етеді.




