Гонконг. 19 қараша. ИНТЕРФАКС – Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты бұрынғы Премьер-министр Хан Док Суды 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешімді қайта қарау үшін апелляциялық сотқа жолдады, деп хабарлады бейсенбі күні «Рёнхап» агенттігі.
«Жоғарғы сот бейсенбі күні бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің елде әскери жағдай енгізу әрекетіне қатысы бар деп танылған экс-премьер Хан Док Суға тағайындалған 15 жылдық түрме жазасының күшін жойып, істі қайта қарау үшін апелляциялық сотқа жіберді», – делінген хабарламада.
Жоғарғы сот бұрынғы Премьер-министрдің әскери жағдай енгізуге қатысы бар деп таныған төменгі сатыдағы сот шешімінен бірқатар сәйкессіздікті анықтады. Атап айтқанда, Хан Док Су әскери жағдай жарияланғанға дейін президент жарлығына заңды сипат беру мақсатында министрлер кабинетінің отырысын өткізуді ұсынды деп айыпталған.
Алайда Жоғарғы сот Хан Док Судың әскери жағдай жарияланғанға дейінгі әрекеттері конституциялық құрылысты бұзуға бағытталғанын нақты анықтау мүмкін емес деген қорытындыға келді.
Жоғарғы соттың шешіміне қарамастан, Хан Док Су қамауда қала береді. Өйткені оған қатысты бұған дейін шығарылған айыптау үкімдерінің бір бөлігі күшінде қалды.
Хан Док Су 2026 жылғы 21 қаңтардан бері Сеулдің оңтүстігінде орналасқан Ыйван қаласындағы тергеу изоляторында отыр. Бірінші сатыдағы сот оны 23 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарғаннан кейін қамауға алған болатын.
Мамыр айында сот оған тағылған кейбір айыптарды, соның ішінде әскери жағдайдың енгізілуіне жол бермеу жөніндегі міндеттерін орындамады деген айыпты алып тастап, жаза мерзімін 15 жылға дейін қысқартты.
2024 жылғы желтоқсанда Юн Сок Ёль Оңтүстік Кореяда әскери жағдай жариялаған болатын. Бұл шешім ел тұрғындарының наразылығын тудырып, парламент көп ұзамай оны жоюға дауыс берді. Нәтижесінде президент өз жарлығының күшін жоюға келісті. Осыдан кейін Оңтүстік Корея парламенті президентке импичмент жариялауды қолдады. 2026 жылғы ақпанда Оңтүстік Корея соты Юн Сок Ёльді елде әскери жағдай енгізу ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Оның ісі 2027 жылғы қаңтарда апелляциялық сотта қаралады.




