Астана. 19 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан 2029 жылға қарай елімізде білім алатын шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«2029 жылға қарай Қазақстанға 100 мың шетелдік студентті оқуға тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізуде Study in Kazakhstan («Қазақстанда білім ал») ұлттық бастамасы маңызды рөл атқарады деп сенемін», – деді Тоқаев бейсенбі күні Астанада өткен III Стратегиялық серіктестер форумында.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметі Президент сөзінің негізгі үзінділерін жариялады.
Президенттің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда 31 мың шетелдік студент білім алған. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Оның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен оқып жатыр.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жоғары білім беру саласындағы халықаралық стратегиялық әріптестік туралы 40 келісім жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Сондай-ақ әлемнің 11 еліндегі жетекші жоғары оқу орындары Қазақстанда өз филиалдарын ашқан.




