Евразия24Басты бетҚазақ ерлерінің ізі Беларусь орманында жатыр

Қазақ ерлерінің ізі Беларусь орманында жатыр

|

|

Ұлы Отан соғысы жылдары Беларусь жерінде үш миллионға жуық бейбіт тұрғын мен кеңес жауынгері қаза тапқан. Содан бері сегіз он жылдық өтсе де, қан майданда мерт болған талай боздақтың сүйегі аты-жөні белгісіз бауырластар зиратында жатыр. Осыған орай, Беларусь елінде соғыста қаза тапқан жауынгерлерді іздеп табу және есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатындағы жұмыстар үлкен еріктілік қозғалысқа айналған.

Жуырда Беларусь пен Қазақстанның бірлескен іздестіру тобының қатысуымен өткен кезекті экспедиция барысында 30 кеңес жауынгері мен офицерінің сүйегі табылды. Ізгі іске атсалысқандар қатарында «Вечерний Минск» газетінің бас редакторы Юлия Денищик те болды.

Беларусь Республикасының астанасындағы ең ірі баспасөз басылымы – «Вечерний Минск» газеті Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Беларусь жеріндегі әскери жерлеу орындары мен геноцид құрбандары табылған орындарды іздестіру жұмыстары, сондай-ақ тарихи шындықты сақтаудағы мемлекеттің рөлі туралы деректі фильм әзірлеу үстінде.

Юлия Денищиктің айтуынша, газеттің тарих және мәдениет бөлімінің жетекшісі Дмитрий Исайчукпен және түсірілім тобымен бірге олар бірнеше мәрте далалық іздестіру жұмыстары жүріп жатқан аймақтарға шыққан. Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің сүйектері табылып, кейіннен олардың есімдері қалпына келтірілген сәттердің куәсі болған.

«Біз Беларусь Республикасының Қарулы Күштері жанындағы Отан қорғаушыларын және соғыс құрбандарын мәңгі есте қалдыру басқармасының, 52-ші жеке іздестіру батальонының, Беларусь Республикасының Бас прокуратурасының, сондай-ақ Беларусь, Қазақстан және Ресей елдерінің қоғамдық іздестіру бірлестіктерінің өкілдерімен тілдестік. Фильмде Беларусь Республикасында қаза тапқан адамдарды — кеңес жауынгерлерін де, нацистер мен олардың сыбайластары тарапынан оккупация жылдарында қырылған бейбіт тұрғындарды да — қалай іздейтінін қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуге тырысамыз», – деді Юлия Денищик Eurasia24 порталына берген сұхбатында.

Беларусь Республикасы Қарулы Күштерінің Отан қорғаушыларын және соғыс құрбандарын мәңгі есте қалдыру басқармасының бастығы, полковник Сергей Корневтің айтуынша, елде іздестіру жұмыстарына қатысушы барлық тараптардың өзара іс-қимылы нақты жолға қойылған. Соғыс қимылдары болған жерлерде қоғамдық бірлестіктердің тарапынан жүргізілетін қазба жұмыстары жергілікті биліктің рұқсатынсыз және 52-ші жеке іздестіру батальонының өкілдерінсіз жүзеге аспайды. Ал геноцид құрбандары жерленген немесе болжанып отырған орындарда жұмыстар тек Беларусь Республикасының Бас прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен ғана жүргізіледі.

 

Дала естелігі

2025 жылғы 11 шілде. Могилёв облысы, Быхов ауданы, Обидович ауылдық округіне қарасты Веть ауылынан бірнеше шақырым жерде орман іші. Ауа ашық, табиғат тыныш. Жақын маңда, шамамен бір шақырым жерде, М8 автожолы өтеді. Тыныштықты тек осы жолмен өткен көліктердің дауысы бұзады. Ал жолдың арғы жағында ұлы Днепр өзені ағып жатыр. 1941 жылдың шілдесінде бұл өңір от пен оққа оранған еді. Сол уақытта неміс әскерлері Быхов маңында өзеннен өтіп, шайқастар Днепрдің сол жағалауында өрбіді. Бүгінде бұл маңда іздестіру жұмыстары қарқын алып отыр.

Іздестіру сәті. Фото авторы – Юлия Денищик.

Бұл жерде жаумен 102-ші Полтава атқыштар дивизиясының жауынгерлері алғаш шайқасқа түскен, – деп 2021 жылы «Рухани жаңғыру үшін» сыйлығының иегері атанған «Виккру» Могилёв облыстық тарихи-патриоттық іздестіру клубының жетекшісі Сергей Борисёнок  «Вечерний Минск» газетінің бас редакторы Юлия Денищикке түсіндірді.

Сергей Борисёнок. Фото авторы – Юлия Денищик.

 – Жауынгерлер Днепр бойында қорғаныс шебін ұстанды. Алайда жау басым түсіп, олар шептен шегінуге мәжбүр болды. Бір жарым шақырымдай кейін шегініп, қайта соғысты. Сол шайқастың ізі арада 84 жыл өтсе де, әлі анық байқалады.

Дивизия сарбаздары орман шетіне қарай шегінген. Осы арада олар бекініп үлгермек болып, дәл «Они сражались за Родину» фильмінің басындағы көріністей,  үлкенірек қорған салуға уақыт жетпегендіктер, әрқайсысы өзіне жеке окоп қаза бастаған. Сол сәтте қарсы жақ шабуылға көшті.

 

Бабалар үні

Іздестірушілер қарағай түбінен кеңес жауынгерінің сүйегін тапты. Әрбір сүйек бөлігі аса ұқыптылықпен топырақтан шығарылып, арнайы эксгумациялық жаймаға орналастырылды. Қаза тапқан жауынгердің заттары – түймелері, белдік ілгегі, қасығы да табылды. Өкінішке қарай, бұл иесінің есімін анықтауға көмектескен жоқ. Медальон да табылмады. Бұл белгісіз қаһарманның офицер болғаны ғана белгілі.

Офицердің сүйегі табылды. Фото авторы – Юлия Денищик.

Веть ауылы маңындағы дала жұмыстары 2025 жылғы халықаралық «Вахта естелігі» экспедициясының соңғы нүктесі. Қазақстанда іздестіру ұйымдары Беларусь пен Ресейдегідей көп емес. Дегенмен, Павлодар облысындағы «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағының командирі Александр Шитовтың айтуынша, мұндай ұйымдар Қазақстанның әрбір облысында бар.

«Біз көптеген халықаралық іздеу ұйымдарымен тығыз байланыстамыз. Жұмысымыз – жан қалауы, жүрек қалауымен атқарылатын іс. Барлығын қоғамдық негізде атқарып жүрміз. Өзім, мысалы, Еуразиялық Топқа (ERG) қарасты «Қазақстан алюминийі» зауытында жұмыс істеймін. Бұрындары іздестіру экспедицияларына демеушілер көмектесетін. Биылғы сапарымызда Беларусь еліне өз қаражатымызбен, еңбек демалысымызда бардық. Бұл елде атқарылар жұмыс көп. Белорусь жерінде қазақ жауынгерлері көп қаза тапқан. Олар соғыс кезінде түрлі әскери бөлімдерде қызмет етті. Алғаш рет 2022 жылы келгенімізде, бір ғана вахта кезінде 18 сарбаздың сүйегін көтердік», – дейді «Майдан жолы» іздеу жасағының жетекшісі Александр Шитов.

Александр Шитов. Фото авторы – Юлия Денищик.

Кеңес-герман майданы қазақ даласына жетпесе де, Ұлы Отан соғысының оқиғалары Қазақстанда ұмытылған жоқ. «Майдан жолы» тобының жетекшісі атап өткендей, соғыс басталғанға дейін Қызыл Армияда шамамен 200 мың қазақстандық қызмет еткен. Ал 1941 жылдың 22 маусымынан кейін әскер қатарына тағы 1,2 миллионға жуық адам шақырылды. Қазақстан аумағында 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50 дербес полк пен 14 жеке батальон құрылған.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Молдағалиевтің айтуынша, бұл ұйым 2019 жылдан бері соғыс жылдарында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындарын анықтаумен айналысып келеді. Сол уақыттан бері ұйымның ресми сайты арқылы 10 мыңнан астам өтініш түскен. Соғыс даласында көз жұмған 271 мыңнан астам қазақстандық сарбаздың тағдыры осы жобаның іздестіру нысанына айналған.

“Бүгінде 4 мыңнан астам жауынгердің қайда жерленгені және олардың кім екені анықталды. Табылған 19 жауынгердің сүйегі елге жеткізіліп, әскери рәсіммен жер қойнына тапсырылды. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, ТМД аумағымен қатар, Еуропа елдерінде жерленген қазақстандық жауынгерлер бойынша арнайы деректер базасын жасадық. Қазіргі таңда бұл тізімде шамамен 28 мың адам бар. Ендігі мақсатымыз – солардың туыстары мен ұрпақтарын ел ішінде тауып, қауыштыру. Бұл бағыттағы жұмыс белсенді жүріп жатыр”, – деді Мұрат Молдағалиев.

Александр Шитовтың айтуынша, түрлі деректерге сәйкес, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға Қазақстандағы әрбір төртінші ересек азамат аттанған.

Қазақстандық ерікті іздеушілердің ерен еңбегі жөнінде Александр Шитов былай дейді“Қазақ жауынгерлері соғыстың барлық майданында ерлікпен шайқасты. Мәскеу түбінде 316-атқыштар дивизиясы (Иван Панфиловтың қолбасшылығымен) есімін өшпестей етіп жазып қалдырды. Ленинградты қорғау барысында 310-шы және 314-ші атқыштар дивизиялары ерекше көзге түсті. Қазақ сарбаздары «Өмір жолы» атанған жол бойында және Синявин биіктерінде жанқиярлықпен шайқасты. Сталинградты қорғауға бес бірдей дивизия қатысты! Кейін кеңестік жерлер мен Еуропа елдерін азат ету шайқастары, сондай-ақ жапон милитаристеріне қарсы соғыс жалғасты.

Қазақстан Жеңіске жету жолында 600 мыңға жуық жауынгерінен айырылды. Оның тең жартысы – хабар-ошарсыз кеткендер. Іздеушілердің мақсаты – солардың тарихын қайта тірілтіп, халық жадында жаңғырту. Павлодардағы іздеу жасағымыз 15 жыл ішінде 321 жауынгердің сүйегін көтерді, – дейді.

Іздестіру сәті. Фото авторы – Юлия Денищик.

«Майдан жолы» іздеу жасағының алғашқы экспедициясы Ленинград облысындағы Синявин биіктерінен басталған еді. Бұл жерде соғыс жылдары Павлодарда жасақталған 314-атқыштар дивизиясы екі жыл бойы қанды шайқас жүргізді. 2010 жылы осы өңірде «Майдан жолы» жасағы Ленинградты қорғау кезінде қаза тапқан төрт мың павлодарлық жауынгерге арнап ескерткіш орнатты. Александр Шитовтың айтуынша, алғашқы жылдары іздеу жұмыстары дәл павлодарлық сарбаздар соғысқан майдан далаларында жүргізілген. Кейін іздестіру жұмыстарының географиясы кеңейе түсті.

“Біз Ресей Федерациясының аумағында көп жұмыс істедік”, – дейді Александр Шитов. “Ресейлік іздеушілермен бірлесіп жұмыс істеудің жолын жақсы меңгердік. Ал Беларусь еліне барып, сол жақта жұмыс істеу үшін кіммен байланысу керек екенін біраз уақытқа дейін білмей жүрдік. Бір конференция барысында Могилев қаласындағы ВИККРУ ұйымының іздеушілерімен таныстық. Осы таныстық жылдан-жылға терең әріптестікке ұласты. Қазір біз тек далалық экспедицияларға бірге қатысып қана қоймай, бір-бірімізбен жиі ақпарат алмасамыз. Себебі біз көтерген жауынгерлердің көпшілігі – қазақстандықтар. Олардың туыстарын табу – маңызды міндет. Қазақстанда отбасы мен тектік байланыстар өте маңызды. Сондықтан біз беларусьтік әріптестерге де «кері іздеуде» көмектесеміз – яғни жауынгердің аты-жөні белгілі болған соң оның отбасын табуға жәрдемдесеміз. Қажет болған жағдайда, туыстарына хабарлап, сүйекті туған жеріне жеткізіп, елге жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қол ұшын береміз”, – дейді Александр Шитов.

ҰОС-тың жаңғырығы. Фото авторы – Юлия Денищик.

Биыл қонақтар Беларусь жерінде бар болғаны бір апта уақытқа созылған шағын экспедицияға қатыса алды. Алайда қазақстандық іздестірушілердің айтуынша, олар мұнда көбірек болғысы келген. Тек іздестіру жұмыстарын ғана емес, Беларусь халқының мәдениетін де тереңірек танығысы келген.

– Бұл – Беларусьте өткізіліп отырған екінші іздестіру маусымымыз. Былтыр Дубровно ауданында болдық, – дейді Қазақстаннан келген «Ерлік – Даңқ» іздестіру-зерттеу жасағының командирі, тарих пәнінің мұғалімі әрі мектеп директоры Арман Мұқанов. – Ол кезде жергілікті билік үлкен қолдау көрсетті. Понизовье ауылы маңындағы шатырлы лагерьді сумен және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін аудан әкімшілігінің басшысы тікелей өзі бақылап отырды. Биыл бізді Быхов ауданы аумағындағы спорт мектебіне орналастырды. Мұнда жұмыс істеуге де, демалуға да барлық жағдай жасалған. Беларусьтегі әріптестеріміздің қолдауы үнемі сезіліп тұрады. Бізді қарсы алып, қазба жұмыстары жүретін орындарға жеткізіп салып жүр. Биылғы жылы олар бізге арнайы құрал-жабдықтар да берді, соның арқасында Қазақстаннан тасымалдаудың қажеті болмады.

Арман Мұқанов. Фото авторы – Юлия Денищик.

Арман Мұқановтың айтуынша, ол архив жұмысымен 20 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Ол – Семей қаласына жақын орналасқан Новопокровка ауылының электронды «Естелік кітабы» кітабының авторы. Ауылдың өзіне тән дерекқоры бар — мұнда барлық архивтік мәліметтер жинақталып, жүйеленген. Мұқанов жетекшілік ететін «Ерлік – Даңқ» іздестіру жасағы архивтік ізденістерге мектеп оқушыларын да тартуға тырысады.

“Өкінішке қарай, жас буын соғыс жылдарын ұмыта бастаған. Бірақ біз оларға бұл жұмыстың қалай жүргізілетінін көрсетсек, біртіндеп қызығушылық таныта бастайды”, – дейді ол.

Арман Мұқановтың айтуынша, қаза тапқандар туралы деректер мен құжаттарды интернеттен іздеу оңай шаруа емес. “Жастар өзін интернетті жақсы меңгергенбіз деп есептейді. Алайда іс жүзінде олардың көпшілігі тек әлеуметтік желілерді пайдаланумен шектеледі. Ақпарат іздеу дағдылары қалыптаспаған”, – дейді іздестіру тобының жетекшісі.

Быхов ауданындағы бір апта түрлі оқиғаларға толы болды. Беларусь пен Қазақстаннан келген «Вахта естелігі» қатысушылары 1941 және 1943 жылдары соғыста қаза тапқан 30 жауынгер мен офицердің сүйегін көтеруге қатысты. Әсіресе, 9 шілде ерекше есте қалды — сол күні бірден 10 жауынгердің сүйегі табылды. Мәйітінің жанынан алты жерлеу медальоны анықталды. Бұл – есімдерін қалпына келтіруге үлкен мүмкіндік бар деген сөз. Олардың арасында Қазақстаннан шыққан жауынгерлер де болуы ықтимал.

Естелік вахтасы. Сурет авторы – Юлия Денищик

Жақында ғана «Майдан жолы» іздестіру тобының бастамасымен Беларусьтегі Мозыр қаласындағы №8 мектепке Кеңес Одағының Батыры, қазақстандық Михаил Катаевтың есімі берілді. Бұған дейін, бір жыл бұрын, мектеп ауласында батырдың бюсті орнатылған болатын.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Поделиться:

Читать далее:
Related

Жаһандық проблемаларға еуразиялық жауап: ЕАЭО-ның әлеуеті қандай?

Іс-шара «Глобалды Оңтүстікте энергетикалық ауысуды жеделдету: орнықты экономикалық өсім мен стратегиялық әріптестікті дамыту» тақырыбымен өтті. Өз сөзінде Арзыбек Қожошев ЕАЭО елдерінің энергетикалық әлеуетін атапөтіп, Одақ  әлемдік газ қорының 20%, көмірдің 20%, мұнайдың 7%-на, сондай-ақ электр энергиясын өндірудің 5%-ына ие екенін жеткізді.

«Күтіп отыра алмаймыз»: Қазақстан ЖЭО құрылысын өзі бастады

«Қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан жеңілдетілген әрі кепілді қаржыландыру бойынша нақты ақпарат алған жоқпыз. Сондықтан Көкшетауда құрылыс жұмыстарын өз күшімізбен бастап кеттік. Бұл жобамен “Самұрық-Энерго” айналысып жатыр. Ал Семей мен Өскеменге қатысты да ресейлік тараптың жауабын күтіп отырмыз. Егер жақын арада жауап болмаса, бұл жобаларды да өзіміз жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырамыз. Біз күтіп отыра алмаймыз», — деді Олжас Бектенов.

Экономиканың шынайы ахуалы: Fitch-тің астарлы бағасы

Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі жариялаған есебінде АҚШ тарапынан енгізілген 25 пайыздық импорттық баж салығы Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етпейді деген тұжырым жасалған. Себебі, АҚШ-тың Қазақстанның жалпы сыртқы сауда құрылымындағы үлесі мардымсыз.

Алтын – мемлекет меншігі ме, әлде қылмыстық табыс көзі ме?

Қазақстанда заңсыз алтын өндірумен күрес мәселесі жөнінде соңғы ретнақты әрі жүйелі пікірталас бір жылдан астам уақыт бұрын көтерілген еді. 2024 жылдың наурыз айында сенатор Андрей Лукин Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында елімізде жылсайын шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндірілетінін, ал бұл әрекеттердің мемлекетке келтіретін шығыны 1,5 миллиард теңгеге жуық екенін атап өткен.