Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 сәуірден 1 тамызға дейінгі төрт айда халыққа берілген несиелердің көлемі 1,7 трлн теңгеге дейін өсіп, жалпы көлемі шамамен 25 трлн теңгеге жетті.
Бұл – заңды тұлғаларға берілген қарыздарды қоса есептегендегі 46,7 трлн теңгелік несие портфелінің едәуір бөлігі. Бір қарағанда, қазіргі заманда несиеге өмір сүру қалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ оның бір шарты бар – қарыз алушылардың төлем қабілеті сақталуы немесе жақсаруы қажет. Ал қазақстандық жеке тұлғалардың төлем қабілетінде қазір айтарлықтай қиындықтар бар.
Жуырда Halyk Finance бас талдаушысы Салтанат Игенбекова хабарлағандай, 2025 жылдың қаңтарынан тамызына дейін 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 3,1%-дан 3,5%-ға дейін өсті.
«Проблемалық несиелердің өсуі көбіне халықтың несие портфеліне байланысты. Қазіргі таңда барлық мерзімі өткен қарыздардың 69%-ы жеке тұлғалардың үлесіне тиесілі, ал ең үлкен тәуекел тұтынушылық несиелеуде шоғырланған. Бұл сегментте қайтарылмайтын қарыздың деңгейі 4%-ға жетеді, ал корпоративтік клиенттер арасында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен — шамамен 2,4%. Сонымен бірге, бизнеске берілген проблемалық несиелердің үлесі бірнеше жылдан бері шамамен 2,3–2,7% деңгейінде тұрақты сақталып тұр, бұл дамыған елдердегі көрсеткіштерге жақын», — деп жазылған жарияланымда.
Сарапшының айтуынша, халық арасында мерзімі өткен несиелердің үлесінің өсуіне екі негізгі фактор әсер етіп отыр – азаматтардың табыс деңгейінің төмендеуі және несие бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер. Алғашқы факторға қатысты, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуін Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) тіркеген.
Қазақстанда 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы төмендеді. Атаулы жалақы жылдық есеппен 9,8%-ға өскеніне қарамастан, инфляция бұл өсімді толықтай «жеп қойды». Соның салдарынан азаматтардың сатып алу қабілеті 1,4%-ға қысқарды, деп хабарлады zakon.kz Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйене отырып.
Салтанат Игенбекованың айтуынша, проблемалық несиелердің өсуіне әсер еткен екінші маңызды себеп – қарыздардың қымбаттауы. «Шілде айында жеке тұлғаларға берілетін қарыздардың орташа салмақталған мөлшерлемесі 20,2%-ға жетті. Бұл несие төлемдерін қымбаттатып, мерзімінен кешіктіріп төлеу қаупін күшейтті», – деп атап өтті сарапшы. Оның айтуынша, бұл мөлшерлеме түпкілікті емес, қарыз бойынша нақты артық төлемдер бұдан да жоғары.
Алдағы уақытта елдегі несие жағдайы одан әрі күрделене түсуі мүмкін. Жаңа салық пен банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптардың өсуі олардың табысын қысқартып, пайыздық мөлшерлемелерді көтеруге итермелеуі ықтимал.
«Ең төменгі резервтік талаптардың (ЕТРТ) қатаюына қатысты біз бұл шараның банк секторының табыстылығына ықпалы айтарлықтай болады деп санаймыз: өтімділіктің елеулі бөлігі “қатып қалатындықтан”, банктердің пайыздық кірісі жылына бірнеше жүз миллиард теңгеге азаюы мүмкін. Сонымен қатар ЕТРТ өсімі елдегі нарықтық пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне әкеліп, бизнес үшін несие құнын, сондай-ақ үкіметтің қазынашылық облигациялар арқылы қарыз алу шығындарын арттырады. Бұл өз кезегінде Қазақстан бюджетіне қосымша жүктеме түсіреді», – деп түсіндірді сарапшы.
Біздің есептеуімізше, қазіргі таңда халыққа берілген несие көлемін ескерсек, әрбір қазақстандықтың үлесіне орта есеппен 1 миллион теңгеден астам қарыз тиесілі. Оның ішінде балалар мен қарттардың басым бөлігі несие алмайтынын ескерсек, бұл көрсеткіш одан да жоғары көрінеді.
«Елдегі жұмыс істейтін халықтың дерлік барлығының несиесі бар. Бірінші кредиттік бюроның (БКБ) талдау орталығының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 9,2 миллион адам – бұл экономикалық белсенді тұрғындардың 80 пайыздан астамы – несие алған. Бұл деректер 2025 жылдың жазында жарияланған.
«Ұлттық банктің инфляциялық күтулерге қатысты соңғы сауалнама деректерін талдасақ:
- респонденттердің шамамен үштен бірі айына 150–300 мың теңге табыс табады;
- сауалнамаға қатысқандардың екі үштен бірі мүлде жинаққа ие емес, яғни айлықтан айлыққа өмір сүреді;
- 73,7% қатысушы соңғы айда ешқандай қаржы жинай алмаған, бұл көрсеткіш ай сайын өсіп келеді;
- респонденттердің шамамен үштен бірінің тұтынушылық несиесі бар;
- сауалнамаға қатысқандардың 32,8%-ы ай сайын несие төлеміне 100 мың теңгеден артық жұмсайды.
«Халықаралық салыстыруда салықтан кейінгі орташа жалақы деңгейі бойынша Қазақстан 127 елдің ішінде 82-орынға тұрақтаған. Бұл көрсеткіш Ресей, Грузия, Беларусь және Армениядан төмен. Еуразиялық экономикалық комиссияның деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы нақты жалақы өсімі ЕАЭО елдері арасында ең төмен деңгейде болды. Бұған аймақтағы ең жоғары инфляция себеп болды», – деп жазады Halyk Finance талдау орталығының сарапшысы Салтанат Игенбекова.
Бұл – табиғи экономикалық үрдіс: адам табысы күнделікті қажеттіліктеріне жетпесе, қарызға жүгінуге мәжбүр болады. Осыдан тұтынушылық кепілсіз несиелеу мен тауарды бөліп төлеу көлемі артып отыр. Қазір тіпті азық-түлікті де несиеге алуға мүмкіндік бар. Мұндай қаржы құралына сұраныс болмаса, ұсыныс та пайда болмас еді. Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы жеке тұлғалардың банкротқа ұшырау саны өсіп, банктердің проблемалық несие портфелі айтарлықтай ұлғаюы мүмкін.