Евразия24Басты бетБорис Джонсон: “Бізді тарих осы соғыс арқылы бағалайды”

Борис Джонсон: “Бізді тарих осы соғыс арқылы бағалайды”

|

|

Ұлыбритания Консервативтік партиясының жүздеген белсенді мүшелері, яғни «тори» өкілдері, 13 қазанда Лондон мэриясында өткен салтанатты кешкі асқа жиналды.

«Темір ханымның» ізі

Маргарет Тэтчердің туғанына 100 жыл толуына орай оның есімі берілген орталық демеушілердің қатысуымен арнайы шара ұйымдастырды.

Іс-шараның шарықтау шегі ретінде өткен аукционда Борис Джонсонмен теннис ойнау мүмкіндігі бастапқы бағасы 1000 фунттан ұсынылып, ақырында 21 000 фунт стерлингке сатылды. Жүргізуші Борис Джонсонды «Одесса қаласында көшеге есімі берілген ұлттық қаһарман» ретінде таныстырды.

Лондондағы салтанатты залда, британдық қолбасшылардың мүсіндері мен ежелгі рыцарлық тулармен безендірілген кеңістікте, баронесса Тэтчердің жақтастары оның құрметіне тост көтеріп жатқан сәтте, Глазго қаласының жүздеген тұрғыны көшеге шықты.
Олар Тэтчердің қайтыс болуына байланысты акция ұйымдастырып, волынка әуенімен “Мэгги, Мэгги, Мэгги” деп айқайлап, көпшілік “өлді, өлді, өлді” деп жауап қатты. Марқұмдарға қатысты мұндай әрекеттердің орынсыздығына қарамастан, Ұлыбританияның тұңғыш әйел премьер-министрі болған Маргарет Тэтчердің тұлғасы әлі күнге дейін қоғамда пікірталас тудырып, партияішілік және ұлттық деңгейдегі келіспеушіліктердің себебі болып отыр.

Ресейлік публицист Израиль Шамирдің пікірінше, Михаил Горбачёв КСРО-ны қалай құрдымға жіберсе, Маргарет Тэтчер де Англияға сондай зиян келтірген. Тэтчер елдің өнеркәсібін құлатып, шахталарды жапты, әскер мен флоттың негізгі тірегі болған жұмысшы табын бағынышты қызметшілерге айналдырды, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін әлсіретті. Публицисттің көзқарасы бойынша, Тэтчердің саясаты Англияны Англия банкінің қосымшасына айналдырды. «Егер банк операциялары көбірек табыс әкелсе, неге темір соғып, жер жырту керек? Ал қарапайым халық байларға қызмет етпесе, не үшін керек?» – деп ол тэтчеризмнің ұраны осылай сипаттайды. Шамирдің пікірінше, бүгінгі Англияның экономикалық қиындықтарының себебі де сол дәуірден бастау алады. «Егер қазір Англия банкроттықтың шегінде тұрса, бұл үшін “Мэггиге рақмет айту керек”», – дейді ол. Публицисттің айтуынша, Тэтчер билігі кезінде иммиграция күрт артқан, ал бұл саясат жұмысшылардың еңбекақысын төмендетуге мүмкіндік берді. Шамир Тэтчер дәуіріне дейін Ұлыбританияда өмір сүрген.

Дегенмен, Тэтчердің жақтастары оны өз елінде либерализм қағидаттарын орнықтырып, Ұлыбританияны жаһандық нарық пен әлемдік банк жүйесінің маңызды бөлігіне айналдырғаны үшін жоғары бағалайды.

 

“Темір ханымнан кейінгі дауыл”: Джонсон, Фараж және Ұлыбританияның болашағы

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Біріккен Корольдік күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр.Ел тұрғындарының лейбористер партиясының саясатына көңілі толмауының айғағы ретінде премьер-министр Киир Стармердің Даунинг-стрит, 10 мекенжайындағы кеңсесінің алдында күн сайын өтетін наразылық акциялары өтеді.

Осы жағдай аясында консерваторлардың бір бөлігі Борис Джонсонның саяси мансабын қайта жандандыруға талпынып жатыр.

Өз кезегінде, бұрынғы Brexit партиясы реформаланып, Reform UK атауымен қайта құрылған ұйым Борис Джонсонның саясатқа оралуына жол бермеу үшін бар күшін салып отыр. «Джонсоннан кейін қалған бейберекетті реттеу қажет, – деп мәлімдеді “реформистердің” жетекшісі Найджел Фараж The Times газетіне берген сұхбатында. – Әйтпесе Boriswave бізді күйретеді». «Борис толқыны» деп 2023 жылдың маусым айында Джонсон үкіметі тұсында елге келген 906 мың мигранттан тұратын ауқымды ағым аталып жүр.

“Реформа партиясының” жаңа жоспарына сәйкес, Ұлыбритания аумағында мерзімсіз тұру мүмкіндігі жойылмақ, деп жазады Spectator басылымы. Партия өкілдерінің мәлімдеуінше, олар «мерзімсіз тұруға рұқсат» (ILR) деп аталатын мәртебені алып тастауды көздеп отыр. Бұл мәртебе бойынша елде бес жылдан астам уақыт өмір сүрген шетел азаматтары әлеуметтік жәрдемақы алуға және азаматтыққа өтініш беруге құқылы болатын. Жаңа жоспар аясында ағылшын тілін меңгеру деңгейіне және еңбекақы мөлшеріне қатысты талаптар да күшейтіледі. Сонымен қатар, шетелдік мигранттар бұрын беріліп келген бірқатар жеңілдіктерден айырылмақ. “Реформистердің” есебінше, бұл шаралар мемлекеттік бюджетке шамамен 234 миллиард фунт стерлинг үнемдеуге мүмкіндік береді. Аталған бастама қоғамда екі түрлі пікір туғызды: бір бөлігі көші-қон саясатын қатаңдатуды қолдаса, екінші бөлігі мұндай шешімге түбегейлі қарсы.

Борис Джонсонның өзі қалалық мэриядағы кешкі ас барысында сөйлеген сөзінде Ұлыбритания экономикасының қазіргі жағдайын 1979 жылғы дағдарыспен және “қырғи-қабақ соғыс” кезеңімен салыстырды. Ол сондай-ақ Лейбористік партияның саясатын сынға алып, “ел қауіпті лейбористік үкіметтің басшылығымен апатқа қарай бет алды” деп мәлімдеді. Джонсонның айтуынша, “мемлекеттік шығындар бақылаудан шығып, үкіметтік қарыздардың құны соңғы 30 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен”.

Борис Джонсон атап өткендей, 1970-жылдардағы балалық шағынан бері алғаш рет Ұлыбритания тұрғындары жаппай елден көшіп жатыр. «Қабілетті азаматтар тек Дубайға ғана кетіп жатқан жоқ, ол бүгінде халқының саны бойынша Ұлыбританияның 17-ші “қаласына” айналды. Олар Миланға, Португалияға, Бельгияға да қоныс аударуда», — деп қынжылды Джонсон.

 

Brexit-тен кейінгі сынақтар

Британдық консерваторлар арасындағы терең алауыздықтың түп-төркіні 2016 жылғы оқиғалармен байланысты. Ол кезде партия мүшелерінің өте аз бөлігі ғана Brexit бастамасын қолдаған, көпшілігі оны «түбегейлі қате идея» деп санаған. Алайда 2017 жылы сайлау алдында Консервативтік партия атынан парламенте үміткерлер бұл саясатты ұстануға немесе қызметтен кетуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, Еуропалық одақтан шығуды жақтаған топ партия ішінде айтарлықтай ықпалға ие болды.

2019 жыл Ұлыбритания үшін бетбұрыс кезеңіне айналды. Лондон мэрі қызметіндегі қарапайым өмір салтымен  танылған Борис Джонсон билікке келіп, Консервативтік партияны Brexit-ті қолдайтын күш ретінде түбегейлі қайта айқындады. Парламент сайлауында тори бұрын ешқашан жеңіске жетпеген кейбір графтықтарда басым дауыс жинады. Алайда бұл өңірлерден сайланған үміткерлердің көбі саясатта тәжірибесіз, бірақ Brexit идеясын белсенді қолдаушылар болатын. Сонымен бірге, партияның бұрынғы тәжірибелі мүшелерінің басым бөлігі жаңа бағытпен келіспей, ұйымнан кетуге шешім қабылдады.

2024 жылға қарай консерваторлар ерекше күрделі жағдайда қалды. Үкімет жұмысына қатысу үшін олар Brexit жобасына және Борис Джонсонның өзіне адалдық антын беруге тиіс болды. Алайда Джонсонды көптеген сарапшылар «фундаменталды тұрғыда салғырт және тиімсіз премьер-министр» деп сипаттайды. Нәтижесінде, билік құрылымына енген депутаттардың басым бөлігі радикалды көзқарастағы адамдарға айналып, ғылым мен ақиқатқа, сондай-ақ моральдық ұстанымдарға деген адалдығын оңай құрбан етуге дайын болды. Қазіргі таңда партияны бұрын шеткері топтарға жатқызылған саясаткерлер толықтай бақылауына алған.

Сонымен қатар, партияның жаңа мүшелерінің басым бөлігі алғаш рет 2017–2019 жылдар аралығындағы сайлауларда дауыс берген буынға жатады. Олар үшін Борис Джонсонның популистік басқару тәсілі — саясаттың жалғыз таныс үлгісі іспетті. Бұл топқа Найджел Фараждың Reform UK қозғалысы ұстанған ұлтшыл риторика, сондай-ақ АҚШ-та Дональд Трамптың билікке келуі мен Еуропадағы өзге де оңшыл популистік саясаткерлердің ықпалы әсер етті. Нәтижесінде, Консервативтік партия қатарында тәжірибелі, саяси мәдениеті қалыптасқан аға буын өкілдері өте аз қалды.

 

Украина мәселесі төңірегіндегі Джонсон–Фараж қарама-қайшылығы

Борис Джонсон мен Найджел Фараж арасындағы қарама-қайшылық тек консерваторлардың Brexit пен көші-қон саясатына деген көзқарасындағы айырмашылықтан ғана емес, сонымен қатар Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымнан да туындайды. Reform UK партиясының өкілдері Джонсонды 2022 жылғы наурызда Стамбулда Киев пен Мәскеу арасында бейбіт келісімге қол қою процесін бұзғаны үшін айыптайды.

Өткен жылы Найджел Фараж НАТО-ны Ресейді Украинамен соғысқа итермеледі деп айыптаған болатын. Қазіргі таңда Reform UK партиясы әлеуметтік сауалнамаларда алдыңғы орындарда тұр. Бұл — Ұлыбритания тұрғындарының басым бөлігі бақылаусыз көші-қонға қарсы болып, экономикалық жағдай мен әлеуметтік саясатқа көңілі толмайтынына, сондай-ақ Киевтің жеңісіне сенбейтіні және Ресеймен қақтығысқа тартылғысы келмейтініне байланысты. Өз кезегінде Борис Джонсон Фаражды «Путинді жақтаушы» деп атап, Тэтчердің 100 жылдығына арналған кешкі ас кезінде сөйлеген сөзінің басым бөлігін Украинадағы соғысқа, Ресей президентіне және өзінің саяси қарсыласын сынауға арнады.

Алайда рәсім басталар алдында Маргарет Тэтчер атындағы орталықтың өкілі Борис Джонсонға арнайы марапат табыстап, оның мәнін атап өтті. Спикердің айтуынша, “Ұлыбританияның егемендігін қайта нығайтуға қосқан үлесі үшін емес, Украина аумағына жасалған қатыгез басқыншылықтан кейін халықаралық көшбасшылық танытқаны үшін” берілді. Сондай-ақ ол Джонсонның “халықаралық қоғамдық пікірді біріктіріп, біздің ең сенімді одақтасымыз — Америка Құрама Штаттарын Ескі құрлыққа қайта оралып, тирания мен агрессияға қарсы тұруға үндегенін” атап өтті.

Өз сөзінде Борис Джонсон Маргарет Тэтчердің басты тірегі Рональд Рейганмен орнатқан серіктестік болғанын атап өтті. Осы ынтымақтастықтың арқасында Ұлыбритания Батыстың қорғаныс әлеуетін арттыруға — кәдімгі қару-жарақ жүйелерінен бастап Стратегиялық қорғаныс бастамасына дейін — белсенді түрде қатысқанын айтты. Алайда көптеген британдықтар, керісінше, елдің АҚШ-қа шамадан тыс тәуелді болып кеткенін алға тартады. Сонымен қатар, Дональд Трамп Зеленскиймен кездесуде “АҚШ-тың мүддесіне зиян келтіріп, Киевке қару жеткізу арқылы елін қауіпке ұшырата алмайтынын” мәлімдеп, “Путин Украинадан бір бөлігін алады, өйткені ол бұл аумақты жеңіп алған” деген пікір білдірді.

Дегенмен, ақ шашты британ саясаткер өз сөзінде Украинадағы соғысты XXI ғасырдың басындағы шешуші қақтығыс деп атап, “дәл осы соғыс бойынша тарих бізге баға береді” деді. Борис Джонсон Еуропаның қарулы күштерінен құралған еріктілер коалициясына үн қатып, олардың Украинаға әскер енгізу жоспары бар екенін айтып, “неліктен олар әлі әрекет етпей отыр?” деген сұрақ қойды. Сонымен қатар, Джонсонның пайымдауынша, ешқандай жағдайда шетелдік әскерлердің тікелей әскери қимылдарға қатысуына жол берілмеуі тиіс.

«…Алайда Украинада көптеген қауіпсіз аймақтар бар екенін ескере отырып», — коалиция әскерлері «соларға дереу келіп, жоспарлау, логистика және оқыту жұмыстарын жалғастыруы керек, — деді Джонсон, — бұл Украина бар екенін және әрқашан тәуелсіз ел болып қалатынын айқындап көрсету үшін қажет». Басқаша айтқанда, Джонсонның жоспары бойынша НАТО күштері тылда қалып, орыс әскерімен тікелей соғыспайды. Олардың өкілі — соңына дейін соғысуға дайын прокси-армия ретінде — әлі де Украина Қарулы Күштері болып қалуы тиіс.

 

Екіжүзділіктің шегі

Бұдан бөлек, әдеттегі ерекше мінезімен танылған Борис Джонсон салтанатты кешкі асқа жиналған көпшілікті Батысқа төнуі мүмкін қауіп туралы ескертіп, алаңдаушылық білдірді.
Ол өз сөзінде “авторитарлық мемлекеттердің басшылары Шанхайда бас қосып, Батысқа қарсы әрекеттерді жоспарлап жатыр, ал олардың арасында сенім тудырмайтын күмәнді тұлғалар бар” деп мәлімдеді.

Борис Джонсон өз сөзінде қазіргі геосаяси ахуалға алаңдаушылық білдіріп, Ресейдің әрекеттерін қатаң сынға алды. «Біз реваншистік саясат ұстанған Мәскеуді көріп отырмыз. Ол соңғы 80 жылдағы ең қатыгез әрі аяусыз соғысты бастап, Украинадағы жазықсыз адамдардың өмірін қиюда. Дәл қазір, біз осы кешкі ас үстінде отырған сәтте, ресейлік дрондар Польша аспанында, жойғыш ұшақтар Эстония маңында ұшып жүр, ал ресейлік кибершабуылдар Маргарет Тэтчер қайта түлеткен британ өнеркәсібіне зиян келтіріп жатыр», – деді ол. Сонымен қатар, саясаткер өз сөзінде Газа секторындағы палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылық немесе Сириядағы алавиттер, друздар, шииттер мен христиандарға қарсы жасалған діни қудалаулар туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ.

Борис Джонсон өз сөзінде марқұм Маргарет Тэтчердің рухы мен қайсарлығына жүгінді.
«Бізге дәл қазір оның сол өткір де табанды көзқарасы мен сенімді, сабырлы да беделді дауысымен бұрынғы КГБ қызметкері, мырза Путинге кезінде Мәскеудегі оның алдындағы басшыларға айтқан шындықты қайталап айтуы қажет еді. Ол жеңіске жете алмайды және ешқашан жетпейді. Демократия әрдайым тоталитаризмді, ал еркіндік әрқашан тиранияны жеңеді», – деді Джонсон.

Джонсонның ұранға толы сөзінен кейін Сириядағы жағдай еріксіз еске түсті, онда “демократия мен бостандық” ұрандары астында шетелдік және жергілікті содырлар билікке келген еді. Айта кетерлігі, бұл үдеріс белгілі бір деңгейде Джонсонның өзі мен Ұлыбритания арнайы қызметтерінің қолдауынсыз да өткен жоқ.

 

КСРО-ны бірде-бір оқ атпай жеңді

Маргарет Тэтчерді еске алуға арналған кеште сөйлегендердің басым бөлігі оның “КСРО-ны бірде-бір оқ атпай жеңгенін” атап өтті. Борис Джонсон да өз сөзінде Кеңес Одағының ыдырауындағы Тэтчердің рөліне арнайы тоқталып өтті:

«Оның ерік-жігері мен батылдығының арқасында сол онжылдық Кеңес Одағының күйреуімен және кемінде жиырма үш жаңа мемлекеттің пайда болуымен аяқталды. Ол қырғи-қабақ соғысты тоқтатты. ГУЛАГ жүйесіне нүкте қойды. КГБ дәуірінің аяқталғанын көрсетті. Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының жүздеген миллионына үміт, қуаныш және жақсы өмір сыйлады. Ол түнгі есік қаққаннан қорқып өмір сүрген отбасылардың үрейіне нүкте қойды», – деді Джонсон.

Олар шынымен де бұрынғы “23 жаңа мемлекеттің” халқының барлығы тәуелсіздікке дән риза деп ойлай ма екен? Кеңес дәуірінің күрделі тарихын бәрі біркелкі қабылдайды деп сену тым аңғалдық болар еді. Олар, шамасы, посткеңестік елдердегі көпшіліктің Путиннің «кім Кеңес Одағының қайта құрылуын қаласа — ол ақылсыз, ал кім оның күйреуіне өкінбесе — мейірімсіз»,- деген сөзін орынды деп санайтынын білгісі де келмейтін секілді:. Бірақ Борис Джонсон сияқты саясаткерлер әлі күнге дейін өздері қатты қорқып, іштей өшпенділікпен қабылдаған кеңестік кезеңнің шеңберінен шыға алмай жүргендей әсер қалдырады.

 

Ауру кетсе де, әдет қалмайды

Ерекше мінезімен және өткір мәлімдемелерімен танылған Борис Джонсон Венгрияның ұстанымын да сынға алды. Оның айтуынша, Будапешт Еуропалық Одақтың Бельгия банктеріндегі Ресейге тиесілі 300 миллиард долларды бұғаттап, кейін оны Украинаға беру жөніндегі бастамасын бөгеген. Джонсон бұл қаражатты дереу босатып, Киевке беруді талап етті. Сондай-ақ ол жиналғандарға “Батыстың мақсаты – Украина жеңісі” екенін Путинге ашық айтуға шақырды. Веллингтон герцогының ескерткішіне қарап қолын көтерген Джонсон өз қарсыласы Найджел Фаражды аты-жөнін атамай сынады.
«Менің ойымша, Маргарет Тэтчер НАТО-ны айыптағандарды естісе, қатты ашуланар еді, – деді ол. – Ол мұндай пікір айтушылардың Кремльдің риторикасын қайталап тұрғанын бірден байқар еді».

Ол Ресейге қарсы жедел әрекет жасауға шақырып, жиылғандарға былай деді: «санкцияларды бұзып жүрген мұнай тасымалдаушы танкерлердің жасырын флотын — Путиннің жасырын флотын теңіздерден алып тастау керек. Егер олардың бірі Дэви Джонстың қапшығына түссе (яғни батырылса), онда ол жаман емес» деген сөздерді айтты.

«Біз Трамптың үлгісін ұстануымыз керек, ресейлік көмірсутектерді әлі де ірі көлемде сатып алып, осылайша Путиннің әскери машинасын қаржыландырып отырғандарды қаржылық тұрғыдан ауыр жазалау қажет».

Шын мәнінде, “жасырын флот” деген ұғым мүлде жоқ. Бұл – ағылшын-саксон елдері британдық сақтандыру компанияларында тіркелмеген кемелерді атау үшін қолданатын бейресми термин ғана.

 

«Борис файлдарының» жария болуы

Маргарет Тэтчердің 100 жылдығына арналған кешкі ас 13 қазан, дүйсенбі күні өтті. Ал оған дейінгі жұмада The Guardian газеті британдық қару-жарақ өндіруші компанияның ірі акционері Кристофер Харборн туралы материал жариялады.
Басылымның хабарлауынша, оның роботтары мен ұшқышсыз аппараттары Украина армиясына жеткізіліп келеді. Сол компанияның иесі Борис Джонсонның жеке қорына 1 миллион фунт стерлинг көлемінде қайырымдылық қаражатын аударған.

 

“Борис файлдары” деп аталған, саясаткердің жеке кеңсесінен тараған құжаттар оның премьер-министлік қызметтен кеткеннен кейін қалай пайда табуға тырысқанын да әшкереледі. Мәліметтерге қарағанда, ол бұл мақсатта Венесуэла президентімен және Сауд Арабиясының тақ мұрагер ханзадасымен кездесулер өткізген. Аталған материалдар Ұлыбритания басылымына АҚШ-та орналасқан Distributed Denial of Secrets (DDoS) деп аталатын ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі топ арқылы берілген. Сонымен қатар, сол Кристофер Харборн бұған дейін Найджел Фараждың қазіргі Reform UK деп аталатын бұрынғы Brexit партиясына 10 миллион фунт стерлинг, ал Борис Джонсон Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу процесін аяқтап жатқан кезде Консерваторлар партиясына 1 миллион фунт көлемінде қаржылай көмек көрсеткені хабарланды.

Қалалық әкімдік ғимаратындағы жалынды сөзіне дейін Борис Джонсон The Guardian басылымындағы материалға былай жауап берді: «Неге газетіңіздің атауын “Правда” деп өзгертпейсіз? Сіздің мақалаңыз – бос әурешілік, ал өзіңіз Путинге жұмыс істейсіз», – деді ол. The Guardian газетінде жарияланған мақаланың толық нұсқасымен мына жерден танысуға болады.

 

Батыс демократиясының дағдарысы

Жоғарыда аталған үдерістер мен қайшылықтар тек Консервативтік партияның өз ішінде ғана емес, тұтастай елде де іріткі тудырып отыр. Көптеген британ азаматтары өзін оңшыл-орталық бағыттағы топқа жатқызады және елге лейбористерге қарсы нақты саяси балама қажет деп санайды. Алайда билік құрылымында мұндай бағыттағы тәжірибелі әрі кәсіби саясаткерлердің орны айқын байқалатын бос кеңістікке айналған. Сондықтан, популистік ұстанымдағы екі тұлға – қабілетсіз әрі жемқор Борис Джонсон мен ұлтшыл көзқарастағы Найджел Фараж – Консервативтік партияны іштен ірітуде, ал Ұлыбритания бұл уақытта зардап шегуде. Ел тек саяси дағдарысты ғана емес, сонымен қатар экономикалық құлдырауды да бастан өткеріп отыр – бағалар мен жұмыссыздық деңгейі шарықтап өсуде. Корольдіктің астанасы Лондон мен өзге де қалалар түрлі себептермен, сан алуан ұрандар мен тулар астында өтіп жатқан жаппай наразылықтардан моральдық тұрғыда шаршаған. Елден тек орта тап өкілдері ғана емес, жоғары табысты азаматтар да кетіп жатыр – олар салықтың жоғары мөлшеріне наразы. Мысалы, Украинадағы соғысты жалғастыру саясатын қолдағаны үшін Джонсонға қаржылай көмек көрсеткен Кристофер Харборнның өзі қазір Тайванда тұрады.

Қаржы арқылы ықпал ету тек қару-жарақ өндіретін компаниялармен шектелмейді.
Өз мүдделерін көздейтін бұрынғы британдық отарлардан шыққан азаматтар немесе байлыққа ие болған шетелдік иммигранттар да Ұлыбританиядағы түрлі саяси күштерді қаржылай қолдап отырады. Олар ел ішінде өршіп тұрған саяси текетіресті бақылап, оның нәтижесін өз пайдасына шешуді көздейді. Қысқаша айтқанда, лейбористер де, консерваторлар (тори) да, реформашылар мен либерал-демократтар да — барлығы аса бай демеушілердің қаражатына тәуелді. Түптің түбінде олардың барлығы кімнің мүддесіне қызмет ететіні айқын.

Сол себепті батыс саясаткерлерінің халықтарды бір-біріне қарсы айдап-салуға және өзгелерге өмір мен демократия жөнінде сабақ беруге моральдық құқығы жоқ. Ең алдымен өз елдеріндегі тәртіпсіздікті реттеп алғандары дұрыс.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Босния және Герцеговина президиумындағы серб өкілі елге сыртқы ықпал ету ережелерін қайта қарау қажет деп санайды

Босния және Герцеговина президиумындағы серб өкілі елге сыртқы ықпал ету ережелерін қайта қарау қажет деп санайды.

Германияның сыртқы істер министрі Қытайға жоспарланған сапарын белгісіз мерзімге шегерді

Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль 27–28 қазанға жоспарланған Қытай сапарын белгісіз мерзімге кейінге қалдырды. Бұл шешімге, Берлиннің хабарлауынша, Қытай тарапы жоспарланған бірқатар кездесулерді растамағаны себеп болған. Бұл туралы жұма күні немістің ARD телеарнасы хабарлады.

Үндістан АҚШ-пен сауда келісімін асығыс қабылдамайды

Үндістанның сауда және өнеркәсіп министрі Пиюш Гоял Нью-Дели Вашингтонның қысымына қарамастан, АҚШ-пен сауда келісімін асығыс түрде қабылдамайтынын мәлімдеді.

Мәскеу мен Вашингтон келіссөзге ашық екенін мәлімдеді

Кремль Ресей мен АҚШ саммиті «болмай қалды» деп есептемейді. АҚШ президенті Дональд Трамп мұндай кездесудің болашақта өту мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтқан, ал бұл көзқарасты Ресей президенті Владимир Путин де қолдайды.