Евразия24Басты бетБаға тұрақсыздығы және қоғамдық сенім

Баға тұрақсыздығы және қоғамдық сенім

|

|

Ұлттық банк халықтың инфляциялық күтулеріне қатысты ақпан айының соңындағы сауалнама нәтижелерінде қазақстандықтардың санасында бағаның «күрт өсуіне» байланысты алаңдатарлық үрдісті тіркеді. Ресми есептер мен бағаның өсуін бақылауда ұстау жөніндегі мәлімдемелер инфляцияның төмендеу шегін анықтауға тырысқанымен, 2026 жылғы қаңтарда қарапайым тұтынушының экономикалық ахуалды қабылдауы едәуір нашарлаған. Бағаның өсуін «өте жоғары» деп бағалайтындардың үлесі қайтадан арта бастаған, ал коммуналдық тарифтердің кезең-кезеңімен қайта қаралуы және жаңа қосылған құн салығының енгізілуі тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді соңғы бір айда ең қатты қымбаттаған қызметтер қатарына шығарды.

ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

2025 жылды инфляциялық күтулер жөніндегі қорытынды материалымызда нақты баға ахуалы мен халықтың қабылдауы арасында белгілі бір тепе-теңдік сақталғандай әсермен түйіндеген едік. Алайда 2026 жылдың алғашқы айы статистикалық көрсеткіштерге елеулі түзетулер енгізді.

“Жауаптар құрылымында алдағы 12 айдағы инфляцияны сандық тұрғыда бағалауға қиналатын респонденттердің елеулі үлесі сақталуда. Сонымен қатар бағалар бұрынғыдан да жылдам өседі деп болжайтындардың және қазіргі өсім қарқыны сақталады деп санайтындардың үлесі көбейген. Бұл инфляциялық күтулерін санмен көрсетпеген респонденттер арасында да алаңдаушылық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Респонденттердің мәліметі бойынша, 2026 жылы қаңтарда баға өсімінің басты себептері — азық-түлік өнімдерінің, коммуналдық қызметтердің және автожанармайдың қымбаттауы болған. Сонымен қатар, ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуін болашақтағы баға өсімінің факторы ретінде атап өткен респонденттер үлесінің айтарлықтай артуы байқалады. Бұл ретте теңгенің номиналды айырбас бағамының нығаюы аясында бағамдық фактордың ықпалы біртіндеп төмендеп келеді”, — деп Ұлттық банк 1,5 мың респондент арасында жүргізілген сауалнама қорытындысын түйіндеді.

Қазақстандықтардың инфляцияға қатысты пессимистік көңіл-күйінің себептерін үкіметтің 2026 жылдан бастап халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі уәделері аясында талдап көрейік.

Монетарлық реттеуші «сандық бағалауда қиналатын респонденттер» туралы жазғанда, іс жүзінде халықтың алдағы айда, жарты жылда немесе бір жылда бағаның қалай өзгеретініне қатысты нақты бағдардан айырылғанын мәлімдейді. Тұтынушылардың алдын ала теріс көңіл-күйге бейімделуін «белгісіздіктен туындаған өлшемсіз үрей» феномені ретінде қарастыруға болады. Тұтынушы жағдайға нақты баға бере алмаса, ол сөзсіз жағдайдың нашарлауын күтеді деген сөз. Мұндай күтулер өте қауіпті, себебі ол тұтынушылық мінез-құлықтың ретсізденуіне әкелуі мүмкін: «бүгін алып қал, ертең екі есе қымбаттайды» деген ұстанымның қалыптасуына түрткі болады.

Неліктен инфляцияны бағалау мен болжауда валюта бағамына қатысты фактордың рөлі төмендей бастады? Себебі «доллар өссе – баға өседі» деген бұрынғы логикалық байланыс әлсіреп кетті. Доллар бағамы біршама төмендегенімен, баға өсімі тоқтаған жоқ. Бұл ұлттық валютаның нығаюы өздігінен бағаның тұрақтануына жеткілікті деген үміттің әлсірегенін көрсетеді. Демек, экономикада баға өсіміне ықпал ететін ішкі факторлар – өндіріс шығындарының жоғары болуы, жаңа салықтардың енгізілуі және делдалдық тізбектердің көптігі – басымдыққа ие бола бастаған.

«Бағаның өсуіне қандай факторлар көбірек әсер етті?» деген сауалға берілген жауаптар құрылымында ҚҚС-тың жоспарланған өсімі 2026 жылғы қаңтарда негізгі 5 себептің арасында 5-ші орыннан 4-ші орынға көтерілді. Сауалнамаға қатысқан 1,5 мың адамның 36,3%-ы аталған факторды басты себеп ретінде көрсеткен, ал 2025 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш небәрі 25,5%-ды құраған болатын.

Яғни, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің ҚҚС мөлшерлемесін көтеру тікелей халықпен жұмыс істейтін шағын бизнеске әсер етпейді деген мәлімдемелеріне қарамастан, азаматтардың алаңдаушылығы сейілген жоқ. Халық ҚҚС-ты кез келген нан өнімі мен жөргектің бағасына қосылатын тұтыну салығы ретінде қабылдайды.

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНЫҢ ҮСТЕМДІГІ

Қаңтар айының басты көрсеткіші — 43,3%. Сауалнамаға қатысқандардың дәл осы бөлігі өткен айда бағаның «өте қатты» өскенін мәлімдеді. Салыстырмалы түрде айтсақ: 2025 жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 37,5% деңгейінде болып, өткен жыл бойы біртіндеп төмендеп келген еді. Бір айдың ішіндегі 6%-ға жуық күрт секіріс тұтынушылық дүрбелеңнің белгісі іспетті. Сонымен қатар, инфляцияға азық-түлік тауарларын кінәлайтындардың үлесі психологиялық межеден асып, 81,7%-ды құрады. Бұл 2025 жылғы орташа көрсеткіштен жоғары. Қаңтарда қазақстандықтар ет, жеміс-жидек, көкөніс, ірімшік пен шұжық өнімдері, дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия, ТҮКШ қызметтері, интернет пен ұялы байланыс сияқты базалық себеттің қымбаттауын ерекше сезінді. Халық табысының 2025 жылы төмендегенін ескерсек (бір айда қазақстандықтардың байып кетуі екіталай), бұл жағдай отбасылық бюджетке «қос соққы» беру әсерін тудырып отыр.

Қаңтар айының ең алаңдатарлық көрсеткіші — баға өзгерісін байқамаған респонденттер үлесінің азаюы. Олардың саны 7%-ға дейін төмендеді, ал бір ай бұрын бұл көрсеткіш 11%-дан асқан, 2025 жылдың ортасында шамамен 18% деңгейінде болған. Қазіргі таңда әр он төртінші қазақстандық қана бағадағы өзгерістерді байқамаған, бұл соңғы екі жылдағы ең төмен мәндердің бірі саналады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің наурыз–сәуір айларында қайта қаралуына қатысты күтулер қаңтар айындағы жауаптардан-ақ көрініс бере бастаған. Сондай-ақ респонденттер интернет пен ұялы байланыс қызметтерін шығындардың ең жылдам өсіп жатқанын атап өтті.

Медианалық бағалаулар қабылданатын (яғни, халықтың дүкен сөрелерінде көріп отырған) және күтілетін инфляция арасындағы алшақтықтың әлі де маңызды екенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, қазақстандықтар баға өсімінің төмендеуіне аса сенбейді. Оның үстіне, әрбір бесінші респондент зейнетақы мен жалақының өсуі инфляцияны одан әрі өршітеді деп санайды. Халық табыс артқан сайын нарық оны бағаны көтеру арқылы дереу игеріп алатынын байқап отыр.

ДЕПОЗИТ – ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚҰРАЛЫ

Жинақ ақшаға қатысты сауалнама барысында қызықты тренд байқалды. Банктерде депозиті бар респонденттердің саны қаңтар айында 70% деңгейінде тұрақталды. 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғандағы 5%-дық өсім — айтарлықтай жақсы нәтиже. Алайда, бұл өсімді байлықтың белгісі деуге бола ма, әлде бұл халықтың «қиын-қыстау күнге» жинаған қаражаты, яғни аман қалу стратегиясы ма? Себебі, Ұлттық банк сауалнамасына қатысқандардың төрттен бірі қазір ірі сатып алулар жасау үшін қолайсыз уақыт екенін мәлімдеген және бұл — соңғы 11 айдағы ең жоғары көрсеткіш. Респонденттердің қатысушылардың 71%-ға жуығы соңғы 3 айда ірі шығындар жасамағанын атап өткен. Бұл — ойланарлық жайт.

Тағы бір назар аударарлық жайт. Үкіметтің қаржы-экономикалық ведомствосы қабылдаған Бірлескен іс-қимыл бағдарламасы аясында 2026-2028 жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру туралы нық ниетіне қарамастан, алдағы 12 айда материалдық жағдайының жақсаруын сауалнамаға қатысқан азаматтардың тек 26,6%-ы ғана күтеді. Қалғандары жағдай еш өзгермейді (36,8%) немесе нашарлай түседі (18,8%) деген пікірде. Айта кетерлігі, 2025 жылдың желтоқсанында оптимистер қатары көбірек (28,9%), ал пессимистер үлесі азырақ (17,6%) болған еді.

Қазіргі инфляциялық қысым белгілі бір дәрежеде қазақстандық экономиканың құрылымдық өзгерістерімен байланысты эмоциялық қабылдауларға да негізделуі мүмкін. Ұлттық банктің сауалнамасына қатысушылардың барлығы қаржыгер немесе экономист емес екенін ұмытпаған жөн, сондықтан олардың баға өзгерістеріне импульсивті түрде жауап беруі — табиғи құбылыс. Дегенмен, мемлекеттің қолында ықпал ету тетіктері бар: теңгені нығайтуға және қымбат импортты алмастыруы тиіс отандық өндірісті дамытуға бағытталған қадамдар түптің түбінде тұтынушылардың пайдасына шешілуі мүмкін.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Азия даму банкі инвестиция көлемін екі есеге арттыруда

Алдағы үш жылға жоспарланған қосымша 5,5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі қаржыландыруды елеулі инвестициялық пакет ретінде бағалауға болады. Бұл Қазақстанның макроэкономикалық саясаты басқарылатын, мемлекеттік борышы қалыпты деңгейде, дефолттық тәжірибесі жоқ және төлем тәртібі жоғары сенімді қарыз алушы ретіндегі беделін тағы да растайды.

ОПЕК+ аясындағы квота және мұнай өндіру міндеттемелері

Алдағы кезеңде ОПЕК+ алдындағы міндеттемелер мен батыстық инвесторлардың келісімшарттық мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтай білу негізгі міндеттердің біріне айналмақ. Әйтпесе үкімет «өндіру көлемін арттыру – түсіндіру – кейін өтеу» сияқты қайталанатын ахуалға тұрақты түрде тап болу қаупімен бетпе-бет келеді.

Салық түсімдеріндегі ауытқу

Сонымен қатар қаңтар айының есебі жарияланған кезде маусымдық және төлем мерзімдеріне байланысты факторларға жеткілікті түсіндірме берілмегені назар аудартады. Алдымен алаңдататын көрсеткіштің жарияланып, кейіннен оның қосымша түсіндірмемен нақтылануы ақпараттық коммуникациядағы жүйелілік мәселесін көрсететіндей әсер қалдырады.

Израиль Қорғаныс күштері «Хезболла» қозғалысының барлау штабының басшысы жойылғанын хабарлады

«Хезболла» қозғалысының барлау штабының жетекшісі Хусейн Маклед Бейрутта жойылғанын Израиль Қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) мәлімдеді.