Евразия24Басты бетБаку мен Мәскеу арасындағы саяси текетірес ушығып келеді

Баку мен Мәскеу арасындағы саяси текетірес ушығып келеді

|

|

Әзербайжан Ресейдің үш азаматын – «Москва 24» телеарнасының жүргізушісі Иван Князевті, саяси кеңесші әрі медиа сарапшы Семен Ураловты және журналист, РФ көлік министрінің кеңесшісі Алексей Чадаевты Интерпол арқылы іздеуге жариялады. Бұл шешім Мәскеу мен Баку арасындағы саяси қайшылықтың тереңдей түскенін байқатады. Сонымен қатар Әзербайжанның еуразиялық және пантүркілік мүдделер тоғысқан тұста Ресейден алшақ бағыт ұстанып отырғанын көрсетеді. Осыдан кейін Мәскеу үшін Бакудің сыртқы саясаттағы ұстанымы да біршама айқындала түсті.

Әзербайжан Бас прокуратурасының бұл әрекетіне қатысты пікір білдірген сарапшылар негізінен бір мәселеге назар аударды. Өзге мемлекеттің азаматын Интерпол арқылы іздеуге беру оның еркін жүріп-тұруына елеулі шектеу қояды. Өйткені ұйымға әлемнің 196 елі мүше. Демек, халықаралық іздеудегі адам басқа мемлекетке барған жағдайда ұсталып, Әзербайжанға берілуі ықтимал.

Иван Князев, Семен Уралов пен Алексей Чадаев медиа саласында белгілі болғанымен, мемлекеттік саясатқа тікелей ықпал ететін жоғары лауазымды тұлғалардың қатарына жатпайды. Олар – Ресейдің қарапайым азаматтары. Егер осындай адамдардың өзі енді шетелге шығар алдында қауіпсіздігін ойлауға мәжбүр болса, мұндай жағдайдың ертең әлдеқайда көп адамға қатысты болуы мүмкін екені алаңдатады.

Бакудің мұндай шешімдері Ресей азаматтарының шетелге сапарына да әсер етуі ықтимал. Әсіресе ақпарат кеңістігінде белсенділік танытып, қоғамдық-саяси мәселелер жөнінде пікір білдіретін азаматтар үшін мұндай тәуекелді ескеруге тура келеді. Бұл өз кезегінде олардың шетелге шығу мүмкіндігін шектеп, ішкі туризмге деген сұранысты арттыруы мүмкін.

Бұл ретте басқа бір жағдайға назар аударған жөн. Украина Азов және Қара теңіздерде Ресейдің теңіз тасымалына кедергі келтіргеннен кейін Мәскеу Украина порттарына соққы жасап, оның теңіз арқылы экспорттау мүмкіндігін айтарлықтай азайтты. Одесса портының жұмысы шектелген жағдайда Украина экспорттық жүктің шамамен алтыдан бір бөлігін құрлық арқылы тасымалдай алады. Қалған жүктің басым бөлігін сыртқы нарыққа шығару қиындайды.

Теңіз тасымалындағы қазіргі жағдай Украинамен ғана шектелмей, Түркияның да мүддесіне әсер етіп отыр. Анкара үшін Киевтің әлсіреуі геосаяси тұрғыдан тиімсіз, өйткені бұл Қара теңіз аймағындағы күштер арақатынасын өзгертіп, Түркияның өңірдегі ықпалына әсер етуі мүмкін. Бұған қоса, Украинамен сауда-саттық түрік бизнесі үшін маңызды әрі табысты бағыттардың бірі саналады.

Осы жағдайда Түркия Ресей мен Украинаға Қара теңіздегі әскери іс-қимылды уақытша тоқтатып, бұрынғы «астық келісіміне» ұқсас келісім жасауды ұсынды. Мәскеу бұл бастамаға ресми жауап берген жоқ. Кейін Анкара Босфор мен Дарданелл бұғаздары арқылы Ресей кемелерінің өтуіне қатысты талаптарды күшейте бастады. Ал Түркияның негізгі одақтастарының бірі Әзербайжан Ресейдің үш азаматын Интерпол арқылы халықаралық іздеуге жариялады.

Бұл жағдайда Баку дербес сыртқы саясат ұстанатынын көрсетіп отыр. Мемлекеттің егемендігі өз мүддесін басшылыққа алып, халықаралық қатынастардағы серіктестері мен қарсы тараптарды өзі айқындай алуынан да көрінеді. Әзербайжанның Кремльмен одақтастық қатынаста болмағанына біраз уақыт болды. Ал соңғы оқиғалар Мәскеу мен Баку арасындағы саяси алшақтықтың барған сайын айқындала түскенін байқатады.

Ресей мен Әзербайжан арасындағы қайшылықты тек екі елдің қарым-қатынасы аясында қарастыру жеткіліксіз. Мұнда еуразиялық ықпалдастық пен пантүркілік бағыттың мүдделері де түйіседі. Екі геосаяси бағыттың ықпал ету кеңістігі ортақ болғандықтан, олардың арасында бәсекенің туындауы заңды. Украина төңірегіндегі үдерістердің түптің түбінде Ресеймен ашық қақтығысқа ұласқаны сияқты, «Ұлы Тұран» идеясы мен еуразиялық бағыт арасында да мүдде қайшылығы бар.

Ал Әзербайжанның ұстанымы айқындала түскенімен, Қазақстанның қай бағытты таңдайтыны әзірге белгісіз. Астана сыртқы саясатта ашық текетіреске бармай, түрлі күш орталықтарымен қарым-қатынаста тепе-теңдікті сақтауға басымдық береді. Оның үстіне Қазақстандағы Түркияның ықпалы Әзербайжандағыдай ауқымды әрі терең емес.

Дегенмен Қазақстан да алдағы уақытта сыртқы саяси басымдықтарын нақтылауды қажет ететін жағдайға тап болуы мүмкін. Кезінде Армения алдында Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы бағытты айқындау мәселесі туындап, ел басшылығы өз таңдауын жасады. Осындай мәселе Қазақстанның да күн тәртібіне шығуы ықтимал. Соңғы уақытта халықаралық ахуалдың жылдам өзгеріп жатқанын ескерсек, Ақордаға стратегиялық бағытын айқындауға берілетін уақыт та қысқарып келеді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Израильде ХАМАС шабуылының үш жылдығына байланысты аза тұту шаралары өтіп жатыр

Израиль қалаларында 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС жасаған шабуылдың үш жылдығына орай аза тұту рәсімдері өтіп жатыр, деп хабарлады сәрсенбі күні The Times of Israel.

Кремль Париждің зымыран сынағына жауап берді

Кремль сейсенбі күні Францияның ядролық оқтұмсықсыз M51.3 баллистикалық зымыранын ұшыруын Франция президенті Эмманюэль Макрон айтқандай «айқын әрі анық белгі» деп қабылдады. Алайда кез келген мәселені күш көрсету мақсатындағы зымыран ұшыру арқылы емес, келіссөз жолымен шешкен дұрыс деп санайды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Ирак мұнай экспортының қысқаруына байланысты динар бағамын долларға шаққанда 13%-ға төмендетті

Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалының шектелуі Ирак экспортына кері әсер етіп, ел экономикасына қысым түсірді. Осыған байланысты Ирак билігі ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамын 13%-ға төмендетті.

Қазақстан мен Ұлыбритания білім, энергетика, логистика және ЖИ салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның сауда жөніндегі мемлекеттік министрі лорд Анас Сарварды қабылдап, экономика мен білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.