Республикада дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салуды көздейтін заңнамалық түзетулерге өзін «ұжымдық Батыс» деп атайтын елдердің елшіліктері үйлестірілген түрде наразылық білдірді. Олардың мәлімдеуінше, Қазақстандағы жаңа құқықтық тәртіп адам құқықтарын шектейді. Сонымен қатар, бұл мәлімдемеге қол қойған елдер қатарында адам құқықтары мен бостандықтары елеулі түрде бұзылатын мемлекеттердің өкілдері де едәуір көп екені айтылған.
Қазақстан Республикасы егемен мемлекеттердің ішкі істеріне араласпайды. Алайда бұл өзге елдерде орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар туралы хабарсыз дегенді білдірмейді. Осы тұрғыда, батыс елдерінің дипломатиялық өкілдіктері жергілікті кеңістіктегі ЛГБТ насихаты мәселесіне алаңдаушылық білдіргендіктен, олардың бірлескен мәлімдемесіне қол қойған мемлекеттердегі адам құқықтарының нақты ахуалына назар аудару орынды.
Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау мәселесі бойынша бастама көтерген елдердің қатарында Ұлыбритания да бар. Ал өзге мемлекеттер бұл ұстанымды қолдады. 2025 жылы Англияның өзінде ғана (Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландияны есептемегенде) әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалар мен «лайк» үшін 12 мыңнан астам адам қамауға алынған. Тіпті үкіметке қатысты карикатураға қолдау белгісін қойғаны үшін жазаға кесілген. Бұл деректер сөз бостандығы мен пікір білдіру еркіндігін шектеу, сондай-ақ билікке сын айтқан азаматтарға қатысты қысым көрсету сияқты адам құқықтарының бірқатар бұзылуын көрсетеді.
Германияда жергілікті сайлау қарсаңында Солтүстік Рейн – Вестфалия федералдық жерінде ғана 2025 жылдың екі аптасы ішінде «Германия үшін балама» оппозициялық партиясынан жеті үміткер қайтыс болғаны айтылды. Оқиға кездейсоқтық болса да, Германия билігі елдегі медициналық қызметтің сапасына назар аударуы тиіс деген пікір білдіреді.
Норвегияда «қолайсыз» деп танылған ата-аналардан алынып, арнайы мекемелерге орналастырылған 100-ден астам бала жыл сайын қайтыс болатыны көрсетілген. Олардың бір бөлігі өзіне қол жұмсауға барғаны айтылған. Балаларды отбасынан алу үшін үшінші тұлғалардың шағымдары негізге алынады, оның ішінде нанның тым қалың кесілгені, көзбен байланыс орнатылмағаны сияқты себептер де көрсетіледі.
Латвияда халықтың шамамен 25 пайызы орыс тілді азаматтар болғанына қарамастан, мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру жүйесінде орыс тілінде оқытуға тыйым салынған. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қоғамдық бұқаралық ақпарат құралдарында орыс тілінде контент өндіруге де рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, орыс тілін мектептерде екінші шет тілі ретінде оқытуға да тыйым салынған. Егер бұл жағдай кемсітушілікке жатпайды деп саналса, онда кемсітушілік ұғымы нені білдіреді деген мәселе туындайды.
Испанияда қолма-қол ақшамен 1000 еуродан аспайтын сомаға ғана төлеуге болады. Егер бұл шектен асса, төлем сомасының 25 пайызы мөлшерінде айыппұл салынады. Азаматтардың банк шоттарын пайдалануына заңмен көптеген шектеу қойылған. Бұл жағдай экономикалық еркіндікке тікелей әсер етеді. Азаматтар өз қаражатының толық иесі емес, оны тек пайдаланып отырған тұлғаға айналып отыр, ал тыйымдар саны үнемі артып келеді. Экономикалық еркіндік жоқ жерде жыныстық бағдарға қатысты бостандық оны толық өтей алмайды.
Австралияда сиқыршылықпен айналысуға тыйым салынған, бұл үшін 800 АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл көзделген. Ал сиқыршылардың азаматтық құқықтары мен бостандықтары жоқ па? Мұнда өзін-өзі білдіру мен жеке әлеуетін іске асыру еркіндігіне тікелей шектеу қойылып отыр. Неліктен бұл елде ЛГБТ насихатына заңды түрде рұқсат берілген, ал сиқыр мен дуалау әрекеттеріне тыйым салынған? Бұл – екіұдай стандарттар мен саяси екіжүзділіктің көрінісі. Тіпті дәстүрлі емес жыныстық бағдардағы австралиялық сиқыршы үшін де бір салада өзін жүзеге асыруға мүмкіндік бар, ал басқа бір салада тыйым қойылған болып шығады.
Бірлескен журналистік зерттеудің деректеріне қарағанда, 2021–2023 жылдары Еуропадағы уақытша баспана жүйелерінен 51 433 кәмелетке толмаған бала із-түссіз жоғалған. Сол елдердің бірі — Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салынуына алаңдаушылық білдірген Австрияда — қазіргі таңда 20 077 бала жоғалған. Осы жағдайларды ескере отырып, саяси белсенділікті өз елдеріндегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау әлдеқайда орынды болар еді.
Еуропалық одақ делегациясының бұл мәлімдемеге қол қоюы бастаманың Еуроодақ аясында келісілгенін көрсетеді. Алайда Одаққа мүше бірқатар мемлекеттердің қол қоймауы Еуропада бұл мәселеге бірыңғай көзқарас жоқ екенін аңғартады. Бұл жайт ЕО елдерінің барлығы Қазақстандағы ЛГБТ насихатына қойылған шектеулерді теріс құбылыс деп санамайтынын білдіреді.




