БАСҚАРУДЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
ҰЛЫ ХАН САЙЛАУЫ
Баланың бойы күрт өсе бастағанда, ағзасы жетілмегендіктен, аяқ-қолы ауыратыны сияқты, Федерация субъектілерінің саны күрт артып, аумағының кеңеюіне орай, Парламенттік Федерация шеңберінде бұндай алып елді тікелей басқару өте қиынға соқты. Үкімет халықты басқару бойынша шешімдерді Құрылтайшылармен, ал, заңнамалық актілерді Мәжіліспен талқылап, ортақ келісімге келгенше, қыруар уақыт кететін.
Құрамы ұлғайған Парламентте де жағымсыз процестер орын алып, өзара жанжалдасқан елдердің өкілдері жеке-жеке фракцияларға біріге бастады, рулық топтар бір-бірімен тартысты, Федерация мүдделерді аяқ асты етіліп, жергілікті мүдделер күйттелді. Өз экономикаларын дамытудан әрі аса алмаған субъект-елдер Парламентке түк пайдасы жоқ, Үкіметтен өздеріне бірдеңе сұрап алғанды ғана білетін сандалбай-ақсақалдарды делегат етіп жіберді. Әр Мәжілісте Жеңіс не экономикадан, не саясаттан еш хабары жоқ өзімшіл, көпірме мылжыңдар тобырына өз идеяларының дұрыстығы мен іс-әрекеттерін жүзеге асыру жолдарын түсіндіріп әлек болды.
Кішігірім Одақтан алпауыт Федерацияға ұлғайған мемлекеттің басқару құрылымына түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігі туындады, атап айтқанда, билік өкілдерімен ақылдаспай-ақ, саяси және экономикалық мәселелерде жедел әрі өз бетінше әрекет ететін, жарлығы қатаң түрде жоғарыдан төменге бағытталатын Атқарушы билік құру керек болды.
Құрылтай кезінде Парламенттік басқару жүйесінен Президенттік басқару жүйесіне ауысу мәселесі көтерілді. Өйткені, Мәңгі Елдің бүкіл Заңнамасы қалыптасып болған, ол заңдарды өзгертетіндей, жақын арада Федерация өмірінде ерекше өзгерістер болмайды, сондықтан, ру өкілдерінің Мәжілісі өз қызметін толық атқарып болды деген шешіммен, біржола таратылды. Құрылтай да заң шығару қызметінен босатылды, енді оның құрамында Федерация субъектілерінің Хан-басшылары ғана қалды және олар Мәңгі Елдің басшысы Ұлы Ханның керек деп тапқан кезінде ғана жиналатын болды. Жаңа нормативтік-құқықтық актілер енді Ұлы Ханның Заң күшіне ие жарлықтары негізінде қабылдануы тиіс болады.
Мәңгі Елдің Басшысы – Ұлы хан – сайлауын ұйымдастырып, оның құқықтары мен жауапкершілігі аясын кеңейту жоспарланды. Құрылтайдың шешімімен Ханды Федерация субъектілерінің Басшы-Хандары, ірі әскербасылары мен Үкімет мүшелері сайлайды деп бекітілді. Сөйтіп, өздеріңіз де түсініп отырғандарыңыздай, Мемлекет Басшысы сайлауында оның құрамына барлық көшпелі халықтардың басым көпшілігін жеке өзі қабылдаған, Әскер мен Үкімет басшыларының барлығын лауазымды қызметтерге жеке өзі тағайындаған, ақылды саясаткер және кемеңгер басқарушы Жеңіс жеңді!
Федерацияның алғашқы Ұлы Ханының есімі «Жеңіс Хан» деп, ресми түрде қолданылатын болып бекітіліп, халық тарапынан кең қолдау тапты.
«Президенттік» басқару формасына орайластырылып, Мәңгі Елдің Ата Заңына маңызды түзету енгізіліп, Құрылтайдың дауыс беруі арқылы бірауыздан қабылданды. Сол түзетуге сәйкес, ақсүйек шонжарлар арасында талас-тартыс тудырмас үшін, Жеңіс Хан өмір бойы жоғары билік иесі болады, ал, болашақта оның ұрпақтары-төрелердің ішінен тек ең мықтысы ғана Ұлы Хан бола алады.
Қараңыздаршы, бұл жүйе Еуропадағы монархиялық әулеттер жүйесінен айрықша ерекшеленеді, оларда әулеттің үлкен ұлы қандай жарымес, ауру я ақылы толыспаған жас бала болса да, бірден келесі король деп жарияланып, таққа отырады.
Мысалы, Жеңіс-хан қайтыс болған соң, Сайлаушылар Комитеті оның ұлдарының ең саңлағы, үшінші ұлы Оқытайды (Угедейді) келесі Ұлы Хан етіп сайлады. Мәңгі Елдің заңдар жинағы «Ұлы Жасақ»-та: «Сайлау жолымен таңдалмай, өзін көсем атаған адам өлімге лайық» деп жазылған.
Бір кездегі Теміржан, Темуджин, енді, міне, Жеңіс Қытайдан Руське дейінгі аумақты мекендеген барша көшпенді түркі руларының халқы мен жерлерінен құралған мемлекеттің таңдаулы Жоғарғы Билеушісіне айналып, біресе «Шыңғыс Хан», біресе «Чингисхан» делінетін «Жеңіс Хан» атын иеленді!
«ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖОБАСЫ
КІЛТИПАНЫ МЕН КЕЛЕШЕГІ
Федерацияның жаңа субъектілері, Бірыңғай Экономикалық кеңістік пен Кеден Одағының толыққанды мүшелері бірте-бірте табиғи шаруашылықтан сатылатын қой жүні өндірісіне көшті, соған байланысты Мәңгі Ел Үкіметі оны экспортқа шығарып сатумен қатар, көшпенділерге қажет импорттық тауарлар сатып алуға да мүмкіндік беретін жаңа нарықтарды іздестірді. Бұның да сәті түсті. Өйткені, Федерацияның негізін қалаған төрт ру Одағының аумақтарынан алыс Батыста орналасқан Мәңгі Елдің жуырда қосылған субъектілері Хорезм хандығының халық тығыз қоныстанған егіншілік аумақтарымен көршілес тұратын.
13-ғасырдың басында Хорезм бүкіл Орталық Азия, Ауғанстан, Персия (қазіргі Иран), Грузия, Армения мен Әзірбайжанды қамтитын алып империя болған, 27 уәлаят-князьдіктерден тұрған, ол уәлаяттардың әрқайсысының билеушісі Хорезмнің астанасы Гурганж (қазіргі Үргеніш) қаласында тұратын Хорезм Шахына бағынған. Хорезмдегі отырықшы халықтардың дені егіншілікпен айналысып, қалалардың айналасындағы жыпырлаған көп қыстақтарда тұрған, ал, қалаларда Билеушілердің Резиденциялары, түрлі тапқа жататын қалалықтардың, шенеуніктер мен әлеуетті құрылым қызметкерлерінің, саудагерлер мен қолөнершілердің, қызметшілер мен басқа да жалшы-жұмысшылардың үйлері орналасқан, базарлар, дүкендер және түрлі шеберханалар шоғырланған.
Сауда-саттықты дамытуға сәл де болса, мүмкіндік беретін сыртқы нарық алаңдарын тапқан жағдайда, Жеңіс Ханға хабарлау тапсырылған Сыртқы Барлау қызметі Қытай мен Хорезм арасында мың жылдан бері сауда-саттық жасалып келе жатқанын хабарлады. Рас, бұл сауданың басталғанына мың жылдай уақыт болғанымен, ауқымы мәз емес еді. Бұның өз себебі бар. Қытайдың негізгі өнімі жібек болды. Және ол өндіруші елдің өзінде едәуір арзанға сатылатын. Алайда, Қытай мен Хорезмнің арасы тым алшақ болғандықтан және көптеген мемлекеттердің кедені арқылы өтетіндіктен, жібек ортадағы бірқатар алыпсатарлардың қолына түсетін. Олар да жібектің бағасына өздерінің шығындары мен кірістерін қосып отырды. Ақырында жібектің құны шарықтап, қымбаттап кететіні сонша, оны Хорезмнің ең бай адамдары ғана сатып ала алатын.
Сол кезден бастап сән-салтанаты асқан бай өмірді білдіретін «Үлде мен бүлдеге орану» деген сөз сақталып қалды (бұндағы үлде – жібек, бүлде – парша). Тым қымбат жібекті тұтыну нарығы шектеулі болғандықтан, сауданың көлемі де аз болды, сондықтан, сол кездегі сауда жолын «Шағын Жібек Жолы» деп атай аламыз.
Жеңіс Ханның нұсқауымен Мәңгі Ел Үкіметі Үлкен Сауда аясында жаңа ұлттық экономикалық жоба әзірлеп, оның қаржылық-экономикалық үлгісін жасауға кірісті. Ол жобаға «Жібек жолы» деген атау берілді.
Оның мәнісі былай еді. Хорезмнің сан миллиондаған халқының арқасында Федерацияның батыстағы субъектілері қой жүнін өткізетін жаңа үлкен нарыққа шығуы әбден мүмкін еді. Оған қоса, алдағы уақытта қытай тауарлары өндірісінің көлемі ұлғайып, Үндістаннан келетін импорт мөлшері артуы ықтимал болғандықтан, көп ұзамай, оның бәрін Федерацияның көшпелі халықтарының тұтыну нарығы сыйдыра алмас еді де, сол артылғанын Хорезм халықтарына үстеме бағамен қайта сатуға болар еді.
Хорезмге жүн экспорттау, қытай мен үнді тауарларын үстеме бағамен сату, сонымен қатар, Хорезмнен әкелінетін импорт тауарларды Федерация халқына сату Мәңгі Елге орасан зор салық түсімдерін әкелер еді, ал, ол түсімдерді жаңа әлеуметтік және экономикалық ұлттық жобаларға инвестициялауға болады.
Батыстағы Федерация субъектілерінің тұтыну мүмкіндігін ескеріп, Хорезм экономикасына да жаңа сауда нарығын ұсынуға болар еді. Хорезмнің шебер қолөнершілері мен егіншілері өз өнімдерінің өндірісін еселеп арттырып, Ұлы дала көшпенділеріне сата алар еді.
Транзиттік (яғни, өздерінің жерлері арқылы жүк керуендері өтетін) уәлаяттардың тұрғындары ара қашықтығы бір күндік керуен-сарайлар желісін ашып, Мәңгі Ел керуеншілерінің жатын орны мен тамағын дайындап, қызмет көрсетіп, сондай-ақ, аттарына шөп пен жемдік астық сатып, ақша таба алар еді.
Ұлттық Сауда Корпорациясының экономистері Жеңіс Ханға Ұлы Жібек Жолы жобасын іске асырып, пайда табу үшін, арада кедендік төлемдер мен транзиттік төлемдер болмауы шарт екенін растады.
Алайда, Хорезм Шахы ұтымды географиялық жағдайын пайдаланып, Мәңгі Ел керуендерінен кедендік төлемдерді, транзит ақысын және өздерінің аумағындағы саудадан көп мөлшерде салық талап етті. Және алдағы уақытта тауар легі неғұрлым артқан сайын, соғұрлым оның да араны ашыла берері анық еді.
Хорезмге қатысты мәселені күшпен шешу жағын қарастырғанда, Жеңіс Хан Солтүстік Қытай князьдіктері мен Хорезм арасында үлкен айырмашылық барын түсінетін. Солтүстік Қытайдың князьдіктері бір-бірімен алауыз, бытыраңқы болса, Хорезм – уәлаяттарының билеушілері Шахқа қатаң бағынатын, біртұтас мемлекет. Сондықтан, Қытайды Федерациямен сауда-саттыққа тартуға септескен бұрынғы тәжірибеге сүйеніп, Хорезмді күшпен көндірудің еш реті жоқ еді.
Әйтсе де, Хорезм мемлекеті біртұтас болып көрінгенмен, ауызбіршілікті емес еді. Сыртқы Барлау қызметі Жеңіс Ханға Хорезмдегі ішкі саяси жүйенің осал тұстарын да баяндап, елді мекендердегі уәлаят Билеушілерінің билігі онша күшті еместігін жеткізді.
Көшпелі қоғамдағы рулық құрылымнан айырмашылығы, оларда қарапайым адамдар мен Билеушілер қандас туыс емес, содан да, бір-біріне жанашырлығы, қамқорлығы жоқ болатын. Қаладағы да, ауылдағы да барлық жерлер уәлаят Билеушілерінің жеке меншігінде, ал, ауыл еңбеккерлері мен қала тұрғындары оларды жалға пайдаланып, жал ақысын төлейтін.
Отырықшы халықтардың бар дүниесі жылжымайтын мүлік болып табылады, сол жылжымайтын мүлікке мықтап байланған олардың өздері де тырп ете алмайды. Отырықшы халықтың ымырашыл көнбістігі мен бағынышты мінез-құлқының түп-тамыры осында жатыр. Бұл тұрғыда олар көшпенділердің мінезінен түбегейлі ерекшеленеді. Өйткені, егер рубасы әлінен қағынып, құтыратын болса, даланың еркіндік заңымен жүретін көшпенді оның быттиған бетіне былш еткізіп түкіреді де, жылжымалы мал-мүлкімен айдалаға көшіп кете барады, ал, диқан байқұс егістігін, суару жүйесін, үйі мен қора-қопсысын, бау-бақшасын тастап, қайда барады? Әрі-беріден соң, құнарлы жердің өзі тапшы, басқа өлкелердегі ондай жерлерді жұрт баяғыда жайлап алған.
Сол сияқты, қала тұрғыны да үйінен, дүкенінен, шеберханасынан ұзап қайда барады, басқа қалалар мен ауылдардағылар өз тұрғындарын сыйдыра алмай, қайда жіберерін білмей жүргенде? Міне, содан кеп, отырықшылар кез-келген Билеушіге төзіп, оның бар есерлігін көтереді. Бұны жақсы біліп алған отырықшы халықтардың Билеушілері де қарапайым адамдарды аяусыз қанап, олардан не болса, соған салық сыпырып отырды. Билеушілерінің кез-келген ерсі қылығына төзуге мәжбүр отырықшы халықтар, әлбетте, оларға ызалы болатын, оның арты ауық-ауық халық көтерілістері мен бүліктерге әкеп соғатын, сол себепті, Билеушілер тым наразыларды тыныштандыратын полиция да, бірнеше түрме де ұстап отырды, ал, бұл – «полиция», «түрме» дегендер – ерікті көшпенділер үшін барып тұрған тағылық еді.
1211-жылы Отырарда, 1212-жылы Самарқанда болған, Хорезм Шахы тарапынан аяусыз басып-жаншылған халық көтерілістері өз Билеушілеріне көңілдері толмайтын отырықшы халықтардың билік үшін, оның мүдделері үшін соғыспайтынын көрсетті, сондықтан, мәселені күшпен шешуге тура келген жағдайда, бүкіл Хорезм халқы көшпенділерге қарсы ұлт-азаттық партизан соғысын жүргізеді деп қауіптенбесе де болады. Бұл өте жақсы!
Сыртқы Барлау Қызметі Орта Бас Штабына Хорезмнің әскери әлеуеті жайлы да толық ақпарат берді. Сөйтіп, Таяу Шығыс пен Кавказды жаулап алу жорықтарын әлдеқашан аяқтаған Хорезм Шахы қаржы үнемдеп, қоластында небәрі 10 000 жауынгерден тұратын шағын әскер ұстап отырғаны, оның 90%-ы жаяу әскер екені және олардың бар бітіретіні – қарусыз халықты қорқыту мақсатында жазалау операцияларын атқару ғана екені анықталды.
Уәлаят Билеушілерінің қоластындағы қоғамдық тәртіпті қадағалайтын аздаған муниципалдық полиция жасақтарының ешқандай жауынгерлік тәжірибесі жоқ. Уәлаят Билеушілерінің бекінген кішігірім Қамал-Резиденцияларынан басқа, қалаларда ешқандай бекіністер жоқ. Хорезм мемлекетінде тұрғындарды халық жасағына жұмылдыру жүйесі қалыптаспаған. Бүліктер мен көтерілістер кезінде қолдануы мүмкін деген қауіптен тұрғындарға қару-жарақ иеленіп, сақтауға қатаң тыйым салынған. Сол себепті, тұрғындардың, тіпті, бастапқы, ең қарапайым әскери дайындығы да жоқ.
Тарихшылар Жеңіс Ханның Хорезм хандығын 1219–1221-жылдары бағындырғанын жазады, бірақ, қалай бағындырғанын түсіндіре алмайды. Ойлаңыздаршы, бұрын ешқашан қамал алып көрмеген, не ауыр-ауыр тас лақтырғыштары, не қабырға бұзғыш машиналары болмаған 20 000 жауынгердің күшімен бар-жоғы 2 жылдың ішінде Орта Азия, Таяу Шығыс және Кавказ аумағын алып жатқан Хорезмнің 27 уәлаятындағы 40 (!) ірі қаланы ҚАЛАЙША басып алуға болады? Әмбе бір уәлаяттан екіншісіне ұзақ жол жүріп жетіп, сосын әрбір қаланы шабуылдауға небәрі 18 күннен жұмсаған. Бұл мүмкін бе?
Қол астында 70 000 солдаты мен офицері, танк, артиллерия және авиациялық полктері болған, алақандай ғана Шешенстандағы екі соғысқа 12 жыл сарп еткен Ресей Әскерінің генералдарынан сұраңыздаршы, бұлай болуы мүмкін бе? Бірақ, солай болды және осы таңғажайып құбылыстың сырын біз келесі әңгімемізде талқылаймыз.
Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»
Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы»
Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»
Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»
Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»
Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»
Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»
Кітаптың тоғызыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі ел құру жоспары»
Кітаптың оныншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты»
Кітаптың он бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы сауда көлігі»
Кітаптың он екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. «Жүн Жолы» жобасы»
Кітаптың он үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі елдің қарыштап өсіп-өркендеуі»