Евразия24Басты бетЭкранға телмірген ұрпақ білімнің бағасын жоғалтып алмай ма?

Экранға телмірген ұрпақ білімнің бағасын жоғалтып алмай ма?

|

|

«Білім – таусылмайтын қазына» дейді халқымыз. Расында, адамға өмір бойы серік болатын ең үлкен байлық – білім. Ол ешқашан құнын жоғалтпайды, керісінше, иесін биік белестерге жетелейді. Алайда бүгінгі цифрлық дәуірде осы асыл құндылықтың бағасын жете түсінбей келе жатқан жастардың қатары көбейіп бара жатқандай. Бұл – тек бір отбасының немесе бір мектептің емес, тұтас қоғамды алаңдатарлық мәселе.

2024 жылы «Білім туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мектептерде сабақ барысында оқушылардың ұялы телефон пайдалануына шектеу қойылды. Заңның 47-бабының 10-1-тармағында қысқа мерзімді оқу жоспарында арнайы қарастырылған жағдайларды қоспағанда, оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын қолдануға рұқсат етілмейтіні көрсетілген.Бұл тұста  кейбір ата-аналар баламен байланыс, қауіпсіздік, тамақтануға төлем мәселесінде телефонды сөндірріп қоюға қарсылық танытқаан. Бұл білім ордасындағы жағдай. Ал үйде смартфоннан бас алмайтын баланың жағдайы тіптен алаңдатырлық құбылыс.

Айта кетейік, қазіргі таңда оқушылардың басым бөлігінің бос уақыты ұялы телефонмен тығыз байланысты. Әлеуметтік желілер, онлайн ойындар, қысқа бейнероликтер мен түрлі қосымшалар жасөспірімдердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бір қарағанда, мұның бәрі қалыпты құбылыс болып көрінеді. Өйткені телефон – заманның талабы. Бірақ мәселе телефонның өзінде емес, оны қалай пайдаланып жүргенімізде.

Бүгінгі оқушы бірнеше сағат бойы экранға үңілгенімен, бірнеше беттік кітапты соңына дейін оқуға шыдамайтын жағдайға жетті. Қысқа бейнероликтерге үйренген сана ұзақ мәтінді қабылдауды қиынсынады. Соның салдарынан кітап оқу мәдениеті әлсіреп, білімге деген қызығушылық біртіндеп төмендей бастайды. Ал кітап – адамның ой-өрісін кеңейтетін, сөздік қорын байытатын, дүниетанымын қалыптастыратын ең сенімді рухани қазына.

Смартфонды мектепте шектеу оқушылардың үлгерімін жақсартатыны зерттеулермен дәлелденді. Әсіресе үлгерімі төмен оқушылардың білім сапасы айтарлықтай артқан. Мұндай тәжірибе Норвегия мен Ұлыбританияда да оң нәтиже берген. Аталған тақырып бойынша Америкалық психолог Jonathan Haidt соңғы жылдары балалардың смартфонға шамадан тыс тәуелділігі олардың зейінінің төмендеуіне, күйзелістің артуына және оқу үлгерімінің әлсіреуіне әсер ететінін атап көрсетеді. Ол мектептерде телефон қолдануды барынша шектеуді ұсынады және оқу ортасы ең алдымен баланың ойлауына, қарым-қатынасына және кітап оқуға мүмкіндік беруі тиіс екенін айтады.

Қазақстанда бұл мәселе заң жүзінде де қолға алынды. 2024 жылғы 23 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мәселелері бойынша заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес, оқушыларға сабақ барысында ұялы телефонды пайдалануға тыйым салынды. Ерекше жағдайларда ғана (мысалы, мұғалімнің тапсырмасы бойынша оқу мақсатында) телефон қолдануға рұқсат етіледі. Бұл өзгеріс оқушылардың сабаққа зейінін арттыру, білім сапасын жақсарту және мектептегі тәртіпті нығайту мақсатында енгізілді.

Егер мемлекет балалардың білім алуына кедергі келтіретін факторды заңмен шектеуге мәжбүр болса, бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін аңғаруға болады. Ендеше баланың уақытын тек телефон емес, кітап, білім және ізденіс жаулауы тиіс.Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері смартфон қолдануға шектеу енгізген. Дегенмен, өзге мектептердің көбі бұл мүмкіндікті әлі пайдаланбай отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтып, мектеп басшыларын батыл шешім қабылдауға шақырған еді.

Өкінішке қарай, кейбір жасөспірімдер уақыттың қалай өткенін де байқамай, бірнеше сағатын әлеуметтік желілерде өткізеді. Олар өзгелердің өмірін бақылауға көп уақыт жұмсайды, бірақ өз өміріне пайда әкелетін істерге жеткілікті көңіл бөлмейді. Мұндай әдет адамның уақытын ғана емес, ойын да шашыратады. Соның салдарынан сабаққа деген ынта азайып, есте сақтау қабілеті мен зейіннің тұрақтылығы төмендейді. Ал уақыт – қайтып келмейтін ең қымбат байлық. Оны тиімді пайдалана білген адам ғана үлкен жетістікке жете алады.

Әлеуметтік желідегі жарқын өмір көбіне шынайы өмірдің көрінісі емес. Ондағы атақ пен танымалдық уақытша болуы мүмкін. Ал шынайы өмірде адамның орнын анықтайтын – оның білімі, тәрбиесі, еңбегі мен адамгершілігі. Сондықтан жастар виртуалды әлемнің жетегінде кетпей, өз болашағына қызмет ететін құндылықтарды таңдауы қажет.

Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Демек, білім мен тәрбиені бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Саналы ұрпақ уақыттың қадірін біледі, әр минутын пайдалы іске жұмсайды. Телефон да дұрыс қолданылғанда білім алудың тиімді құралына айналады. Электронды кітап оқу, шет тілдерін меңгеру, ғылыми дәрістер тыңдау, жаңа дағдылар үйрену – мұның барлығы цифрлық мүмкіндіктің игілігі. Ең маңыздысы – технологияны басқару, оған тәуелді болып қалмау. Баланың кітап оқуға деген қызығушылығы ең алдымен отбасында қалыптасады. Үйде кітап оқылатын орта болса, бала да соған бейімделеді. Ал мектеп сол қызығушылықты дамытып, білімге деген құштарлықты арттыруға атсалысады.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы жастарды үнемі ғылым мен еңбекке үндеді. Оның «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті бүгінгі күні бұрынғыдан да өзекті. Себебі XXI ғасыр – білім мен бәсекенің ғасыры. Болашақта өз орнын табатын азамат – уақытын тиімді пайдаланып, үнемі ізденетін, жаңалыққа ұмтылатын адам.

Әр жас өзіне: «Мен бүгін уақытымды неге жұмсадым? Бұл іс мені арманымның бір қадамына жақындатты ма?» деген сұрақты жиі қойғаны жөн. Егер күннің көп бөлігі мағынасыз бейнероликтер көруге кетсе, онда жоғалған уақытты ешкім қайтара алмайды. Ал сол уақыт кітап оқуға, жаңа білім үйренуге немесе пайдалы іске жұмсалса, оның жемісі міндетті түрде көрінеді.

Жастар – елдің ертеңі, ұлттың үміті. Ертеңгі Қазақстанның қандай болатыны бүгінгі оқушының қандай таңдау жасайтынына байланысты. Сондықтан білімді бірінші орынға қою – әрбір жастың азаматтық борышы. Телефон өмірді жеңілдететін құрал болып қала берсін, бірақ ол арманға жетуге кедергі келтірмеуі тиіс. Себебі адамның шынайы жетістігі экрандағы уақытша танымалдықпен емес, алған білімімен, адал еңбегімен және елге жасаған пайдасымен өлшенеді. Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі. Ендеше, уақытты бағалайық, кітаппен дос болайық, білімге ұмтылайық. Өйткені ұлттың болашағы – білімді де саналы жастардың қолында.

Авторы:  Айнұр Әділбекқызы

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Чехияда оқу: Еуропалық білімнің шынайы келбеті

Еуропалық білім алу бүгінде Қазақстан жастарының көпшілігі үшін маңызды мақсаттардың біріне айналды. Бірі сапалы білім алу үшін шетелдік университеттерді таңдаса, енді бірі халықаралық тәжірибе жинап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды көздейді. Алайда қызығушылықпен қатар көптеген сұрақтар да туындайды. Еуропалық білім беру жүйесінің ерекшелігі қандай? Оқуға түсу қаншалықты қиын? Шетелдік студенттер қандай қиындықтарға тап болады? Жалпы, шетелде оқу шынымен күткен үмітті ақтай ма? Бұл шығарылымда осы сұрақтарға жауап береміз.

Қытайдағы ауа райының қолайсыздығына қарамастан туристік сұраныс тұрақты

Биыл жазда Қытай аумағында болған бірнеше тайфун туристердің турлардан бас тартуына немесе сұраныстың төмендеуіне әсер еткен жоқ.

Азия қор нарықтарында әркелкі динамика байқалдым

Азия-Тынық мұхиты өңірінің қор индекстері сейсенбідегі сауданы әртүрлі бағытта аяқтады. Жапон биржасы жумыс демалыста жұмыс істеген жоқ .

ЕО газ қоймаларындағы қор бес жылдық орташа деңгейден төмен

Еуропаның жерасты газ қоймаларындағы қор 9 тамыздағы газ тәулігінің қорытындысы бойынша 59,12%-ға дейін өсті.