Евразия24Басты бетЕскі дипломатия дәуірінің аяқталуы ма?

Ескі дипломатия дәуірінің аяқталуы ма?

|

|

Саяси лексиконнан «дипломатиялық жанжал» ұғымы біртіндеп жоғалып барады. 1963 жылғы 24 сәуірде қабылданған Консулдық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясының талаптарына сай алғанда, мемлекетаралық қатынастардың қазіргі ахуалы аса күрделі сипат алып отыр. Алайда мұндай келеңсіз жайттар бүгінде қалыпты жағдай ретінде қабылдануда. Нәтижесінде, қайшылықтарды шешуге және кері шегінуге мүмкіндік беретін дәстүрлі дипломатиялық құралдар іс жүзінде қолданыстан шығып қалған.

Әлемдік ықпалдылықтың тізгінін әзірше АҚШ жетекшілік ететін ұжымдық Батыстың қолында. Бұл үстемдікке олар экономикалық әлеуеттің арқасында жетіп, оны әскери артықшылықпен бекітіп, кейін халықаралық ұйымдардағы жетекші рөлмен нығайтты. Бүгінде бұл құрылымдарда – қаржылық жүйеден спорт саласына дейін батыстың бақылауында.

Алайда уақыт бір орында тұрмайды. Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-саммиті жаһандық Шығыс пен Оңтүстік елдерінің Батыстың қатысуынсыз халықаралық өзара ықпалдастық жүйесін құруға нақты кіріскенін айғақтады. Әрине, ұжымдық Батыс бұл процестерге өзінің геосаяси салмағы және әлемдік оқиғаларға білдіріп отырған түрлі реакциялары арқылы ықпал етіп отыр. Дегенмен, басталған үдеріс енді жалпы тұжырымдар деңгейінен шығып, практикалық іске асыру кезеңіне өтті.

Батысқа жатпайтын елдер арасындағы жетекші үштікке Қытай (индустриялық қуаты), Ресей (ядролық арсеналы мен табиғи ресурстары) және Үндістан (ауқымды адами капиталы) заңды түрде еніп отыр.

Үндістанмен байланысты геосаяси үдерісте күтпеген өзгеріс байқалды. Тамыз айына дейін бұл ел әлемдік саясатта дербес ойыншы ретінде танылғанымен, негізінен АҚШ жетекшілік ететін мемлекеттер тобына жақын тұрған ел ретінде бағаланып келді. Алайда Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Үндістанның ұстанымында өзгеріс бар екенін айқын көрсетті – Оңтүстік Азия алыбы өзінің геосаяси орнын қайта бағамдап, бағыт-бағдарын жаңартуға бет бұрғандай.

Бақылаушылардың барлығы дерлік АҚШ дипломатиясының Үндістан бағытында түсініксіз әрі қисынсыз әрекет еткенін атап өтуде. Егер Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге қысым жасап, оны Еуроодақ пен Ұлыбританияға ұқсас «кіші әріптесіне» айналдыруды мақсат етсе, алдымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін күтіп, келіссөздердің барысын бағамдап алғаны жөн болар еді. Алайда Вашингтон, керісінше, тым ерте әрекетке көшіп, нәтижесінде бұл қадам саяси қателікке айналды.

Алайда Трамптың президенттік бірінші мерзімін еске түсірсек, оның сол кезде де дипломатия саласында көзге түсе қоймағанын байқаймыз. АҚШ-тың 45-президенті сайлаудағы жеңісіне дейін өзін Барак Обамадан әлдеқайда батыл саясаткер ретінде көрсетіп, «2014 жылы Қырымды Ресей өз бақылауына қайтара алмас еді» деп мәлімдеген болатын. Алайда Обама әкімшілігі 2016 жылғы желтоқсанда Ресейдің дипломатиялық мүлкін тәркілегенде, Дональд Трамп жағдайды жұмсартуға тырысқан жоқ. Керісінше, шиеленісті одан әрі өршітуге бейілді қадамдар жасады.

Кейбір оқиғалар ақылға қонбайтын деңгейге жетті. Мәселен, 2017 жылдың қыркүйегінде Ресейден 755 америкалық дипломат елден шығарылған соң («өзара шара» саясаты аясында), АҚШ президенті бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, олардың бәрі онсыз да жұмыссыз жүргендер еді деген сарында мәлімдеме жасаған.

АҚШ дипломаттары бұл жағдайға ашық наразылық білдіріп, ерекше алаңдаушылық танытты. Себебі, бір қарағанда, әлемдік державаның жоғары лауазымды тұлғасы өз елінің елшіліктері мен консулдықтарының мемлекет аумағындағы қызметін қажетсіз әрі мәнсіз жұмыс ретінде қабылдағандай әсер қалдырды. Мұндай көзқарас – тек моральдық тұрғыдан күйзеліске емес, сонымен қатар кәсіби ынтаның күрт төмендеуіне алып келетін жағдай. Мұнан артық мотивацияны жоятын мәлімдемені елестетудің өзі қиын.

Қазіргі кезеңде АҚШ-тың кәсіби дипломатиясы бұрынғыдай айқын және салмақты үн қатпай отыр. Бұл институттың мемлекеттік құрылым ретіндегі беделінің әлсірегенін мойындағандай көрінеді. Мемлекет басшыларының жабық форматтағы келіссөздерінен кейін, ең өзекті және күрделі мәселелердің түрлі бейресми арналар арқылы жария болып кетуі бүгінде ешкімді таңғалдырмайды. Мұндай тәсіл белгілі бір саяси технологиялар үшін тиімді болуы мүмкін, алайда бұл – дипломатияның дәстүрлі қағидаттарына тікелей нұқсан келтіретін, кәсіби этиканы сақтаудың шегінен шығып кеткен құбылыс.

Біріккен Еуропадағы жағдай да айтарлықтай жақсы емес. ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас жалпы еуропалық элитаның, соның ішінде дипломатиялық қызметтің де кәсіби деңгейінің құлдырауын көрсететін нақты мысалға айналды. Оның кез келген маңызды мәселеге қатысты сұхбаты қалыптасқан идеологиялық тұжырымдарды қайталаумен шектеледі, ал көбінесе айтылған ойлар нақты жағдайдың мәніне сай келмейді.

Германия канцлері Фридрих Мерц бір ғана сұхбаттың ішінде Ресей президенті Владимир Путинді үш мәрте «қылмыскер» деп атады. Мұндай ауыр айыптауларды бұрын мемлекет басшылары тек қарсылас ел толық жеңілген жағдайда немесе соғыс алаңындағы жағдай кімнің басым екені айқын болған кезде ғана айтатын. Қазір Кремльде «ізгі ниет танытудың» түрлі формаларына бейім саясаткерлер жетерлік. Дегенмен ядролық держава басшысын себепсіз ашық айыптау – парасатты дипломатияға тән тәсіл емес.

Франция Президенті Эммануэль Макрон халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты батыл мәлімдемелер жасап, Францияның әскери контингентін жаһанның түрлі өңірлеріне орналастыруға дайын екендігін жиі атап өтуде. Алайда биыл жазда Париж Сенегал аумағынан өз әскери күштерін толықтай шығарды. Бұл — Францияның Батыс Африкадағы әскери қатысуының 1659 жылдан бастау алған тарихи кезеңінің аяқталуын білдіреді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан Премьер-министрі Zijin Mining компаниясының басшысымен тау-кен металлургия кешеніндегі инвестициялық ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Zijin Mining Group компаниясының төрағасы Чэнь Цзиньхэмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тау-кен металлургия кешеніндегі (ТМК) инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Мәжіліс спикері Тоқаевқа палата қызметі туралы баяндады

Ерлан Қошанов Мәжілістің қазіргі қызметі туралы ақпарат берді. Хабарламаға сәйкес, қазіргі уақытта Мәжіліс 15 заңды қабылдап, Сенатқа жолдаған. Палата қарауында 77 заң жобасы бар.

Нидерланд үкіметі қытайлық Wingtech-ке тиесілі Nexperia чип өндіруші компаниясын бақылауына алды

Нидерланд үкіметі жартылай өткізгіш компоненттер өндіретін, Қытайдың Wingtech Technology Co. компаниясына тиесілі Nexperia компаниясын бақылауына алды.

Францияда оппозициялық күштер үкіметке сенімсіздік білдіру бастамасын көтерді

Францияның оппозициялық саяси күштері премьер-министр Себастьен Лекорню басқарған үкіметке қарсы сенімсіздік вотумын жариялауға ұсыныс енгізді. Бұл бастамаға ұлтшыл бағыттағы «Ұлттық бірлік» партиясы мен «Республика үшін оңшылдар одағы» қолдау білдірді.