Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойы ұйымның негізгі мүшелерінің бірі — Иранға АҚШ шабуылдары жалғасып жатқан тұста өтті. Оның үстіне Вашингтонның бұл әрекеттеріне халықаралық деңгейде берілген ешқандай мандат жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, ШЫҰ-ның алдағы даму бағыты да айқындала түседі: Еуразия өңірінің қауіпсіздігіне сырттан қатер төнген жағдайда оған жауап берудің тетіктері мен құралдарын қалыптастыру.
Әзірге Біріккен Ұлттар Ұйымының ШЫҰ-мен салыстырғанда екі негізгі артықшылығы бар:
- Заңды негіз қалыптастыру.Күш қолдануға немесе санкция енгізуге әлем елдерінің басым бөлігі мойындайтын халықаралық мандатты тек БҰҰ бере алады.
- Жаһандық ауқым.БҰҰ қабылдаған техникалық, гуманитарлық және халықаралық-құқықтық конвенциялар бүкіл әлемге ортақ нормалардың қалыптасуына негіз болады.
Алайда геосаяси ықпалдың Азияға қарай ойысуы, әлемдегі жіктелістің күшеюі және негізгі ойыншылар арасындағы алшақтықтың артуы жағдайында мұндай міндеттердің бір бөлігі біртіндеп өңірлік ұйымдар мен кеңес алаңдарына ауысуы ықтимал.
Осы тұрғыдан Шанхай ынтымақтастық ұйымының тәжірибесі болашақта басқа құрылымдар бағдар алатын үлгіге, халықаралық қатынастардың жаңа моделіне айналуы мүмкін.
ШЫҰ әуел бастан ұлттықтан жоғары өкілеттігі жоқ өңірлік ұйым ретінде құрылды. Оның негізгі қағидаттары — мемлекеттердің егемендігін құрметтеу және ішкі істеріне араласпау. Сондықтан ШЫҰ Еуразия кеңістігінде БҰҰ атқаратын бірқатар міндетті өз деңгейінде атқара алатын құрылымға айналып келеді. Бұған ұйым ішінде қандай да бір шешімді мүше мемлекеттердің еркінен тыс міндеттеп орындататын тетіктің болмауы да ықпал етеді.
БҰҰ-да міндетті шешім қабылдаудың құқықтық тетігі бар. Алайда қазіргі геосаяси жағдайда оның мүмкіндігі шектеліп отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ең осал тұсы — вето құқығы. Соның салдарынан ұйымның ықпалы әлсіреп, өткір дағдарыстар бойынша нақты шешім қабылдаудың орнына тараптар өз ұстанымдарын білдіретін алаңға айналып барады.
Бұған дейін, 1990 және 2000 жылдары Батысқа балама ықпал орталықтарының әлсіздігі БҰҰ тетіктерін АҚШ-тың Жаһандық Оңтүстік елдеріне қатысты неоколониалдық саясатын заңдастыру мақсатында орынсыз пайдалануға жол ашты. Ал ШЫҰ-ның өңірдегі негізгі құрылымдардың біріне айналуы қалыптасқан теңгерімсіздікті біртіндеп түзетуге мүмкіндік беріп отыр. Оның бірнеше себебі бар:
- ШЫҰ-да шешімдер мүше мемлекеттердің ортақ келісімімен қабылданады. Соның арқасында ұйымға кірмейтін сыртқы күштер шешім қабылдау үдерісіне ықпал ете алмайды.
- Сонымен қатар экономикалық ықпал Азияға қарай ойысқан сайын, бастапқыда өңірлік деңгейде қабылданған ШЫҰ шешімдерінің халықаралық маңызы да арта түспек. Қарапайым айтқанда, ШЫҰ-ға кірмейтін қандай да бір мемлекет немесе халықаралық ұйым әлемдік экономикалық өсімнің негізгі орталықтарының бірімен ынтымақтасқысы келсе, сол кеңістікте қалыптасқан тәртіппен санасуға мәжбүр болады.
АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы секілді жағдайлар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығының мүддесіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай әрекеттерге қатысты ұйымның ортақ ұстанымы қалыптасуы әбден мүмкін. Мәселен, ШЫҰ елдері Иранды экономикалық оқшаулауға бағытталған АҚШ талаптарын орындаудан ұжымдық түрде бас тарта алады.
Кеңірек қарастырсақ, ШЫҰ-ны құрушы мемлекеттердің бірі ретінде Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ұйым аясындағы ортақ қағидаларды қалыптастыруға қатыса отырып, ел 1990 жылдары ұжымдық Батыс тарапынан жүктелген тиімсіз міндеттемелерден арылуға мүмкіндік алады. Африка елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, мұндай отарсыздану үдерісін жеке жүргізу ондаған жылға созылуы мүмкін. Ал ШЫҰ мүмкіндіктеріне сүйенген жағдайда бұл мерзімді бірнеше жылға дейін қысқартуға болады. Ол үшін ең алдымен саяси ерік қажет.




