Amnesty International және Human Rights Watch сынды халықаралық ұйымдар ондаған жылдар бойы өлім жазасын адамның негізгі құқықтарын, ең алдымен өмір сүру құқығын бұзу деп тану бағытында жаһандық науқандар жүргізіп келеді. Құқық қорғаушылар мен халықаралық құрылымдар өлім жазасын қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және түзетілмейтін жаза түрі ретінде қарастырып, оны жоюды немесе жеңілдетуді жақтайды. Соған қарамастан, Израиль мемлекеті бұл мәселеде қарама-қайшы бағыт ұстанып отыр. 30-нан 31 наурызға қараған түні Кнессет терроризм үшін, атап айтқанда, Израиль азаматтарын қасақана өлтіргені үшін сотталғандарға өлім жазасын қолдану туралы заң қабылдады. Құжатты 62 депутат қолдап, 48-і қарсы дауыс берді.
Қабылданған заңға сәйкес, басып алынған аумақтардағы палестиналық тұрғындардың істері қаралатын әскери сотқа Израиль азаматтарын террористік мақсатта өлтіргені үшін өлім жазасын кесу міндеттелді. Өлім жазасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру тек «ерекше жағдайда» ғана мүмкін. Сонымен қатар, әскери соттар прокуратура тарапынан тиісті өтініш түспеген жағдайда да, өлім жазасын шығаруға міндетті.
Үкім шығарылған күннен бастап 90 күн ішінде дарға асу арқылы жүзеге асырылады. Жазаны орындау мерзімін тек Премьер-министр ғана кейінге қалдыра алады, бірақ бұл мерзім қосымша 90 күннен аспауы тиіс. Өлім жазасына кесілгендер сыртқы адамдармен кездесу құқығынсыз бөлек мекемеде ұсталады, ал заңгерлік кеңестер тек бейнебайланыс режимінде жүргізіледі.
Заңның екінші бөлімі Израиль азаматтары мен оның аумағында тұрақты тұруға рұқсаты бар тұлғаларға қолданылатын Қылмыстық кодекске түзетулер енгізеді. Бұл санат бойынша өлім жазасы кез келген кісі өлтірген террористке емес, тек «Израиль мемлекетінің өмір сүруін тоқтату ниетімен» әрекет еткендерге ғана тағайындалады. Осылайша, заң іс жүзінде еврей террористеріне өлім жазасын қолдану мүмкіндігін жоққа шығарады.
Израиль Әділет министрі бұл заңға қарсылық білдірді
Аталған құжаттың қабылдануына Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен оның оңшыл радикалды «Еврей қуаты» партиясы басты лоббиші ретінде ықпал етті. Оларды «Ликуд» және «НДИ» партиялары қолдады. Осы орайда өткен сайлау алдындағы науқан кезінде орын алған бір оқиға айтарлықтай маңызды: Бен-Гвир үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқанда, оның жанындағы жақтастарының бірі «Арабтар өлсін!» деп ұрандата бастайды. Бен-Гвир сөзін бөліп, оған: «Жоқ! Террористер өлсін!» деп айқайлайды. Бұл әрекетімен ол «Арабтарға өлім» деп емес, «Террористерге өлім» деп айту керек деген ишара білдірген, ал жақтасы оның бұл меңзеуін бірден түсінген.
Бұл заңның қабылдануы жоғарыда айтылған оқиғамен тікелей байланысты. Бен-Гвир палестиналықтарға қатысты қатаң жазаны жақтаса да, заңды Кнессет депутаттары еш күмәнсіз мақұлдауы үшін оны басқаша сипатта ұсынуы керек болды. «Арабтарға өлім!» деген ұранмен бұл заң өтпес еді. Себебі министрліктердегі кәсіби мамандардың көбі бұл заңға қарсы екенін ашық айтқан болатын. Израильдің Әділет министрі де бұл заңның мемлекетке қиындық әкелетінін түсініп, оған қарсы шықты. Бірақ соған қарамастан, Ұлттық қауіпсіздік министрі мен оның тобы заңды қабылдатты.
Ілмек белгісі
Заң жобасын насихаттау кезінде және қабылданған күні Бен-Гвир мен оның жақтастары костюмдерінің жағасына дарға асу ілмегі бейнеленген белгі тағып жүрді. Дауыс беру аяқталған соң, олар бұл оқиғаны арзан шампан ішіп атап өтті. Әлеуметтік желілерде Бен-Гвир бастаған топтың: «Тарих жазылды! Уәде бердік – сөзімізде тұрдық!» деп қуанып жатқан видеосы тарап кетті. Кейінірек ол жазаны орындайтын арнайы кешенді және палестиналықтар өлім жазасына кесілетін ілмегі бар камераны көрсетті.
Айта кететін маңызды жайт, өлім жазасы туралы заң жалпы қылмыстық құқық аясында емес, ұлттық және саяси қақтығыс тұрғысынан қабылданды. Сондықтан бұл құжат дәстүрлі заңнаманың бір бөлігі емес, көбіне саяси құрал ретінде қабылданады.
Нетаньяху жауапты
Бұл заңды Биньямин Нетаньяху да қолдады, өйткені оған коалиция бірлігін сақтап қалу қажет болды. Заңның қабылдануын жақтаушылар Премьер-министрге қысым көрсеткен болуы мүмкін. Себебі Бен-Гвир өлім жазасы туралы заңның қабылдануын мемлекеттік бюджеттің бекітілуімен байланыстырды. Егер мемлекеттік бюджет 31 наурызға дейін бекітілмесе, Кнессет таратылып, Израильде жаңа сайлау өтуі тиіс еді. Нетаньяхудың жаңа сайлауды қаламайтыны және одан қашатыны анық, сондықтан ол шегініс жасап, өлім жазасы туралы заңның қабылдануына келісті.
Бұл заң тек қауіпсіздік шарасы емес, Израильдегі саяси және әлеуметтік көзқарастардың өзгергенін көрсетеді. Қазіргі таңда палестиналықтарды саяси қарсылас емес, жау ретінде көріп, оларды жаппай жазалауды қолдайтындар көбейіп келеді. Бұл жағдай Израиль саясаты мен қоғамының ұлттық және діни экстремизмге қарай бет бұрғанын байқатады.
Осылайша, аталған заң израильдік қоғамның тым оңшыл көзқарастарға ауысқанын дәлелдейді. Мұндай өзгерістер тек саясатта емес, елдің заңнамасында, сот жүйесінде және әділдік туралы түсініктің өзінде де көрініс табуда.
Нәсілшіл заң
Бұл заңның ең қауіпті тұсы — оның ашық нәсілшілдік сипатында. Құжатта жазаның қолдану аясы «идеологиялық немесе ұлттық» себептермен жасалған қылмыстар деп көрсетілген. Мұндай кең ауқымды анықтама іс жүзінде заңның тек палестиналықтарға қарсы бағытталатынын білдіреді.
Екінші жағынан, халықаралық деңгейде және бұқаралық ақпарат құралдарында «сионистік терроризм» деген ұғым танымал болса да, бұл заң нормалары палестиналықтарды ұлттық немесе діни негізде өлтірген еврей қоныстанушыларына немесе Израиль азаматтарына қолданылмайды.
Осылайша, жалпыға ортақ құқықтық құжат болудың орнына, бұл заң адамдарды ұлты мен бірегейлігіне қарай бөлектейтін кемсіту құралына айналды. Бұл — апартеид режиміне тән басты белгі, яғни кемсітушілік тек іс жүзінде емес, заң жүзінде де бекітілген.
Бұл — апартеидтік заң
Кнессет депутаты Аида Тума-Сулейман MEE (Middle East Eye) арнасының тілшісі Каролина Педрацциге берген сұхбатында былай деді:
«Бұл — апартеид заңы. Осы құжатқа сәйкес, тек бір халықтың өмірі ғана құнды деп танылады. Ол — тек еврейлердің өмірі. Ал палестиналықтардың өмірі маңызды емес. Бұл — өлім мен қанның, фашизм мен апартеидтің салтанаты болды. Үкімет ауысуы мүмкін, бірақ мұндай қатыгез құндылықтар қоғам санасына терең сіңіп кетсе, нағыз қасіретке айналмақ».
Іс жүзінде заң жобасы Израильдегі еврей қоныстанушыларының терроризмін мүлдем жоққа шығару идеясына негізделген. Сонымен қатар, палестиналықтардың барлығы, тіпті балаларға дейін «террорист» санатына жатқызылған. Мұндай кең ауқымды топтастыру заңды тек қылмысты атқарушыларға ғана емес, оған қатысушыларға, жоспарлаушыларға, көмектесушілерге, тіпті оқиғаны қолдады немесе мақтады деп айыпталғандарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне немесе жай ғана қасынан өтіп бара жатқандарға да қолдануға жол ашады.
Демек, өлім жазасына кесілетіндердің тізімі айтарлықтай ұлғаюы мүмкін. Дәл осы жайт бұл заңның тек кісі өлтіргені үшін берілетін жаза емес, бүкіл палестиналық қоғамды жаппай сескендіру мен тежеу құралы екенін дәлелдейді.
Улы инъекция немесе дарға асу
«Мен Кнессетке сайланғанда, жиындарда у салу, дарға асу немесе басқа да өлім жазасының түрлерін талқылаймыз деп ойламаппын. Бұл комитеттегі талқылаудың бір бөлігі еді. Ашығын айтқанда, бұл өте қорқынышты болды. Адамгершілікке жатпайтын бұл әрекеттер оларға ұнап жатқандай көрінді. Бұл заң 7 қазандағы шабуылдан кейін, израильдіктердің үрейі мен сезімін пайдалану арқылы қолдау тауып, алға жылжыды», — дейді Аида Тума-Сулейман.
Заңгер-сарапшылардың пікірінше, бұл құжат Ұлттық қауіпсіздік министріне кең ауқымды өкілеттік береді. Енді ол мемлекеттік айыптаушының тікелей сұрауынсыз немесе әскери судьялардың толық келісімінсіз-ақ өлім жазасын орындатуға қол жеткізе алады. Бұл өлім жазасына қатысты істерде қолданылатын сот кепілдіктерін айтарлықтай әлсіретеді.
Мәселенің тағы бір қауіпті тұсы — заң өлім жазасын жүзеге асыратын израильдік офицерге шексіз иммунитет (жауапкершіліктен қорғау) береді. Іс жүзінде бұл офицерді әрі «судья», әрі «жазалаушы» етіп жібереді. Мұндай жағдай үкім кесу мен оны орындау жауапкершілігін бөлек қарастыратын қылмыстық әділдіктің қарапайым қағидаларына қайшы келеді.
Израиль қауіпсіздік күштерінің өкілдері ашық мәлімдегендей, палестиналықтардың әскери іс-қимыл жасаған немесе соған күдіктелген жағдайларының 80 пайызында олар сол жерде бірден өлтірілген. Демек, іс жүзінде оларға адам өлтіру үшін арнайы заңның да қажеті жоқ екенін байқауға болады.
Адам өлтіруді заңдастыру саясатына көшу
Заңда үкімді қайта қарау немесе шағымдану мүмкіндігі іс жүзінде қарастырылмаған. Үкім шыққаннан кейін оны жеңілдетуге немесе күшін жоюға тыйым салынады, ал өлім жазасы прокурордың сұрауынсыз-ақ кесіле береді. Бұл ретте жаза түпкілікті шешім шыққан сәттен бастап 90 күн ішінде орындалуы тиіс.
Құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл өте қауіпті жағдай. Себебі әлемдегі сот жүйелерінің көбінде өлім жазасының қайтымсыздығы мен сот қателігінің зардабы ескеріліп, үкімді бірнеше сатыда қайта қарау мен шағымдануға толық мүмкіндік беріледі.
Палестиналықтар бұл заңның мақсаты әділдік орнату емес, жазаны тезірек жүзеге асыру деп есептейді. Яғни, заң тек болашақтағы оқиғаларға ғана емес, қазірдің өзінде түрмеде отырған тұтқындарға қарсы қолданылуы мүмкін.
Ең алдымен, өлім жазасы Рамла сияқты жерасты түрмелерінде отырған Газа секторының жүздеген «элиталық» тұтқындарына қатысты орындалуы ықтимал. Болжам бойынша, онда 1400-ге жуық адам бар. Осылайша, Кнессет қабылдаған бұл құжат қылмыстық заңнан гөрі, жаппай жазалау құралына ұқсайды.
Жалпы жағдайға үңілетін болсақ, бүгінде Израиль түрмелерінде 9500-ге жуық палестиналық тұтқын отыр. Олардың ішінде 350-дей бала мен 66 әйел бар. Тұтқындар азаптау, аштық және медициналық көмектің жоқтығы сияқты өте ауыр жағдайларды бастан кешуде. 2023 жылдың 7 қазанынан бері медициналық салғырттық пен қатыгездіктің салдарынан ондаған адам көз жұмды. Кейбір деректер бойынша, осы кезеңде қаза тапқан тұтқындардың саны 100-ге жуықтаған. Осындай жағдайда өлім жазасы туралы заңның қабылдануын түрмелердегі осы қатаң тәртіп пен ауыр ахуалдан бөліп қарау мүмкін емес.
Бұл жағдайдың бәрі түрмедегі қатаң тәртіптің енді заңдастырылған кісі өлтіру саясатына ұласып жатқанын айқын аңғартады.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Израильде өлім жазасы тек бір-ақ рет қолданылған. Ол 1962 жылы нацистік қылмыскер Адольф Эйхманға қатысты жүзеге асырылды. Израильдік саяси риторикада бұл оқиға өлім жазасының тек адамзатқа қарсы жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ғана қолданылатын, өте сирек әрі ерекше шара екенін дәлелдеу үшін үнемі алға тартылатын.
Алайда, бүгінде бұл заңның палестиналық тұтқындарға қатысты қабылдануы Израильдің өлім жазасына деген көзқарасының түбегейлі өзгергенін білдіреді. Енді бұл жаза түрі сирек қолданылатын ерекше шарадан саяси және ұлттық күрестің құралына айналып отыр.
Тұтастай алғанда, бұл заңды Израиль мемлекетінің, оның заңнамасы мен қоғамының іштей терең трансформацияға ұшырауының көрсеткіші деп қарастыруға болады. Бұл өзгерістер жер мен құқық жолындағы саяси күресті қарсы тарапты адам санатынан шығаруға және оны негізгі заңды құқықтарынан айыруға негізделген, заңдастырылған бітіспес қақтығысқа біржола ұластырып жіберді.
Бұл заңның қабылдануында айқын нышандық мән бар: ондаған жылдар бұрын басталған жер үшін күрес палестиналықтар үшін енді өмір сүру құқығы жолындағы күреске айналды. Ал Израиль үшін бұл тек жерге иелік ету ғана емес, палестиналық арабтардың өмірі мен өлімін де бақылауда ұстау құқығы үшін жүргізіліп жатқан соғысқа ұласты.
Гуманитарлық құқық пен Женева конвенцияларының бұзылуы
Израиль Кнессетінің оккупацияланған аймақтағы халыққа өлім жазасын қолдану туралы заң қабылдауы халықаралық гуманитарлық құқық пен Женева конвенциялары тұрғысынан күрделі құқықтық қайшылықтар тудырады. Бұл халықаралық құжаттар оккупациялаушы мемлекет пен жергілікті халық арасындағы қарым-қатынасты реттейді. Сондай-ақ, әскери соттар немесе қарулы қақтығыс жағдайында тағайындалатын жаза түрлеріне, әсіресе ең ауыр жазаларға қатысты қатаң шектеулер қояды.
Осылайша, бұл заң Израильді халықаралық құқық жүйесімен құқықтық әрі моралдық текетіреске итермелейді. Кейбір елдер халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзғанымен, бұл жүйе әлі де өз күшінде. Сондықтан бұл қадам Тель-Авивке қарсы «халықаралық гуманитарлық құқықты бұзды» деген айыптарды одан әрі күшейте түспек.
Екі заң өзара байланысты
«Сол күнгі жалпы отырыстағы жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес… Мен Кнессетте 11 жылдан бері қызмет етіп келемін. Осы уақыт аралығында тек екі-ақ рет жыладым: бірі — «Еврей ұлттық мемлекеті туралы» заң қабылданғанда, екіншісі — осы заң мақұлданғанда… Бұл екі заң бір-бірімен тығыз байланысты», — дейді Аида Тума-Сулейман.
«Еврей ұлттық мемлекеті туралы» заңда палестиналықтар мен олардың атамекені арасында ешқандай байланыс жоқ екені ашық көрсетілген.
«Олар біздің палестиналық ретінде осы отанға деген құқығымызды жоққа шығарады. Тіпті біздің адамдық болмысымызды да мойындамайды. Ол заңда біз туралы ешқандай сөз жоқ. «Еврей ұлттық мемлекеті туралы» заң үшін біз мүлдем жоқ адамдар сияқтымыз», — деп мәлімдеді Аида.
Израильдің азаматтық құқықтарды қорғау жөніндегі құқық қорғау ұйымы бұл заңды «кемсітушілік сипаты бар» деп танып, оның күшін жоюды талап етіп Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Кнессет мүшесі Тума-Сулейман былай деп түсіндіреді:
«Білесіз бе, адамдар бізден: «Неге Жоғарғы сотқа жүгінесіздер? Одан үлкен үміт күтесіздер ме?» деп сұрайды. Дәл осылай біздің халықаралық қауымдастық пен түрлі мемлекеттерге не үшін жүгінгенімізді де сұрауға болар еді. Екі жылға созылған геноцид кезінде әлемнің нақты ешқандай әрекет жасамағанын көріп отырмыз, бірақ біз күресті тоқтатпаймыз және оларды іс-қимылға шақыра береміз. Сондай-ақ біз түрлі мемлекеттерді өз саясаты үшін жауапқа тарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз».
Халықаралық қауымдастықтың бұл жағдайға реакциясы өте теріс болғанымен, әзірге еш нәтиже берген жоқ. БҰҰ сарапшылары осы жылдың ақпан айында бұл бастамадан бас тартуды талап еткен баяндама жариялады. Онда Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген «өмір сүру құқығының» бұзылуы және «екі деңгейлі» сот жүйесі туралы айтылды. Атап айтқанда, Батыс жағалаудағы палестиналықтар израильдік қоныстанушыларға қарағанда процестік кепілдіктері төмен әскери соттарда сотталады.
Палестиналықтар халықаралық құқыққа әлі де сенетін сияқты және оны қорғап қалуға тырысуда.Еегер бұл құқық жүйесі біржола жойылса, адамзат тағылық пен жабайылық дәуіріне қайта оралатынын олар жақсы түсінеді. Ондай жағдайда қиянат көріп жатқандарды қорғаудың ешқандай жолы қалмайды.
Кез келген мемлекеттің сот немесе заң шығару жүйесі сол қоғамдағы құндылықтардың айнасы іспетті. Негізінде, еврей ұлтынан шыққан израильдіктер бұл заңға палестиналықтардан да бетер қарсы шығуы керек. Себебі бұл заң — осындай құжатты дүниеге әкеле алған қоғамның бет-бейнесін әшкерелейтін үкім.




