«Геостатистика» арнасы жариялаған деректерге сәйкес, 2025 жылдың алғашқы 11 айында Қазақстан 204,3 мың тонна картоп импорттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 есе көп. Импорт өсімінің негізгі үлесі Қытайға тиесілі: аталған елден жеткізілім көлемі 116,9 есе артып, 137,7 мың тоннаға жеткен. Пәкістаннан 42,7 мың тонна картоп әкелінген. Сонымен қатар 2020 жылдан бері елдегі картоп өндірісі 27,5%-ға төмендеп, 4 млн тоннадан 2,9 млн тоннаға дейін азайған. Алайда бұл төмендеу бірнеше есе емес, пайыздық көрсеткіш шегінде. Қазақстанның ішкі сұранысы жылына шамамен 2,7 млн тоннаны құрайды. Бұл көлемге халық тұтынуы, тұқым қоры және қайта өңдеу қажеттілігі кіреді. Демек, ресми деректердегі нақты өнім көлемі шынайы көрсеткішке сай болған жағдайда, ел өзін картоппен толық қамтамасыз ете алады. 2025 жылдың қаңтар айындағы жағдай – бөлшек саудада картоп бағасының 450–500 теңгеге дейін өсуі, тапшылықтың туындауы және Ауыл шаруашылығы министрлігінің алты айға экспортқа тыйым салуы – әлеуметтік маңызы бар бұл өнім нарығында жүйелі мәселелер бар екенін аңғартады.
АДАМНЫҢ АРМАНЫ — ӨМІРДІҢ АҚИҚАТЫ БОЛА БЕРМЕЙДІ
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылғы қыркүйекте картоп теңгерімінің болжамды деректерін жариялады:
«Қазақстандағы 2024 және 2025 жылдардағы картоп теңгерімін салыстыру барысында мынадай өзгерістер байқалады: экспорт көлемі 565 250 тоннадан 473 818,6 тоннаға дейін төмендейді деп болжануда, бұл ретте Қазақстан сыртқы нарықтағы белсенділігін сақтағанымен, сауда көлемі алдыңғы маусымнан сәл төмен болады; импорт көрсеткіші 71 551 тоннадан 245 120 тоннаға дейін артады деп күтілуде; егіс алқаптарының кеңеюі мен қолайлы ауа райы жағдайында өндіріс көлемі 2 634 610 тоннадан 2 745 752,5 тоннаға дейін өседі; жалпы өнім жинау көлемінің артуына байланысты шығындар мен өндірістік тұтыну мөлшері 579 514 тоннадан 604 065,5 тоннаға дейін көбейеді; халықтың тұтыну деңгейі 2 140 911 тоннадан 2 517 686,4 тоннаға дейін көтеріледі, сондай-ақ жан басына шаққандағы тұтыну көрсеткіші 105 келіден 123,3 келіге дейін артады, бұл картоптың ішкі нарықтағы қолжетімділік деңгейінің артқанын аңғартады».
Қорытынды статистикалық деректерден байқалғандай, кейбір түзетулерге қарамастан, импорт көлемінің өсу үрдісі айқын көрініс тауып отыр. Бұл ретте өндіріс көлемі болжамды көрсеткіштерден төмендеген жоқ.
Қазақстанға картоп өнімінің негізгі бөлігі көктемгі кезеңде, яғни отандық жаңа өнім әлі жиналмаған уақытта жеткізілген.
«Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, биылғы жылдың қаңтар–мамыр айларында шетелден сатып алынған картоп көлемі 145,3 мың тоннаны құраған. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 есе, ал өткен жылдың толық көлемімен салыстырғанда 2,5 есе жоғары. 2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан шетелдік жеткізушілерге картоп үшін 38,5 млн АҚШ долларын төлеген. Жылдық өсім 11,6 есеге жеткен. Бұл туралы Energyprom порталы хабарлайды», – деп жазды Agrosector.kz сайты.
Мәселе неде? Егер ішкі өндіріс ел қажеттілігін өтеуге жеткілікті болса, неге тез бұзылатын өнімді сырттан қосымша көлемде әкелу қажет болды? Мәселе – статистикалық деректердің сәйкессіздігінде. Шын мәнінде, Қазақстанға артық өнім жеткізілген жоқ.
Қаңтар айындағы картоп тапшылығынан кейін Үкімет жағдайды жан-жақты талдауға кіріскен кезде, тұрақтандыру қорларында көрсетілген және нақты қолда бар картоп көлемі арасында елеулі айырмашылық бар екені анықталды.
«Маңғыстау облысында ӘКК көрсеткен 2,5 мың тоннадан астам көлемнің небәрі 25 тоннасы ғана нақты расталған. Шығыс Қазақстан облысында жарияланған 1,6 мың тоннадан астам қордың тек 35 тоннасы дәлелденген. Атырау облысында 394 тонна деп көрсетілсе, соның 110 тоннасы ғана бар болып шыққан. Абай облысында мәлімделген 2,2 мың тоннадан астам көлемнің 183 тоннасы расталған. Жамбыл облысында 2,6 мың тоннадан астам деп есеп берілсе, тексеру нәтижесінде 308 тонна ғана бар екені анықталған. Ұлытау облысында көрсетілген 1,8 мың тоннадан астам қордың нақтысы 827 тоннаны құраған. Ал Батыс Қазақстан облысында 2,3 мың тоннадан астам деп мәлімделген көлемнің 1,3 мың тоннадан астамы ғана расталған», — деп БАҚ 2025 жылы наурызда өткен Үкімет отырысы туралы жазды.
Ол кезде мәселе облыс әкімдеріне тәртіптік жаза берумен шектелген еді. Алайда соған қарамастан, елге картоп импорты жыл соңына дейін арта түсті, тіпті ішкі нарықта жаңа өнім жиналып жатқан кезеңде де бұл үрдіс тоқтамады.
ҚЫМБАТ ЖӘНЕ ТИІМСІЗ
Шілде айының соңында қазақстандық картоп өсірушілер Қытайдан картопты кедендік бажсыз әкелуді тоқтатуды талап етті. Олардың айтуынша, ішкі нарықта жанар-жағармай бағасының жоғары болуы, фермерлер үшін қолжетімсіз несиелер және жұмыс күші тапшылығы жағдайында арзан импорт отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін егіс алқабында-ақ әлсіретіп отыр. Бұған қоса, елде көкөніс сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі мәселесі әлі де шешімін таппаған. Қоймалардың жетіспеуі қыс мезгіліндегі тапшылықты жұмсартуға мүмкіндік бермей отыр әрі өндірушілерді өнімді шіріп кетпей тұрғанда барынша ертерек және мүмкіндігінше көбірек сыртқа сатуға итермелейді.
Дәл осындай жағдай 2024 жылы орын алды: қазақстандық аграршылар 620 мың тонна картопты экспортқа шығарды. Нәтижесінде 2025 жылдың қаңтарында ішкі нарықта тапшылық қалыптасты. Айта кету керек, қазақстандық картопқа негізгі сұраныс Өзбекстан тарапынан болды, ал экспорттық баға бір келісі үшін 170 теңгеден 270 теңгеге дейін өсті. Алайда арада көп уақыт өтпей, ішкі нарықтағы тұтынушылар дәл осы әлеуметтік маңызы бар өнімді көрші елдер ұсынған бағадан 2,5 есе қымбат сатып алуға мәжбүр болатынын ол кезде ешкім болжай қойған жоқ.
Күзгі өнім қысқа жетіп, сақтау кезеңінен шығынсыз өтуі үшін заманауи көкөніс қоймалары қажет. Алайда бұл бағытта елде түйткілдер аз емес. Оның үстіне мәселенің тамыры тереңде жатыр.
2023 жылы сақтау инфрақұрылымын дамыту мақсатында қойма нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, оны іске асыру жұмыстары басталған болатын.
«Соңғы жылдары Қазақстанда көкөніс сақтайтын қоймалар тапшылығы айқын сезіле бастады. Бұл мәселе әсіресе маусымаралық кезеңде ушығады. Осыған байланысты елде сақтау нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Құжат кемінде 335,6 мың тонна өнім қабылдай алатын 97 жеміс-көкөніс қоймасын іске қосуды көздейді. Жұмыстар жоспарланған межеден ілгері қарқынмен жүргізілуде. Мәселен, 2021–2022 жылдары 181,5 мың тоннаға есептелген 36 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, іс жүзінде жалпы сыйымдылығы 200,8 мың тонна болатын 37 қойма пайдалануға берілді. (…) 2023 жылы Қазақстанда жалпы қуаты 104,5 мың тонна болатын 26 жаңа қойма ашылады, ал 2026 жылға дейін тағы 35 заманауи сақтау нысаны іске қосылады. Олар республикадағы жалпы сыйымдылығы 1,9 млн тоннаны құрайтын 1208 сақтау нысанының қатарына қосылады», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің үш жыл бұрынғы хабарламасында.
Соңғы екі көрсеткішке – 1208 сақтау нысаны және 1,9 млн тонна сыйымдылық – назар аударыңыз, өйткені уақыт өте келе бұл мәліметтер едәуір өзгеріске ұшырады.
ҮЛКЕН КІШІ ҚҰРЫЛЫС
2024 жылдың желтоқсан айында өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов елдегі сақтау инфрақұрылымына қатысты жаңартылған деректерді келтірді.
Оның айтуынша, жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша Қазақстанда барлығы 901 сақтау нысаны жұмыс істейді. Соның ішінде 580 көкөніс қоймасының жалпы сыйымдылығы 1,1 млн тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, 499,7 мың тоннаға арналған 257 картоп сақтау қоймасы және 136,3 мың тонна сыйымдылығы бар 67 жеміс-жидек қоймасы бар.
Алайда, сақтау нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар іске қосылғаннан бері екі жыл өтсе де, қоймалардың жалпы саны бастапқы деңгейден де азайып кеткендей көрінеді. Ресми министрлік есептеріндегі деректерді салыстырғанда осындай сәйкессіздік байқалады. Демек, статистикада түсіндіруді қажет ететін жайттар бар. Ал 2025 жылы атқарылған жұмыстарға қатысты мәліметтер төмендегідей.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 2,4 млн тоннаны құрайтын 974 сақтау нысаны жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қуаты 166,2 мың тонна болатын 27 жаңа жоба пайдалануға берілген. Биыл жыл соңына дейін (2024 жылдан ауысқан жобаларды қоса есептегенде) жалпы қуаты 236,3 мың тоннаны құрайтын тағы 30 қойманы іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 155,3 мың тонна сыйымдылыққа ие 11 жоба жүзеге асырылды, бұл жоспардың 66%-ын құрайды», – деп 2025 жылы қазанда жарияланған материалда жазылған.
Бұл көрсеткіштер 2023 жылы жарияланған көлемнен әлі де төмен. Тағы бір назар аударар жайт бар. 2023 жылдың жазында өнім сақтау мәселесіне арналған талдауында Energyprom порталы аталған Кешенді жоспар көкөніс сақтау инфрақұрылымындағы түйткілдерді түбегейлі шешпейтінін атап өткен болатын.
«Бұл жағдайға елдегі көкөніс сақтау қоймаларының үштен бірінің 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқаны да әсер етеді. Қажеттілікті ескерсек, Қазақстанда жаңа қоймалар салу қарқыны әлі де жеткіліксіз деңгейде. Сауда және интеграция министрлігінің (ред.) деректеріне сәйкес, 2021–2022 жылдары жалпы сыйымдылығы 181 мың тоннадан асатын көкөніс қоймалары пайдалануға берілген. 2023 жылы қосымша 104,6 мың тонна өнім сақтауға арналған нысандарды іске қосу жоспарланған. Ведомствоның есептік мәліметтеріне қарағанда, бұл жалпы тапшылықты небәрі 4,6 пайыздық тармаққа ғана азайтады: 2020 жылғы 36,5%-дан ағымдағы жылдың желтоқсанында 31,9%-ға дейін. Көкөніс сақтау нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі қолданыстағы Кешенді жоспарға сәйкес, 2024–2025 жылдары пайдалануға берілетін жаңа қойма алаңдарының жиынтық қуаты 49,6 мың тоннаны ғана құрайды. Өкінішке қарай, бұл көлем де жалпы ахуалды түбегейлі өзгерте алмайды: тапшылық деңгейі бар болғаны 30,2%-ға дейін төмендейді».
МТИ деректеріне сүйенсек, 2026 жылдан 2030 жылға дейін жыл сайын кемінде 180 мың тонна сыйымдылықтағы көкөніс сақтау қоймалары салынған жағдайда ғана картоп пен жеміс-жидекті сақтауға арналған қойма тапшылығын толық жоюға болады.
Алайда қазіргі уақытта Үкімет деңгейінде мұндай ауқымды жоспарлар ашық талқыланып жатқан жоқ. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтынан қолданыстағы сақтау қуаттары мен оларды ұлғайту жоспарына қатысты жаңартылған ақпаратты іздегенімізбен, өңірлердегі жекелеген шағын жобалар туралы хабарламалардан басқа елеулі бастамаларды кездестірмедік.
Неліктен біз Қазақстандағы картоптың рекордтық импорт көрсеткіштерін 2026 жылғы ақпандағы сақтау мәселесімен байланыстырдық, елде ашық дағдарыс болмаса да? Себебі экспортқа енгізілген шектеулер мен аграршыларға тұқым, техника және тыңайтқыш алуға берілген қолдау шаралары әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік өнімі бағасының өсуін тоқтата алған жоқ.
Соңғы бес жылда (2020–2025 жылдар аралығында) Қазақстанда картоп бағасы орта есеппен 145%-ға өсті: 2020 жылы 1 килограмы 115 теңге болса, 2025 жылы 282 теңгеге дейін қымбаттаған (БҰС деректері). Осы кезеңдегі жинақталған инфляция шамамен 87%-ды құрады.
Осылайша, Қазақстан жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін қолдауға жүздеген миллиард теңге бағыттап, салық төлеушілер үшін қомақты шығынды талап ететін мемлекеттік бағдарламаларды бірінен соң бірін қабылдағанымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының ресми инфляция деңгейінен жоғары қарқынмен өсуін тоқтата алмай отыр. Сонымен қатар, отандық агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігіне қатысты жүйелі мәселелер сақталуда: баға мен өндірістік мүмкіндіктер тұрғысынан жақын көршілермен бәсекеде қазақстандық өндірушілер жиі әлсіз позицияда қалып отыр.




