- Саясаттанушы: Қазақстан мен Әзербайжан Еуразия кеңістігінің негізгі діңгегіне айналуда
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапарында Трансөңірлік жобалар, соның ішінде Транскаспий дәлізі мен жасыл энергия бағытындағы бастамалардың маңыздылығы мен жүзеге асу мерзімі туралы айтылды. «Соңғы жылдары дәл осы бағыттар стратегиялық маңызға ие болды. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Каспий теңізінің түбімен жасыл энергияны экспорттау және тиісті кабель төсеу туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл жобалар іс жүзінде басталып кеткен және келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жүк тасымалы көлемін арттыру да Транскаспий бағыты бойынша жоспарланған жобаларды жүзеге асырудың басты бөлігі болып отыр. Мұндай бастамалар тек экономикалық емес, экологиялық және технологиялық тұрғыдан да маңызды». Бұл дегеніміз Еуропа мен Азия арасындағы трафик транзитін кеңейе түсенітінін білдіреді. Бұдан қос ел ұтылмасы анық. Жалпы бұған дейін Ақтаудан Әзербайжандағы Сиязаньға дейін созылатын суасты желісінің ұзындығы 340 километрден асатыны хабарланған еді.
- Инвестор ауған жыл: Климат жайсыз, үкімет қамсыз
Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов сұхбатта былай дейді: «Үкіметтің қазір ең көп айтатын бір сылтауы бар: геосаяси ахуалдың ушығуы. Рас, Ресей мен Украина арасындағы соғыс Орталық Азия аймағының инвестициялық тартымдылығына айтарлықтай әсер еткен. Бұдан бөлек, инвесторлар үшін ең басты шарт – тұрақты және болжамды бизнес ортасы. Қазақстанда соңғы жылдары заңнама мен салық жүйесінің жиі өзгеруі шетелдік капитал иелерін алаңдатып отыр. Кейбір компаниялар келісімшарттардың сақталуына және сот жүйесінің әділдігіне сенімсіздік білдіреді». Экономикаға құйылған инвестиция бір кәсіпорынды ғана емес, тұтас елдің дамуына серпін берері сөзссіз. Сондықтан осы күндері елдегі әкімдер инвестор табу үшін бар күшін салуда. Бір ғана Алматы қаласын алатын болсақ биыл шаһарға былтырғыға қарағанда тартылған инвесnaтиция көлемі 23% ұлғайған.
- Директор қандай болуы керек? – Жаңа министр заманауи ұстаздар туралы айтты
«Ертеңгі жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосатын ең басты күш – ұстаздар мен мектеп басшылары. Егер біз “бір мектеп – бір әлем” десек, сол әлемнің жүрегі – сіздер басқаратын мектеп. Әрбір директордың жүрегі әділдікке, теңдікке, мейірім мен балаларға деген сүйіспеншілікке толы болуы тиіс» Су жаңа Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларына қатысты талап туралы айтты. Министрдің бұл сөзі өзін мектептің «құдайы» көретін басшыларға қарата айтылғандай. Одан қалды соңғы жылдары мектепті басқару ісіндегі кемшіліктер мен мектептің ақшасын жымқыру фактілері аз емес. Мұндайдың алдын алу үшін Сүлейменова ханым директорларды алдымен адал әрі жақсы адам болуға шақырды.
«Осы жерде Жүсіп Баласағұнның сөзін келтіргім келеді. Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады. Технология – құрал, ал басты қозғаушы күш – адам. Болашақта жаңа мамандықтар пайда болады, бірақ адамдық қасиеттердің орны толмас».
- Қарағанды соты мемлекет есебінен білім алған жас келіншектен 1 млн теңгеге жуық ақша өндіріп алды
«Azattyq Ruhy» порталы хабарлайды: «Қарағанды соттарының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, келіншек 2017 жылы магистратурада білім алған. Қаржы орталығы оның біліміне 528 мың теңге жұмсаған. Оқуы аяқталғаннан кейін келіншек жолдама бойынша жеке кәсіпкерлікке жұмысқа тұрған. Жауапкер ол жеке кәсіпкерлікте 2019 жылы үш ай ғана жұмыс істеген. Бұл мерзім оның еңбек өтіліне енді. Бірақ, келісімшарт бойынша ол әлі біраз уақыт жұмыс істеуі керек еді. «Бірақ, Қаржы орталығы апелляцияға беріп, жеңіп шықты. Қандай жағдай болмасын, мемлекет есебінен білім алған адам жолдама бойынша жұмыс істеуі керек немесе мемлекет ақшасын қайтару қажет. Сот Қаржы орталығы есебіне 528 мың теңге оқу ақысы мен 409 мың теңге айыппұлды өндіріп берді». Судыңда сұрауы бар емес пе? Тіпті ЖОО-ның өзіне грантпен оқығандардың барлығы оның қайтарымын кемінде 3 жыл еңбекпен өтеуі тиіс.
- «70 күннен аса жүрдік»: Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
Қытайдан Қазақстан астанасына атқа мініп жолға шыққан Қуат пен Жайнаның мақсаты: «Мақсатымыз – ел, жер көріп, саяхаттау арқылы ат жалында өскен қазақтың мықтылығын, көшпенділердің сән-салтанатын, ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді нәсихаттау, таныстыру. Ұлан байтақ даланы ат тұяғымен дүбірлеткен батыр бабаларымыздың рухын сезініп, бүгінгі жастарға төзім мен ерліктің үлгісін көрсеткіміз келеді. Оған қоса Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға аз да болса үлесімізді қосуды мұрат еттік. Бұл парақша – өзіміздің TikTok-тағы жеке парақшамыз. Біз болсақ Жұңғо (Қытай – ред) елінен Қазақ еліне осы бір достығын жырлап, сапарлап тұлпарменен келе жатқан жұбайлармыз. Қолдап-қуаттап жатқан кісілерге көп рақмет!» Қуат пен Жайнаның бұл сапары түп тамырға оралу спетті. Көрші елден келген қандастар ұлттық киім мен атқа мініп жер таныған қазақтың ежелгі дәстүрін жаңғырта түскендей. Ерлі-зайыптылардың бұл сапарынан елге деген сағынышты аңғаруға болады. Қуат пен Жайнаның ісі елді сүйсінтсе, ал халықаралық додаларда ұлттық киімді жаңаша үлгіде дәріптеймін деген қазақстандық арудың қылығы жұртқа жақпады.




