Ондаған жылдар бойы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) мектептегі білім сапасының негізгі көрсеткіші ретінде қарастырылып, түлектер үшін екі-ақ бағытқа жол ашып келді: жоғары оқу орындарында білімін жалғастыру немесе NEET санатындағы жастар қатарына қосылып, әскерге бару. Соңғы 5 жылдағы ҰБТ нәтижелерінің статистикасы жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген төменгі шекті баллды жинай алмаған түлектер санының тұрақты түрде артып келе жатқанын айғақтайды. Ал тестілеуден өткендердің басым көпшілігінің көрсеткіштері орташа деңгейден аспай отыр. Бұл жағдай ҰБТ «сүзгісі» арқылы орасан зор қазақстандық жастарды әлеуметтік лифт жүйесінен тыс қалдырып жатқан мектептегі білім беру сапасының жүйелі дағдарысын көрсетсе керек. Мәжілістегі «Халықтық» фракциясы Үкіметке ҰБТ барысында жиі жіберілетін қателіктерге тұрақты түрде талдау жасап, соның негізінде оқу бағдарламаларын түзетуді ұсынды. Алайда Ғылым және жоғары білім министрлігінің мектеп білімін бағалау жүйесін жетілдіруге қатысты өз ұстанымы бар.
НЕГЕ «ШЕКТІ БАЛЛҒА» ЖЕТУ ҚИЫН?
Соңғы жылдары ҰБТ төңірегіндегі ахуал жүйелі түрде құлдырап бара жатыр. Тестілеу процесі толықтай цифрландырылып, жыл ішінде бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі берілді, тапсырмалардың сапасына бақылау күшейтілді. Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, көрсеткіштер әлі де төмендеп барады.
Мәселен, 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға (мамыр–шілде) қатысқан 145 мың адамның 33%-ы шекті балды жинай алмады, ал орташа балл 69 болды. 2022 жылы жағдай одан да күрделене түсті: тестілеуге 154 мың адам қатысып, олардың да үштен бірі ҰБТ-дан өте алмады, ал орташа балл 66-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіштерді қашықтан оқытудың салдарымен және карантин кезеңінде онлайн форматқа бейімделу үдерісімен түсіндіруге болады — 2020–2021 жылдардағы Қазақстандағы білім беру сапасын жоғары деңгейде болды деп айту қиын.
2023 жылы оқушылар мектепке дәстүрлі форматта оралғаннан кейін, шекті балл жинағандардың үлесі 83%-ды құрап, белгілі бір үміт сыйлаған еді. Алайда, кейіннен жағдай қайтадан нашарлай бастады. 2024 жылы әрбір бесінші түлек ҰБТ-дан өте алмаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш әрбір төртінші талапкерге дейін жетті. Бұл ретте тестілеуге қатысушылардың жалпы санының артқаны байқалады.
«2025 жылғы негізгі ҰБТ қорытындысы бойынша тестілеуге 210 мыңнан астам талапкер қатысты (салыстыру үшін: 2021 жылы – 145 мың адам). Бұл ретте қатысушылардың тек 76%-ға жуығы (немесе шамамен 161 мың адам) ғана шекті балл жинай алды. Орташа көрсеткіш мүмкін болған 140 баллдың 69-ын құрады. Түлектердің 24%-ы ең төменгі шекті деңгейге жете алмаған. Сонымен қатар, 711 заң бұзушылық тіркеліп, соның салдарынан бірқатар қатысушылардың нәтижелері жойылды. Бұл көрсеткіштер түлектерді даярлау ісіндегі кемшіліктерді және жалпы мектептегі білім беру сапасындағы проблемаларды айғақтайды. Мектептерде сапалы дайындықтың болмауынан ата-аналар жеке репетиторлар мен коммерциялық білім беру орталықтарының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Бұл отбасыларға үлкен қосымша қаржылық салмақ салады. Әсіресе, қосымша сабақтардың ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ аз қамтылған және көпбалалы отбасылар дәрменсіз күйде қалып отыр. Соның салдарынан түрлі әлеуметтік топтағы балалардың бастапқы мүмкіндіктері тең болмай шығады, бұл білім алудың тең қолжетімділік принципіне қайшы келеді! Мұндай жағдай білім беру жүйесіне деген сенімді жойып, мыңдаған түлектердің болашағына кері әсерін тигізеді», — деп жазды Қазақстан Халық партиясының Мәжіліс депутаттары Вице-премьер Аида Балаеваның атына жолдаған сауалында. Демек, мәселені жасырып қалу немесе оған көз жұма қарау бұдан былай мүмкін емес.
ЖАҢА ТЕСТІЛЕУ – ШЕШІМ БЕ, ӘЛДЕ ШЕКТЕУ МЕ?
Алайда депутаттардың сынына дейін-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі дәстүрлі ҰБТ-ны халықаралық SAT (Scholastic Assessment Test) тестімен алмастыру бастамасын белсенді түрде көтере бастады. Бұл ұсынысқа сәйкес, аталған тест жаттап алған мәліметтерді емес, талапкерлердің сын тұрғысынан ойлауын және ақпаратты талдай алу қабілетін бағалауға бағытталған. Мұндай дағдылардың қазіргі экономика жағдайында маңызды екені сөзсіз. Дегенмен, SAT тестін барлық мәселенің әмбебап шешімі ретінде қарастыруға болмайды.
Сарапшылар министрліктің бұл экспериментінен үлкен тәуекелдерді көріп отыр.
«SAT тестін тапсыру үшін қазір арнайы дайындық қажет, ал бұл – барлық отбасының қалтасы көтере бермейтін ақылы қызмет. Егер бүкіл жүйе жаңа форматқа көшсе, бұл мүмкіндікке барлығы ие болады. Бұл – оң көрсеткіш. Алайда осы артықшылықтың келеңсіздікке айналып кетпеуі маңызды. Мектептер мен мұғалімдер мұндай өзгерістерге объективті түрде дайын емес. Білімді жаңаша бағалау үшін, алдымен балаларды жаңаша оқыту қажет. Ол үшін мектеп бағдарламасын өзгерту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және негізгі құзыреттіліктерді дамыту керек », – дейді кәсіби бағдар беру маманы Анастасия Алиясова.
Іс жүзінде, егер SAT тесті міндетті болатын болса, ауыл мен қала мектептерінің, сондай-ақ ауқатты және тұрмысы төмен отбасылардың арасындағы алшақтық тереңдеуі мүмкін. Бюджет тапшылығы жағдайында бір жылдың ішінде 600 мың педагогты шұғыл қайта даярлау мүмкін емес екенін ескерсек, бұл реформа жекеменшік білім беру орталықтары үшін кезекті «бизнес-жобаға» айналу қаупі бар.
SAT енгізілмей-ақ, қазіргі тестілеу жүйесінің өзі репетиторлық қызмет нарығының өркендеуіне жағдай жасап отыр. Мектептегі оқу уақытының шектеулігінен түлектер өмірлеріндегі ең маңызды емтихандардың біріне дайындалып үлгермейді. Соның салдарынан көптеген ата-аналар қосымша сабақтар үшін қомақты қаражат жұмсауға мәжбүр. Депутаттардың Аида Балаеваға жолдаған хатында да дәл осы мәселе көтерілген болатын.
Біздің пайымдауымызша, қала оқушыларының жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Бұған ең алдымен ауыл мектептеріндегі пән мұғалімдерінің тапшылығы себеп болып отыр. Бұл жағдай Ұлттық бірыңғай тестілеудің әлеуметтік саты емес, керісінше, әлеуметтік кемсіту құралына айналғанын көрсетпей ме? Әрине, мұндай түбегейлі қорытынды жасау үшін нақты пән мұғалімінің бар-жоғы мен сол пән бойынша ҰБТ-да алынған балдардың арасындағы тікелей байланысты зерделеу қажет. Алайда, мемлекет тарапынан ауыл жастарына арнап бөлінетін квоталарды есепке алмағанда (бұл да – әлеуметтік теңсіздіктің барын мойындау), орта білім сапасына қатысты мәселелерді ашық әрі шынайы талдау тетіктерін әзірге байқамадық.
«Ұлттық тестілеу орталығының (бұдан әрі – ҰТО) ресми сайтында өңірлер, аудандар, мектептер бөлінісінде ҰБТ нәтижелерін, жиі кездесетін қателер құрылымын және нәтижелер динамикасын қамтитын арнайы ақпараттық-талдау панелі жұмыс істейді. Бұл панельде әр пән бойынша тақырыптық бөліністе деректер, тест тапсырмаларын орындау деңгейі (игеру пайызы) нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады. Аталған мәліметтер өңірлерге талдау жүргізуге және басқарушылық, әдістемелік шешімдер қабылдауға, соның ішінде педагогтердің біліктілігін арттыру мен нысаналы қолдау шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деп Аида Балаева депутаттарға жауап берген болатын.
Біз осы талдамалық ақпаратты табу мақсатында ҰТО сайтына жүгіндік. Алайда «UTO-Analitics ақпараттық-талдау панелі» бөліміндегі QR-код ешқандай нәтижеге алып келмеді. Ал «Статистика» бөлімінде жекелеген мәліметтер ұсынылғанымен, олар негізінде толыққанды талдау жасау мүмкін емес: тек облыстар бөлінісінде өтініш бергендер мен ҰБТ-ға қатысқандардың арақатынасы, сондай-ақ бейіндік пәндер комбинациялары туралы ақпарат қана берілген.
БІЛІМ – АРТЫҚШЫЛЫҚҚА АЙНАЛЫП БАРА МА?
«Халық» фракциясы депутаттары мен Вице-премьер арасындағы диалогтан тағы қандай маңызды жайттарды аңғаруға болады? Халық қалаулылары Үкіметке мектеп бітірушілердің мемлекеттік емтихан көрсеткіштерін ҰБТ нәтижелерімен салыстыра отырып, терең талдау жасауды ұсынды. Сонымен қатар, қорытынды бағалар арасындағы алшақтықтың негізгі себептерін анықтау мәселесін де көтерді.
Аида Балаеваның жауабы бірқатар мәселеге назар аудартты: «Мектеп бітірушілердің қорытынды аттестациясы (орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының меңгерілуін растау) мен ҰБТ (жоғары оқу орындарына конкурстық негізде іріктеу емтиханы) мақсаттары, тәсілдері, бағалау әдістері және жүктеме деңгейі жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Мәселен, ҰБТ-да бейіндік пәнге түсетін жүктеме жоғары, бұл тапсырмалардың күрделілік деңгейі бойынша саралануынан көрінеді (7–11 сынып бағдарламасы, 120 тапсырма), сондай-ақ міндетті прокторингпен сүйемелденеді. Ал мектептегі қорытынды аттестацияда (10–11 сынып бағдарламасы) жауаптар ауызша немесе жазбаша түрде беріледі, шағын зерттеу жұмыстары орындалады және бағалау жеке тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар ҰБТ-ға мектеп түлектерінің орта есеппен тек 68%-ы ғана қатысады».
Біздің ойымызша, егер оқушының білімі терең болса, ол кез келген емтиханды — мейлі ол оңай немесе қиын болсын — еш қиындықсыз тапсыра алуы тиіс. Бұл ретте тапсырмалардың күрделілік деңгейі мен білімді тексерудің мақсат-міндеттеріндегі айырмашылықтар айтарлықтай рөл атқармауы керек. Себебі мектеп бағдарламасы барлық оқушы үшін ортақ, ал емтихан немесе тест тапсырмалары тек осы бағдарлама шеңберінен аспайды. Осы тұрғыдан алғанда, мектепішілік бағалау нәтижелерінің ҰБТ көрсеткіштеріне қарағанда жоғары болуының себебі, мектептердің өздері төмен нәтиже көрсетуге мүдделі еместігімен байланысты болуы мүмкін. Яғни оқу орындары әлсіз оқушылардың да бағаларын белгілі бір деңгейде көтеруге тырысады, ал ҰБТ форматында мұндай тәсілге жол берілмейді.
Жүйеде жинақталған проблемаларды терең әрі ашық талдамай тұрып, тек «атауын өзгерту» арқылы — яғни ҰБТ-дан SAT форматына көшу бұл мәселені қалай шешпек? Біздіңше, ҰБТ-да шекті балды еңсере алмаған талапкерлер санының артуы — оқушылардың емес, білім беру жүйесінің көрсеткіші. гер оқушылар мектепте 11 жыл бойы тек мәтінді жаттауға дағдыланса, олардан емтихан кезінде жаппай сыни ойлау қабілетін күту — қисынсыз. Сондай-ақ, мемлекеттік жүйедегі өзге қызметкерлерге қарағанда сансыз реформалардың «тәжірибе нысанына» жиі айналатын, бірақ пікірі ешқашан ескерілмейтін мұғалімдердің де жағдайы мәз емес.




