Евразия24Басты бетЗиянды тағам жарнамасына шектеу: денсаулық сақтау министрлігінің жаңа жоспары

Зиянды тағам жарнамасына шектеу: денсаулық сақтау министрлігінің жаңа жоспары

|

|

Бұл тармақ ведомствоның 2026–2027 жылдарға арналған инвестициялық жоспарында көрсетілген. Әңгіме «Жарнама туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы болып отыр. Оған сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде құрамында тұз, қант, қаныққан майлар мен трансмайлар мөлшері жоғары өнімдерді жарнамалауға тыйым салынбақ. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі алдағы екі жылда тек осы бағытпен шектелмек емес. Жоспарларда ауқымды міндеттер қарастырылған: денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеу мен жаңаларын салудан бастап, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға және салауатты өмір салтын ұстанбайтындардың үлесін азайтпақ. Әрине, мұның бәрі бюджеттен едәуір қаражат бөлуді талап етеді. Біз осы көлемді құжаттың бөлімдерін талдап көрейік.

КІМ ТЕМЕКІ ТАРТПАЙДЫ, ІШІМДІК ІШПЕЙДІ

Ақмарал Әлназарова басқаратын ведомство алдағы екі жылда ең алдымен халық өлім-жітімін төмендетуге күш салмақ. Яғни 139 беттен тұратын инвестициялық жоспардағы қалған барлық шаралар – 2027 жылға қарай қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 76,44 жасқа жеткізуге бағытталған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 75,8 жасты құраған.

Салауатты өмір салты – Денсаулық сақтау министрлігі басымдық беріп отырған бағыттардың бірі. Сондықтан ведомство 2027 жылға қарай Қазақстанда салауатты өмір салтын ұстанатындардың үлесін 35%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Мұны қалай жүзеге асырмақ?

Біріншіден, «жұқпалы емес созылмалы аурулардың алдын алу үшін мінез-құлыққа байланысты қауіп факторларын азайту арқылы халық денсаулығын нығайту» көзделген. Құжатта дәл осындай тұжырым келтірілген.

Екіншіден, 30–70 жас аралығындағы адамдар арасында жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, созылмалы тыныс алу аурулары мен қант диабеті салдарынан болатын мерзімінен бұрын өлім қаупін 2026 жылғы 19,3%-дан 2027 жылы 19%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Мұндай нәтижеге қол жеткізудің негізгі құралы ретінде Денсаулық сақтау министрлігі халықты профилактикалық тексерулерден өткізуді қарастырады.

Ауруларды ерте кезеңінде анықтау толық сауығудың басты кепілі екеніне келісеміз. Алайда халықтың өзі бұл мәселеге онша мән бермейтін сияқты: Қазақстанда профилактикалық тексерулерге бару үлесі әлі де төмен. 2025 жылы небәрі 20% болса, 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті кемінде 24%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Үшіншіден, 2026 жылы денсаулық көрсеткіштері, халықтың қанағаттану деңгейі, жедел жәрдемге түсетін жүктеменің және ауруханаға жатқызу жағдайларының азаюы сияқты индикаторларға негізделген бастапқы медициналық-санитариялық көмектің (БМСК) тиімділігін бағалау жүйесін қалыптастыру көзделген.

Бұл жоспар қызықты көрінеді. Өйткені дәрігерлерді марапаттау немесе жазалау осы көрсеткіштерге байланысты болады, ал олардың басым бөлігі, шын мәнінде, медициналық қызметкерлердің өздеріне тікелей тәуелді емес – көбіне пациенттердің мінез-құлқы мен әрекетіне байланысты. Мұнда, бәлкім, көрсетілетін медициналық көмек сапасына халықтың қанағаттану деңгейі ғана салыстырмалы түрде медицина қызметкерлеріне тәуелді болуы мүмкін.

Төртіншіден, 2027 жылы барлық шаралар денсаулық мәдениетін қалыптастырудың бірыңғай жүйесін іске асырумен және республикалық бюджет қаражаты есебінен «Саламатты шаңырақ» ұлттық ақпараттық науқанын өткізумен аяқталмақ. Бұл бастаманың мән-жайын анықтауға тырысып көрдік. Бірақ бәрін біледі дейтін Google-дың өзі бұл туралы ештеңе білмейді екен. Демек, Денсаулық сақтау министрлігі оны кейінірек өзі түсіндіретін шығар.

МИНИСТРЛІК ҰСЫНҒАН ДИЕТА

Денсаулық сақтау министрлігінің 2027 жылға дейінгі инвестициялық жоспары бірқатар қызықты деректерді ашып көрсетеді. Мәселен, 2025 жылы 0–14 жас аралығындағы балалар арасында семіздікке шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 37,8 жағдайды құраған. Яғни өткен жылы дәрігерлер артық салмақты 7,5 мың балада анықтаған. Бұл – жыл сайын тіркелетін көрсеткіш. Денсаулық сақтау министрлігі оны 2027 жылға қарай 100 мың тұрғынға шаққанда 37 жаңа жағдайға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

Ең қызығы – шенеуніктер бұған қалай қол жеткізбек? Жоспарға сәйкес, жергілікті бюджеттер мен бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен «Салауатты асханалар», «Салауатты кафетерийлер», «Салауатты бистролар», «Салауатты дүкендер» желісін дамыту көзделген. Бұдан бөлек, 2026–2027 жылдары БАҚ пен әлеуметтік желілерде құрамында тұз, қант, қаныққан майлар мен трансмайлар мөлшері жоғары өнімдерді жарнамалауға шектеу енгізу жоспарланып отыр. Ал министрлік ұсынған мұндай «диета» туралы біз не ойлаймыз? Салауатты өмір салтына қатысты өнімдердің бағасы әдетте 20–30% қымбат болатынын, ал Қазақстанда 2025 жылы халық табысы 6%-ға төмендегенін ескерсек, Ақмарал Әлназарова ұсынған жоспардың жүзеге асуы оңай болмауы мүмкін.

Eurasia24 бұған дейін хабарлағандай, қазақстандықтардың 44%-дан астамы азық-түлікке үнемдеуге мәжбүр. Онда балалар арасындағы семіздіктің жаңа жағдайлары, шын мәнінде, «жасырын аштықтың» белгісі емес пе? Яғни отбасының ақуыз бен дәруменге бай «салауатты» азық-түлік себетіне қаражаты жетпеген кезде, олар ең арзан макарон, нан, қант қосылған шай және құрамында трансмайы бар жартылай дайын өнімдермен тамақтануға көшеді. Оның өзі де молынан емес. Халықтың тең жартысына жуығы азық-түлікке үнемдеп отырған елде бұл көрсеткішті «салауатты бистролар» арқылы төмендетуге тырысу – аш адамдарға нанның орнына бәліш ұсынумен тең.

ЕМДЕЛГІҢІЗ КЕЛМЕСЕ – АУЫРМАҢЫЗ

Денсаулық сақтау министрлігінің инвестициялық жоспарындағы ең қызықты бөлімдердің бірі – медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мәселесіне арналған. Яғни бұл – салауатты өмір салты мен тамақтану мәдениетіндегі олқылықтарды жиі алға тартып, ерте сырқаттану мен өлім-жітім үшін жауапкершілікті көбіне науқастардың өздеріне жүктеуге бейім денсаулық сақтау жүйесінің тікелей міндеттері туралы бөлім. Мұны біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. Елдегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің негізгі көрсеткіштері туралы министрліктің өзі не дейді – соған назар аударайық.

2020 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев фармацевтикалық нарықтағы отандық өнім үлесін 2025 жылға қарай 50%-ға жеткізуді тапсырған болатын. Алайда 2025 жылы бұл көрсеткіш небәрі 25%-ды құрады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі 2026 және 2027 жылдары оны тиісінше 30% және 35%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл да президент айтқан 50% деңгейіне жетпейді. Сонымен бірге мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық өндірістегі медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер шетелдік баламаларынан арзанырақ болуы мүмкін. Демек, бұл көрсеткіштің емделудің қолжетімділігімен тікелей байланысы бар.

Қазақстандықтардың медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне көңілі толмайтыны – шенеуніктердің өздері де мойындайтын дерек. Денсаулық сақтау министрлігі келтірген ресми статистика халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін былай көрсетеді:

  • мемлекеттік медициналық мекемелер көрсететін қызметтердің сапасына қанағаттану: 2025 ж. – 41%, 2026 ж. – 41,5%, 2027 ж. – 42%;
    • мемлекеттік медициналық мекемелер көрсететін қызметтердің қолжетімділігіне қанағаттану: 2025 ж. – 45,4%, 2026 ж. – 45,7%, 2027 ж. – 46%;
    • жеке медициналық мекемелер көрсететін қызметтердің сапасына қанағаттану: 2025 ж. – 49,4%, 2026 ж. – 49,8%, 2027 ж. – 50,2%;
    • жеке медициналық мекемелер көрсететін қызметтердің қолжетімділігіне қанағаттану: 2025 ж. – 46,2%, 2026 ж. – 46,5%, 2027 ж. – 46,8%.

Мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесі науқастардың кемінде жартысының да қанағаттануына қол жеткізе алмай отыр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шараларды жоспарлаған. Атап айтқанда, медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін медициналық ұйымдарды стандарттар негізінде аккредиттеу көзделген. Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, жақында үкімет тарапынан бекітілді. Алайда құжаттың толық мәтіні әлі жарияланған жоқ. Бұдан бөлек, министрлік медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін бағалау процесіне пациенттер мен олардың өкілдерін тарту тетіктерін қалыптастыруды жоспарлап отыр.

Біз мұны денсаулық сақтау жүйесінің нақты шағымдардан «қағаз жүзіндегі қорғанысы» ретінде қабылдадық. Өйткені 2025 жылы пациенттердің шағымдарының басым бөлігі мынадай мәселелерге қатысты болған:

  • медициналық көмекті ұйымдастырудың нашарлығы және ауруханаға жатқызудан бас тарту – 54%;
    • медициналық қызметтердің сапасы – 13%;
    • еңбекке жарамсыздық парақтарының негізсіз берілуі – 3%;
    • дәрігерлік этика мен деонтология талаптарының бұзылуы – 2%.

Бұл деректерді Денсаулық сақтау министрлігінің өзі хабарлаған. Сонымен қатар 2025 жылдың соңында медицина қызметкерлерінің тапшылығы шамамен 8,5 мың маманды құраған. Астана мен Алматыдағы жүктемесі жоғары емханаларда дәрігерлер екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр.

2025 жылы қазақстандықтардың шамамен 80%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне көңіл толмайтынын білдірген. Олардың 66,1%-ы сақтандыруы болғанына қарамастан мемлекеттік ауруханаларда көрсетілген қызмет үшін ақы төлеуге мәжбүр болған. Мұндай деректер Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы жүргізген «Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі: пациенттердің, дәрігерлердің және бизнестің пікірі» атты сауалнама нәтижесінде анықталған.

«Пациенттер мен олардың өкілдерін тарту тетіктері» – бұл азаматтардың шағым айтуына мүмкіндік берілгенімен, олардың пікірлері мен ұсыныстарына нақты ықпал ету құқығы берілмеген «еститін мемлекет» қағидатының көрінісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің 2027 жылға дейінгі инвестициялық жоспарынан көрген жалғыз оң жайт – мемлекеттік шығыстардың үлесі 2,9%-дан 3,7%-ға дейін ұлғайтылмақ. Дегенмен бұл көрсеткіш дамыған елдерде медицинаға бөлінетін шамамен 10% деңгейіне әлі де жете қоймайды.

 

 

 

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тең де емес, қатар да емес…

Бұл өткен мәселе болғанымен, Референдум қарсаңында мемлекеттік кеңесші Ерлан Кариннің YouTube-арнасында екі бейнеролик жарияланған еді:

Орталық Азияның жалпы ішкі өнімі 500 млрд доллардан асты

Орталық Азиядағы экономикалық өсімнің едәуір бөлігі сапалық емес, сандық сипатқа ие. Мәселен, Қырғызстандағы экономикалық серпіліс көп жағдайда 2022 жылдан кейінгі сауда ағындарының өзгеруі мен тауарлардың реэкспортына байланысты.

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне бөлінетін қаржы «артты»

Жылдық 415 мың теңгені айға шаққанда шамамен 34–35 мың теңге шығады. Қазақстанда болашақ олимпиада чемпиондарын дәл осындай «қомақты» қаражатпен тәрбиелеу жоспарланып отырған сияқты.

Еуропа қор нарықтары төмендеуде

Дүйсенбі күні Батыс Еуропаның ірі елдеріндегі қор нарықтары төмендеді, ал Ұлыбритания бұл үрдістен тыс қалып отыр.