«РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Халықаралық орыс тілі ұйымы 2026 жылдың сәуір айынан бастап практикалық жұмысын бастайтынын мәлімдеді. «Сарапшылар келісіп дайындаған құжат жобалары қарауымызға ұсынылып отыр. Бұл құжаттар ұйымның биылғы жылдың сәуір айынан бастап практикалық қызметін бастауына құқықтық негіз қалыптастырады», – деді Лавров Халықаралық орыс тілі ұйымының І министрлік конференциясында сөйлеген сөзінде.
Еуразия24 пікірі:
Халықаралық білім беру, мәдени және ғылыми ортада орыс тілін қолдау мен ілгерілетуге арналған посткеңестік елдердің үкіметаралық құрылымы – Халықаралық орыс тілі ұйымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылғанын көпшілік ұмытқан болар. Оның қалыптасу тарихына қысқаша тоқтала кетейік. 2021 жылдың желтоқсанында Қазақстан президенті Санкт-Петербургте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуінде орыс тілін қолдауға арналған халықаралық құрылым құру идеясын алғаш рет ұсынды. 2022 жылдың қазан айында Астанада өткен ТМД саммитінде Тоқаев ұйымның тұжырымдамасын ресми түрде таныстырды. Бұл бастаманы басқа мемлекеттердің басшылары қолдады. 2023 жылғы 13 қазанда Бішкекте Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы келісімге қол қойды. Ал 2026 жылғы 11 наурызда Мәскеуде ұйымның алғашқы министрлік конференциясы өтіп, оның практикалық қызметі ресми түрде басталды.




