Евразия24Не болдыҚазақстанда дропперлер арқылы 112 млрд теңге өткізілген

Қазақстанда дропперлер арқылы 112 млрд теңге өткізілген

|

|

Елдегі жаңалықтарға қарағанда, дропперлік жаппай белең алғандай. 2026 жылдың басынан бері алаяқтық жолмен «еріктілердің» банк шоттары арқылы жалпы көлемі 112 млрд теңгеге жететін қаржы аударымдары жүргізілген.

«Тергеу барысында 33 дропперлік топ анықталды, олардың қызметіне 500-ден астам адам тартылған. Соңғы екі айда агенттік мыңнан астам дроп-картаны бұғаттады. Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банк шоттарын пайдаланған халықаралық дропперлер желісінің қызметін тоқтатты.

Шамамен 17 млн теңге өткен шоттар бұғатталғаннан кейін ұйымдасқан топ мүшелері сол шоттардың 18 жастағы иесін ұрлап әкетіп, күш қолданамыз деп қорқытып, шоттарға қолжетімділікті қайта қалпына келтіруге мәжбүрлеген», – деп Vlast.kz порталы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметіне сілтеме жасап хабарлады.

Қазақстандағы заңға бағынатын азаматтардың қаншасы криптовалютамен жұмыс істей алады? Мұны нақты айту қиын. Ал дропперлер мұндай тетіктерді жақсы меңгерген. Алайда бұл олардан қаржылық сауаттылықты үйрену керек дегенді білдірмейді.
Мәселен, Жетісу облысында бір азаматша кураторларының нұсқауымен интернет-алаяқтық арқылы алынған қаражатты өзінің жеке банк шоттарына қабылдап отырған. Кейін оған теңгемен түскен қаржыны криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылар көрсеткен әмияндарға аударып отырған. Мұндай қызметі үшін әр операциядан комиссия алып келген.

Қаржылық мониторинг агенттігі келтірген осы және өзге де оқиғаларға қатысы бар адамдардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл жерде заңға бағынатын азаматтардың мұндай заңсыз әрекеттерге не себепті баратыны жөнінде сұрақ туындайды. Бұған жеңіл табысқа ұмтылу, құқықтық және қаржылық сауаттың жеткіліксіздігі, сондай-ақ «ештеңе болмайды» деген жаңсақ түсінік әсер етуі мүмкін.
Бірі оңай пайда табу үшін банк шоттарын өзгелердің пайдалануына әдейі береді. Екіншісі «тәжірибе талап етілмейді, табыс жоғары» деген жарнамаларға сеніп, алаяқтар ұрлаған ақшаны заңсыз айналымға түсіру тізбегінің бір бөлігіне айналғанын аңғармай қалады. Ал кейбіреулер мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікке тартылмаймыз деп есептейтін сияқты.

Қылмыстық топтар енді өздерінің дропперлеріне де күш қолдана бастаған. Олар банк шоттарына қолжетімділікті қалпына келтіру үшін адамдарды ұрлап, қысым көрсетуден де тайынбай отыр. Бұл ұйымдасқан қаржылық қылмыстың ауқымы кеңейіп, оның жеке адамға қарсы ауыр қылмыстармен ұштаса бастағанын аңғартады. Мұндай үрдіс материалдық шығынмен ғана шектелмейтін әлдеқайда күрделі салдарға соқтыруы мүмкін.

Банк карталары мен шоттарын күмәнді қаржылық операцияларға пайдалануға келіскен азаматтар мұндай қадамның салдарын алдын ала таразылағаны жөн. Өйткені мұндай схемаларға қатысу құқық қорғау органдарының назарына ілігіп қана қоймай, кейін адамның бүкіл өміріне әсер ететін құқықтық салдарға алып келуі мүмкін.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еуропаның қор индекстері төмендеп жатыр

Бейсенбі күнгі сауда барысында Батыс Еуропа елдерінің қор индекстері төмендеді.

«Исайас» дауылы Мексика шығанағынан АҚШ-қа қарай жылжып келеді

Мексика шығанағында қалыптасқан «Исайас» дауылы жұма немесе сенбі күні АҚШ жағалауына жетеді. Бұл туралы бейсенбі күні АҚШ-тың Ұлттық дауылдарды бақылау орталығы хабарлады.

ЕО-ның көші-қон саясаты тығырықтан шыға алмай отыр

Еуроодақ елдерінің басшылары көші-қон мәселесін ондаған саммитте талқылағанымен, бұрынғы тәсілдерді қайталап, нақты нәтиже бермеген шешімдерден әлі бас тартқан жоқ. Бұл туралы EUobserver интернет-басылымы хабарлады.

АҚШ доллары негізгі әлемдік валюталарға қатысты нығайып келеді

Бейсенбі күні түстен кейін АҚШ доллары еуроға, фунт стерлингке және иенаға қатысты біршама қымбаттады.