Астана. 9 шілде. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Экология мәселелері және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Құжат бейсенбі күні ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Заңға сәйкес, экологиялық ақпаратты жинақтайтын Бірыңғай ұлттық экологиялық деректер банкі құрылады. Оның құрамына экологиялық мониторинг жүйелерінің деректері мен өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері енгізіледі. Бұл экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етіп, бақылау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ заңда орман және жайылым көміртегі офсеттері институтын енгізу көзделген. Бұл орман өсіру жобаларын іске асыруға жеке инвестицияларды тартуға және елдің климаттық міндеттемелерін орындауға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, қалдықтарды басқару жүйесі жетілдіріледі.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жөніндегі өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Сонымен қатар өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму саласындағы тарифтік саясатты іске асыру көзделген.
Құжатта ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру де қарастырылған. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыратын мемлекеттік функциялар мен бәсекелестік негізде көрсетілетін қызметтер нақты ажыратылады. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Заңда нормативтен тыс шығарындылар үшін жауапкершілік белгіленіп, олардың көлемін есептеу тәртібі нақтыланған.
Сонымен қатар қайта өңделген шикізатты пайдаланатын отандық өндірушілерді ынталандыру шаралары енгізіледі. Бұл қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына және айналымды экономика қағидаттарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Заңды қарау барысында Қазақстан Республикасының ұлттық деңгейде айқындалған үлесін орындау мақсатында Париж келісімінің нарықтық тетіктері негізінде іске асырылатын жобалардың нәтижелерін есепке алу тәртібін реттейтін Экологиялық кодекстің жаңа 288-1-бабының ережелері қайта қаралды.
Жалпы алғанда, заң мемлекеттік экологиялық саясаттың тиімділігін арттыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы жауапты әріптестікті нығайтуға бағытталған.




