Венесуэланың резервіндегі 31 тонна алтынның Лондоннан Нью-Йоркке көшірілуі тек оның сақталатын құқықтық кеңістігін өзгертеді. Ал Каракас үшін жағдай сол күйінде қалды: ел өзіне тиесілі алтынға қол жеткізе алмай отыр. Венесуэла билігінің алтын қорын елге қайтару әрекеттерінің нәтижесіз аяқталуы басқа мемлекеттерге де маңызды сабақ болды – стратегиялық резервті өз аумағында сақтау анағұрлым қауіпсіз. Осыдан кейін Ұлыбритания қоймаларында алтын сақтайтын бірқатар ел бағалы металды өз аумағына қайтару ісін жандандыра түсті.
2010 жылдың соңында Венесуэланың алтын қоры 365,8 тоннаны құрады. Оның жартысынан астамы шетелде – негізінен Англия банкінде және АҚШ-та сақталған.
2011 жылы Уго Чавес елдің Орталық банкіне алтын қорын Венесуэлаға қайтаруды тапсырды. Бұл жұмыс басталғанымен, баяу жүрді. Сол жылы Каракас Лондоннан 211 тонна алтынды елге жеткізуді талап етті. Кейін оның 99 тоннасы ғана Ұлыбританияда сақталғаны, ал қалған бөлігі АҚШ пен Ұлыбританиядағы төрт банкке орналастырылғаны анықталды.
Жыл соңына дейін Венесуэла 150 тонна алтынды елге қайтарды. Алайда тағы 60 тоннасы Ұлыбританияда қалды. Соған қарамастан Каракас Лондон биржасынан алтын сатып алуды жалғастырып, Англия банкіндегі қорын толықтырып отырды. 2019 жылға қарай ондағы Венесуэла алтынының көлемі 80 тоннаға жетті.
Венесуэланың 60 тонна алтынды қайтару жөніндегі талабы орындалмай жатқан тұста-ақ бұл жағдайды бақылаған бірқатар мемлекет АҚШ пен Ұлыбритания қоймаларындағы алтын қорын өз еліне әкетуді жеделдете бастады. Олардың қатарында Германия, Нидерланд, Түркия, Үндістан және басқа да елдер болды.
2019 жылы президент Николас Мадуро Лондонда сақталған 80 тонна алтынды қайтаруға екінші рет әрекет жасады. Алайда Англия банкі Венесуэланың заңды басшысы ретінде Хуан Гуайдоны танитынын алға тартып, бұл талапты орындаудан бас тартты. Сонымен бірге «президент» Гуайдо да алтынға қол жеткізе алмады. Вашингтонның табанды өтініштері де жағдайды өзгерткен жоқ.
Осы кезеңде Венесуэла алтынының бір бөлігі Түркияда да сақталған еді. Оның нақты көлемі туралы ашық дерек жоқ. Анкара АҚШ тарапынан жасалған қысымға қарамастан, Каракаспен жасалған келісімдердің барлығын орындады.
Жақсы іс көбіне көп айтыла бермейтіні сияқты, Түркияның бұл ұстанымы да ерекше назарға іліккен жоқ. Қалай болғанда да, кейбір мемлекеттер үшін өз беделі мен қабылдаған міндеттемелеріне адалдық әлі де маңызды.
2020 жылы Мадуро үкіметінің Ұлыбританиядағы алтынды қайтаруға жасаған кезекті әрекеті де нәтиже бермеген соң, Венесуэла БҰҰ құрылымдарынан қолдау сұрады. Ұсыныс бойынша, Англия банкі алтынды БҰҰ қарауына беруге тиіс еді, ал ұйымның уәкілетті өкілдері сол қаражат есебінен Венесуэлаға азық-түлік жеткізілімдерін төлейтін. Мәселе кейін Лондонның Жоғарғы сотына дейін жетіп, сот британдық банктің пайдасына шешім шығарды.
2026 жылғы қыркүйекте Венесуэла билігі Англия банкінде сақталған 31 тонна алтынды Нью-Йорк Федералдық резерв банкінің қоймасына көшіруге келісім бергенін мәлімдеді. Алтын АҚШ аумағына жеткізілгенімен, Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес оған қол жеткізе алмайды. Алтынға қатысты операциялар бұрынғыдай Вашингтонның бақылауында қалады.
Болжамдардың біріне сәйкес, бұл алтын 2026 жылғы маусымдағы жер сілкінісінен кейін Венесуэла инфрақұрылымын қалпына келтіру жобаларына қатысуға ниетті америкалық компанияларға қаржылық кепіл ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Бұл жағдай Қазақстанға да қатысты. Өйткені елдің алтын қоры нақты қай жерде сақталатыны – қаржылық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды мәселе. 023 жылы Қазақстанның резервтік алтынының шамамен 50%-ы шетелдегі қоймаларда сақталғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда Ұлттық банк оның нақты қай елдерде орналасқанын құпия мәлімет ретінде жарияламады.
Егер Қазақстан алтынының елеулі бөлігі Лондонда сақталса, бұл белгілі бір тәуекел туғызады. Өйткені алтын – төтенше жағдайда пайдаланылатын ең өтімді резервтердің бірі. Бірақ оның мәні мемлекет сол активке тікелей әрі кедергісіз қол жеткізе алған жағдайда ғана сақталады.




