Евразия24Басты бет«Бақ шаба ма, бап шаба ма?»: Қазақстан шаруаларды қолдау жүйесін өзгертпек

«Бақ шаба ма, бап шаба ма?»: Қазақстан шаруаларды қолдау жүйесін өзгертпек

|

|

2026 жылы қазақстандық шаруалар егістікті құрғақшылықтан сақтандыруға 687,6 млн теңге жұмсап, 5,1 млрд теңге сақтандыру төлемін алды. Бұл ретте сақтандыру полистері құнының 80 пайызын мемлекет өтеген. Жуырда Астанада өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық сала өкілдерінің алдында маңызды мәлімдеме жасады. Бұл шешім алдағы уақытта мемлекет пен шаруалар арасындағы қаржылық қатынастарға елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін. «Біздің климаттық жағдайымызда бәрі өздігінен жақсы болады деп үміттену – әуел бастан ұтылысқа апаратын әрі жол беруге болмайтын қымбат тәуекел», – деді Мемлекет басшысы. Әңгіме ауа райының қолайсыздығы мен өзге де табиғи апаттар салдарынан шаруашылықтарға келтірілген шығынды өтеу тәртібін қайта қарау туралы болып отыр. Президент Үкіметке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығын сақтандыру жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте шаруаларды өз тәуекелдерін ерікті түрде сақтандыруға ынталандыратын шаралар да қарастырылуы тиіс.

ЕСЕПСІЗ ТӘУЕКЕЛ

Президент кейбір сарапшылардың 2027 жылға қатысты қолайсыз болжамдарына тоқталды. Олардың пікірінше, алдағы жыл метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығының басым бөлігі табиғи-климаттық жағдайы қолайсыз, егіншілік жүргізу тәуекелі жоғары аймақтарда шоғырланған Қазақстан үшін мұндай болжамдар үлкен қауіп төндіреді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бәрі сәтімен болар деп үміттенуге болмайтынын айтуының себебі де осы.

Алайда Президент шаруаларды мемлекеттік қолдаудан бас тарту туралы мәлімдеген жоқ. Керісінше, сөзінің басым бөлігін ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге, инфрақұрылымды дамытуға, ветеринария саласын жаңғыртуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және саланың өнімділігін арттыруға арнады.

Дегенмен мемлекеттік қолдау көрсету мен кәсіпкерлік қызметтен туындаған шығындарды тұрақты түрде өтеудің арасында елеулі айырмашылық бар. Бірінші жағдайда мемлекет экономикаға инвестиция салады, ал екіншісінде табиғи апаттардың салдарын жоюға қаржы жұмсауға мәжбүр болады.

Әрине, ауыл шаруашылығы – кәсіпкерліктің өзіндік ерекшеліктері бар саласы. Тіпті тәжірибелі, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары шаруалардың өзі өнімсіз қалу немесе шығынға ұшырау қаупінен толық қорғана алмайды. Өйткені адам ықпал ете алмайтын табиғи жағдайлар бар. Ауыл шаруашылығын сақтандыру жүйесі дәл осындай тәуекелдерден қорғауға тиіс.

Қазақстанда мұндай тетіктер қазірдің өзінде бар. Мемлекет тіпті шаруалардың сақтандыру полистерін сатып алуға жұмсайтын шығынының басым бөлігін өз мойнына алған. Соған қарамастан, ауыл шаруашылығын сақтандыру кеңінен таралған жоқ. Сақтандыру құнының 80 пайызын бюджет төлейді. Ал неге бұл шығынды шаруалардың өздері көтермейді?

СТАТИСТИКАҒА ҚАРСЫ ДАУ ЖОҚ

Президенттің форумда сөйлеген сөзінен аз уақыт бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген Сақтандыру нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы жарияланды. Құжатта ауыл шаруашылығы саласындағы сақтандыру жүйесінің қазіргі жағдайы жан-жақты сипатталған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда құстардың небәрі 8,1 пайызы, егіс алқаптарының 1,7 пайызы, ірі қара малдың 0,4 пайызы, ұсақ мал мен жылқының 0,1 пайызы ғана сақтандырылған. Басқаша айтқанда, егістік алқаптарының басым бөлігі сақтандырумен қамтылмаған. Ал мал шаруашылығында әрбір мың сиырдың төртеуі және мың жылқының біреуі ғана сақтандырылған.

Мүмкін, мәселе сақтандыру тетігінің тиімділігінде шығар?

30 қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылы маусымда дәнді және майлы дақылдар егістігін сақтандыру қорытындыларын жариялады.

Сандардың өзі көп нәрсені аңғартады. Құрғақшылықтан жалпы аумағы 517,4 мың гектар егістік сақтандырылған. Барлығы 330 сақтандыру шарты жасалған. Шаруалар сақтандыруға өз қаражатынан 687,6 млн теңге жұмсаған. Мемлекеттік субсидияларды қоса есептегенде, сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі шамамен 3,4 млрд теңгені құрады. Ал шаруаларға төленген сақтандыру өтемақысы 5,1 млрд теңгеге жеткен.

Яғни сақтандыру төлемдері шаруалардың өз қалтасынан жұмсаған қаражатынан 7,4 есе көп болған. Мұндай қаржылық қолдаудың себебі түсінікті. 2026 жылы Қазақстанның 10 өңірінде әртүрлі деңгейдегі құрғақшылық тіркелді. Олардың қатарында астық өндіретін негізгі аймақтар – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары да бар. Айта кетейік, сақтандырылған егіс алқаптарының 98,1 мың гектарына қатысты шарттар 2025 жылдың қысында-ақ жасалған.

Алдын ала қамданатын шаруалар өнім шықпай қалған жағдайда сақтандыру төлемдері жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге және несиелерді өтеуге аз да болса көмектесетінін жақсы түсінеді. Соған қарамастан, егістігін сақтандыратындар әлі де аз. Ал мемлекеттік бюджет қандай да бір себеппен сақтандыру полисінің орнын басатын қаржы көзіне айналып отыр.

БИДАЙ ЖАЙҚАЛЫП, МАСЫЛДЫҚ ӨРШІП БАРАДЫ

Форумда Президент Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөліп отырғанын еске салды.

«Бұл жерде масылдыққа жол берілмеуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев шаруалардың мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану мәселесіне тоқталып.

Жоғарыда келтірілген қаржы көлемін ескерсек, Мемлекет басшысының бұл ескертуі ерекше мәнге ие. Өйткені Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірушілері табиғи апаттар салдарынан ірі шығынға ұшыраған сайын мемлекеттен шұғыл көмек көрсету тәжірибесі ұзақ жылдар бойы қалыптасып келді.

Мәселен, 2021 жылғы жағдайды еске түсірейік. Сол жылы Маңғыстау облысында құрғақшылық пен жемшөп тапшылығы салдарынан мал жаппай қырылды. Облыс әкімдігінің сол кездегі мәліметінше, жемшөп бағасын тұрақтандыруға бюджеттен 2,1 млрд теңге жұмсалған. Ал 2022 жылы Үкімет резервінен қосымша 664 млн теңге бөлінді. Сол жылдың маусым айының соңына қарай 314 шаруа қожалығы мен 2,7 мыңға жуық қосалқы шаруашылық жалпы сомасы 414 млн теңге болатын көмек алған.

Екі жылдан кейін осындай мәселе еліміздің басқа өңірлерінде де қайталанды.

2023 жылы тамызда Үкімет отырысында құрғақшылық пен суармалы су тапшылығынан зардап шеккен шаруашылықтарға қолдау көрсету мәселесі қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға шамамен 500 млрд теңге бағытталған. Бұдан бөлек, егін және мал шаруашылығымен айналысатын өндірушілерді қолдау үшін Үкімет резервінен тағы 60 млрд теңге бөлінген.

Әрине, бұл қаражаттың барлығы табиғи апаттардан келген шығынды өтеуге жұмсалған жоқ. Дегенмен келтірілген сандардың өзі мемлекеттің ауыл шаруашылығын қаржыландыруға қаншалықты ауқымды деңгейде қатысып отырғанын көрсетеді.

Енді шаруалардың сақтандыру полистерін алуға неге асықпайтыны туралы сұраққа жауап табылғандай. Егер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет көмексіз қалдырмайтынына іштей сенімді болса, олардың басым бөлігі жыл сайын сақтандыруға ақша жұмсауды қажет деп санамайды.

Осылайша, бір-біріне қайшы жағдай қалыптасып отыр. Бір жағынан, мемлекет сақтандыру полисі құнының 80 пайызын төлеп, шаруаларды тәуекелдерін сақтандыруға ынталандырады. Екінші жағынан, сақтандырылмаған шаруашылықтардың шығынын тұрақты түрде өтеп, олардың сақтандыруға деген қажеттілігін өзі азайтып отыр.

ШАРУАЛАР САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯЛАРЫНА СЕНБЕЙ МЕ?

Әрине, шаруаларды масылдыққа салынып отыр деп жаппай кінәлауға болар еді. Алайда бұл мәселеде ескеруге тиіс бір маңызды жайт бар.

2004–2019 жылдары Қазақстанда өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеді. Оның мақсаты ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолайсыз табиғи құбылыстардың салдарынан туындайтын қаржылық шығындардан қорғау болатын. Алайда іс жүзінде бәрі әлдеқайда күрделі болып шықты.

2019 жылы ауыл шаруашылығын сақтандыру жүйесін кезекті рет реформалау қарсаңында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі міндетті сақтандырудың формалды сипат алғанын, ал шаруаларға төленетін өтемақы тіпті ең төменгі өндірістік шығындарды да жабуға жетпейтінін мойындаған болатын.

Соның нәтижесінде 2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандырудан бас тартып, ерікті сақтандыру жүйесіне көшті. Мемлекеттің қаржылай қолдау көрсету тәртібі де өзгерді. Бұрын сақтандыру төлемдерінің бір бөлігі субсидияланса, енді бюджет қаражаты сақтандыру полистерінің құнын арзандатуға бағытталды. Ал 2022 жылы сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау мөлшері 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Halyk Finance сарапшылары да атап өткен.

2021 жылы Агросақтандыру қауымдастығы кеңесінің мүшесі Елдос Әуезбеков сұхбаттарының бірінде бұрынғы жүйе жұмыс істеген кезеңде 10 сақтандыру компаниясының сегізі бұл саланың экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуына байланысты қызмет көрсетуден бас тартқанын айтқан еді.

«Бұрынғы сақтандыру жүйесі сақтандыру өніміне деген сенімге нұқсан келтірді. Шаруалар оған сенуден қалды», – деп түсіндірді ол.

Жоғарыда айтылғандай, шаруалардың ауыл шаруашылығын сақтандыруға әлі күнге дейін белсенді қатыспауының бір себебі осы болуы мүмкін.

Ендеше не істеу керек? Біздіңше, шаруаларды ерікті сақтандыруға ынталандыру үшін қаржылық жеңілдіктер ұсыну ғана жеткіліксіз. Сақтандыру қызметтерінің сапасын да арттыру қажет. Әр шаруа ақшасын не үшін төлейтінін, қандай жағдайда өтемақы алатынын және оның шығындарын қаншалықты жабатынын нақты түсінуі тиіс. Мәселеге кеңірек қарасақ, ауыл шаруашылығын сақтандыру жекелеген шаруалардың ғана емес, бүкіл ел экономикасының мүддесін қорғауға бағытталуы қажет.

Президент жариялаған реформаның негізгі мақсаты – табиғи апат болғаннан кейін оның зардаптарын жоюдан тәуекелдерді алдын ала басқаруға көшу. Қазақстанда мұндай өзгерісті жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау жүйесі, шарттарды цифрлық форматта рәсімдеу тетіктері, спутниктік мониторинг және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сақтандыру төлемдерін төлеу тәжірибесі бар.

Ендігі міндет – сақтандыру жүйесіне көбірек шаруа қожалығын тарту. Бірақ қалай?

Біздіңше, ең тиімді жолы – сақтандырылмаған шаруашылықтарға көрсетілетін мемлекеттік көмекті қысқартып, сақтандырылғандарға қосымша жеңілдіктер беру. Яғни бір жағынан қатаң талап қойып, екінші жағынан ынталандыру шараларын күшейту.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде қолданылатын тәсілге ұқсас.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстандықтардың 93 пайызы елдің даму бағытын дұрыс деп санайды

Тәуелсіздік қоғам үшін аса маңызды құндылықтардың бірі болып қала береді. Оның мәні мемлекеттіліктің қалыптасу тарихымен ғана шектелмей, Қазақстанның қазіргі даму кезеңін азаматтардың қалай бағалайтынымен де тығыз байланысты.

ҰҚК Жоғарғы сот мәліметтерінің заңсыз таралуы мүмкін деген ақпаратты тексеруде

Қазақстандықтардың жеке деректері неге соншалықты сұранысқа ие тауарға айналды? Олардың заңсыз таралуына қатысты оқиғалардың жиі қайталануына не себеп?

Қазақстан шахматтан әлем чемпионатын ұйымдастыруға атсалысты

Женевадағы Ұлттар сарайында Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) ұйымдастыруымен 2026 жылғы шахматтан әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

2027 жылы ұялы байланыс қымбаттайды

Ұялы байланыс әлдеқашан жай ғана қызмет түрі болудан қалды. Қазақстандықтардың цифрлық экономикаға барған сайын белсенді тартылып жатқанын ескерсек, бүгінде ол күнделікті өмірдің ажырамас қажеттілігіне айналды.