«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ хабарлайды: «Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Азамат Аймұратов астрономия және астрофизикадан халықаралық олимпиадада (IOAA 2026) күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлде қосты. Биыл беделді халықаралық білім сайысы Вьетнам астанасы Ханойда өтті. Олимпиадаға әлемнің 66 елінен 300-ден астам оқушы қатысты. Қатысушылар астрономия мен астрофизика бойынша терең білімін ғана емес, астрономиялық деректерді талдау, аспан денелерін бақылау және практикалық тапсырмаларды орындау қабілетін де көрсетті. Бұл Азаматтың халықаралық деңгейдегі алғашқы жетістігі емес. Өткен жылы да ол Қазақстан атынан IOAA олимпиадасына қатысып, қола жүлдеге ие болған. Астрономия және астрофизикадан халықаралық олимпиада (IOAA) мектеп оқушылары арасындағы әлемдегі ең беделді ғылыми жарыстардың бірі саналады. Олимпиада 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның мақсаты – жастардың астрономия мен астрофизикаға қызығушылығын арттыру, дарынды оқушыларды қолдау және олардың ғылыми әлеуетін дамыту».
Еуразия24 пікірі:
Азамат Аймұратовтың жетістігіне қуаныштымыз. Сонымен бірге 2026 жылы қазақстандық оқушылар түрлі зияткерлік бағыттарда жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін де атап өткен жөн.
Халықаралық математика олимпиадасында Қазақстан құрамасы үш күміс және үш қола медаль иеленді. Қазақстан IMO олимпиадасына 1992 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ел оқушылары 16 алтын, 54 күміс және 86 қола медаль жеңіп алған.
Халықаралық информатика олимпиадасында Қазақстан атынан қатысқан төрт оқушының барлығы жүлдегер атанды. Құрама қоржынына бір алтын және үш күміс медаль түсті. Ал Астанадағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Максим Цой әлем бойынша бесінші орынға ие болды.
Тарихи жетістік деуге болатын нәтижелер де бар. Колумбияда өткен Халықаралық физика олимпиадасында Қазақстан құрамасының бес оқушысы да алтын медаль жеңіп алды.
Биыл Астанада өткен Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық олимпиадада алматылық оқушы Дәужан Бекетов әлем бойынша екінші орын иеленді.
Қазақстанда дарынды әрі қабілетті балалар аз емес. Кейін олардың көбі беделді университеттерге түсіп, кәсіби жолда үлкен жетістікке жетуге мүмкіндік алады. Соның бір мысалы – 2023 жылы Токиода өткен 53-Халықаралық физика олимпиадасының күміс жүлдегері Әлішер Еркебаев. Ол кезінде Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдаған, ал қазір Қазақстан құрамасының келесі буынын жаңа жеңістерге дайындап жүр.
Ендігі маңызды міндет – осындай талантты жастарға өз елінде білімін, қабілеті мен әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік жасау және олардың Қазақстанда қалуына қолайлы жағдай қалыптастыру.




