Евразия24Басты бетҚазақстанда PM2.5 деңгейі жоғары: ресми есеп пен нақты көрсеткіштер сәйкес келмейді

Қазақстанда PM2.5 деңгейі жоғары: ресми есеп пен нақты көрсеткіштер сәйкес келмейді

|

|

Energyprom келтірген IQAir халықаралық экологиялық мониторинг жүйесінің 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстан атмосфералық ауасы ең ластанған 143 елдің ішінде 29-орынға ие болды. Қалалардағы ұсақ дисперсті қатты бөлшектердің (PM2.5) орташа жылдық концентрациясы 23,4 мкг/м³-ке жеткен. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген шекті мөлшерден 4,7 есе жоғары. Бір жылдың ішінде Қазақстандағы ауаның ластану көрсеткіші 55%-ға өскен: 2024 жылы 15,1 мкг/м³ болса, 2025 жылы 23,4 мкг/м³-ке жетті. Демек, бір жыл ішінде ауа сапасы айтарлықтай нашарлаған. Ал бұл халықаралық экологиялық мониторинг деректері Экология министрлігі 2026 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «2025 жылғы қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы ұлттық баяндама» жобасындағы мәліметтермен сәйкес келмейді.

Бірден айта кетейік, біз Ұлттық баяндама жобасында келтірілген Экология министрлігінің деректеріне күмән келтіруді мақсат етіп отырған жоқпыз. Тек оларды ашық дереккөздердегі өзге мәліметтермен салыстырып ұсынамыз. Қорытындыны оқырманның өзі жасай алады.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ: ДЕРЕКТЕР НЕГЕ ӘРТҮРЛІ?

Сонымен, Экология министрлігінің құжатына сәйкес, стационарлық көздерден ауаға тараған ластаушы заттардың жалпы көлемі 2 280,9 мың тоннаны құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда небәрі 0,4%-ға көп. Министрлік тазарту қондырғыларының тиімді жұмыс істеп отырғанын да атап көрсетеді: кәсіпорындар ластаушы заттардың 32,4 млн тоннасын, яғни 93,8%-ын ұстап, залалсыздандырған.

Экология министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректерінде бір тұрғынға шаққандағы зиянды шығарындылар көлемі де азайған: 2021 жылғы 126,7 келіден 2025 жылы 111,9 келіге дейін төмендеген.

Олай болса, Қазақстанның ірі қалаларында тұрғындар неліктен ауаның ластанғанын көзбен көретін деңгейге жетті? Мәселен, Алматыда стационарлық көздерден шығатын зиянды заттардың көлемі 43,3 мың тоннадан 49,6 мың тоннаға дейін өскен. Ал сол Ұлттық баяндамада келтірілген «Қазгидромет» РМК дерегіне сәйкес, Алматыда санитарлық-химиялық нормадан асқан ауа сынамаларының үлесі 11,4%-ды құрады. Республика бойынша орташа көрсеткіш небәрі 1,8%.

Қарағандыда 2025 жылы PM2.5 мөлшері 72,6 мкг/м³ деңгейінде қалып, қауіпті көрсеткіштен түскен жоқ. Бұл ДДҰ белгілеген нормадан 14,5 есе жоғары.

Ұлттық баяндамада Қарағанды, Алматы және Теміртау ресми түрде «ластану деңгейі тұрақты түрде жоғары» қалалардың қатарына енгізілген.

Ендеше кәсіпорындардағы тазарту қондырғылары ластаушы заттардың басым бөлігін ұстап қалса, PM2.5 мөлшері неге әлі де жоғары? Оның себебі бар: ұсақ дисперсті бөлшектердің едәуір бөлігі көмір жағу кезінде және автокөліктерден бөлінеді.

ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАН ЭКОНОМИКА

Дүниежүзілік банк сарапшылары 2025 жылдың жазында жарияланған «Орталық Азиядағы ауа сапасын басқару» баяндамасында PM2.5 бөлшектерімен ауаның ластануынан өңір экономикасы жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 3–5%-ына тең шығынға ұшырайтынын есептеген. Ақшалай есептегенде бұл жылына 15,2–21,7 млрд долларды құрайды.

Бұдан сәл ертерек, 2022 жылы Дүниежүзілік банк Қазақстандағы ауаның ластануы жыл сайын 10 мыңнан астам адамның мезгілсіз қайтыс болуына себеп болатынын, ал одан келетін экономикалық залал 10,5 млрд доллардан асатынын мәлімдеген.

Бұл мәселе бойынша маңызды деректер 2025 жылғы қарашада беделді Environmental Science: Advances ғылыми журналында жарияланған академиялық зерттеуде де келтірілген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Торайғыров университеті және Назарбаев Университетінің ғалымдары Әсет Мұратұлы, Равкат Мұхтаров, Иван Раделюк, Ферхат Карача және Насиба Байматова Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты аясында Қазақстанның екі ірі мегаполисінде 2022–2024 жылдары ауаның ластануынан келген нақты шығын көлемін есептеген.

Алматы. PM2.5 бөлшектерінің әсерінен жыл сайын 2 мыңнан астам адам мезгілсіз қайтыс болады. Экономикалық шығын 2,8–4,6 млрд доллар аралығында бағаланады. Егер мегаполисте PM2.5 мөлшерін ДДҰ ұсынған 5 мкг/м³ деңгейіне дейін төмендету мүмкін болса, жыл сайын 1 мыңнан 1,5 мыңға дейін адамның өмірін сақтап қалуға болады.

Астана. Жыл сайын 700-ге жуық адам ауаның ластануынан мезгілсіз қайтыс болады. Экономикалық шығын 1–1,5 млрд доллар шамасында. Ауа сапасын ДДҰ ұсынған деңгейге жеткізу арқылы жылына 500-ге дейін адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Осылайша, смог салдарынан туындайтын қан айналымы жүйесі аурулары, инсульт пен қатерлі ісіктерден келетін экономикалық шығынның өзі тек Алматы мен Астанада 6 млрд долларға дейін жетеді. Ал Қазақстандағы экологиялық ахуалдың нашарлығы осы екі қаламен ғана шектелмейді.

ЖАЛҒАН ЭКОЛОГИЯ

Не істеу керектігі түсінікті – PM2.5 мөлшерін азайту қажет. Мемлекеттік органдардың есептеріне қарағанда, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

2025 жылы Экология министрлігі мыңнан астам тексеру жүргізіп, 2 945 заң бұзушылықты анықтады.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында аумақтарды тазалауға 6,9 млн адам қатысып, 844 мың тонна қоқыс жиналды және 5,5 млн ағаш отырғызылды.

Алайда осындай ауқымды сенбіліктер мен миллиондаған көшет отырғызу жылу электр орталықтары мен жеке үйлерде сапасы төмен көмір жағудан ауаға тарайтын зиянды заттардың орнын толтыра ала ма? Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Орталық Азиядағы PM2.5 ластануының 50–80%-ы адам әрекетінен туындайды. Оның негізгі көздері – жылу электр орталықтары, жеке сектор және автокөлік.

Дегенмен Қазақстанда экологиялық ахуалды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама бар. Ол – 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы. Оған 13,5 трлн теңге көлемінде инвестиция қарастырылған. Осы жобаның жүзеге асуы ауасы ең ластанған Қазақстан қалаларындағы экологиялық мәселелерді шешуде шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Жоба аясында 6,2 трлн теңгеге 30 жылу электр орталығын жаңғырту және 6,7 трлн теңге есебінен желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету көзделген. Мұндай ауқымды жаңғырту 2030 жылға қарай PM2.5 мөлшерін Астанада 8 мкг/м³-ке, ал Алматыда 18 мкг/м³-ке дейін төмендетуге мүмкіндік беруі әбден мүмкін.

ЭКОЛОГИЯҒА ЖҰМСАЛАТЫН ҚАРЖЫНЫ КІМ ТӨЛЕЙДІ?

Ашық дереккөздердегі кейбір мәліметтер мемлекет экологиялық шығындардың бір бөлігін жекеменшік сектордың мойнына жүктеп, осы бағыттағы нысаналы бағдарламаларды қысқартып отырғанын аңғартады.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қоршаған ортаны қорғауға жұмсаған шығыны 813,3 млрд теңгені құрады. Оның 436,7 млрд теңгесі кәсіпорындардың ағымдағы шығындарына, 376,6 млрд теңгесі негізгі капиталға салынған инвестицияларға тиесілі. Жалпы алғанда, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындардың 94,5%-ын өнеркәсіп кәсіпорындары көтерген.

Ал мемлекеттің тікелей қаржылық үлесі бұдан әлдеқайда аз көрінеді. Осы тұста бюджеті 1,4 трлн теңге болған 2021–2025 жылдарға арналған тағы бір «тамаша» ұлттық жоба – «Жасыл Қазақстанды» еске түсірген жөн. Бұл жоба да ірі қалалардағы зиянды шығарындылар көлемін 881,6 мың тоннадан 503,4 мың тоннаға дейін азайтуды көздеген еді. Алайда бағдарлама 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал белгіленген нысаналы көрсеткіштердің қаншалықты орындалғаны бізге белгісіз.

КЛИМАТТЫҢ ЭКОЛОГИЯҒА ЫҚПАЛЫ

Экология министрлігінің Ұлттық баяндама жобасында (экология мәселесіне мән беретін оқырмандарға құжатпен толық танысып шығуды ұсынамыз) ауа ластануының күрт өсуіне әсер еткен метеорологиялық деректер де келтірілген.

2025 жыл Қазақстанда 1941 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең жылы жыл болып тіркелді. 1961–1990 жылдардағы климаттық нормамен салыстырғанда орташа жылдық температураның ауытқуы +2,96 °C болды. Негізгі өнеркәсіптік және аграрлық өңірлерде бұл көрсеткіш 3,5 °C-тан асты. Қызылорда облысында температуралық ауытқу +3,54 °C, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында +3,51 °C болды. Сонымен қатар жоғары температура жауын-шашынның айтарлықтай азаюымен қатар жүрді. Мәселен, Алматыда жауын-шашын тапшылығы 38,7%-ға жетті.

Демек, экологтар Қазақстандағы ауа сапасының нашарлауын тек адам әрекетімен ғана емес, табиғи факторлармен де байланыстырады. Алайда аптап ыстық пен құрғақшылық – тек Қазақстанға тән емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе. Соған қарамастан, экологиялық рейтингте жағдайы анағұрлым жақсы Еуропа елдері өз көрсеткіштерін сақтап отыр. Қалай?

Мәселен, Финляндия, Швеция, Исландия және Норманд аралдарында PM2.5 мөлшері ДДҰ белгілеген 5 мкг/м³ деңгейінен аспайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш орта есеппен 23,4 мкг/м³-ке жетіп отыр.

Мұндай айырмашылық неден туындады? Біздіңше, оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, Еуропа елдерінде көмірден электр энергиясын өндіру үлесі барынша азайтылып, оның орнына жаңартылатын энергия көздеріне, гидроэнергетика мен табиғи газға басымдық берілген. Ал Қазақстанда жылу мен электр энергиясының негізгі бөлігі әлі де күлділігі жоғары көмір жағу арқылы өндіріледі. PM2.5 ұсақ бөлшектерінің негізгі көздерінің бірі де – осы.

Екіншіден, Еуропалық одақ елдерінде ең үздік қолжетімді техникаларды қолдану талаптары заңмен бекітілген. Бұл талаптар жалпы шаңды ғана емес, диаметрі 2,5 және 10 микронға дейінгі ұсақ дисперсті бөлшектерді де ұстап қалуды міндеттейді. Қазақстанда болса, негізінен стационарлық көздерден шығатын зиянды заттардың тоннамен өлшенетін жалпы көлемі есепке алынады. Ал адам денсаулығына тікелей әсер ететін ұсақ бөлшектерге жеткілікті деңгейде назар аударылмайды.

Үшіншіден, катализаторы жоқ ескі автокөліктердің көптігі және жанармай сапасының төмен болуы азот оксидтері мен толық жанбай қалған көмірсутектердің ауаға көп бөлінуіне әкеледі. Қазақстанда электр көліктерін кеңінен енгізу және автопаркті жаңарту ынталандырылып отырғанымен, ескі әрі техникалық тұрғыдан тозған көліктердің үлесі әлі де жоғары.

Төртіншіден, Орталық Азиядағы табиғи шөлейт аймақтар мен топырақтың құрғауы PM2.5 ластануының 30%-ға дейінгі бөлігін қалыптастыруы мүмкін. Оған қалыптан тыс жылыну мен жауын-шашын тапшылығы қосылғанда, жағдай одан әрі күрделене түседі.

Бесіншіден, Еуропа елдері экологиялық бастамаларды ұзақ мерзімге есептеп жүзеге асырады. Ал Қазақстанда тиімді бағдарламаларды мерзімінен бұрын тоқтату жағдайлары кездеседі. Біздіңше, кейде терең технологиялық жаңғырту міндеттері ағаш отырғызу немесе қоқыс жинау сияқты бір реттік қоғамдық акциялармен алмастырылып кетеді.

Технологиялық әрі экологиялық шешімдердің аса қымбат екенін түсінеміз. Бірақ бұл – кез келген ел үшін ең құнды ресурс саналатын адамға салынатын инвестиция.

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті инфекциялар бойынша жағдайды бақылап отыр

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Федерациясының Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік туғызған жағдай туралы ақпаратқа байланысты ахуалды бақылап отыр. Қазақстанда жағдай тұрақты бақылауда, алдын алу шаралары қабылданды.

Қазақстан тағы несие алды

Дүниежүзілік банк Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыру мен еңбек өнімділігінің өсуін қолдауға 75 млн АҚШ доллары көлемінде несие беруді мақұлдады. «Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуда елеулі нәтижелерге қол жеткізді.Бұл жоба осы әлеуетті еңбек өнімділігін арттыруға негізделген экономикалық өсімге айналдыруға көмектеседі. Атап айтқанда, кәсіпкерлерді қолдау, жоғары білікті жұмыс орындарын ашу және елдің технологиялық секторына қосымша жеке инвестиция тарту көзделіп отыр7

Тоқаев Қазақстандағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруды тапсырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Саденовті қабылдап, елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Қазақстан Қорғаныс министрлігіндегі тексеріс Каспийдегі оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізу кезінде елеулі кемшіліктер болғанын анықтады

Қазақстан Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқан оқу-жаттығуды әзірлеу және жоспарлау барысында елеулі кемшіліктер жіберілгенін анықтады, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.