Астана. 20 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне екінші деңгейлі банктердің аграрлық саланы қолжетімді шарттармен несиелеуге қатысуын кеңейту мәселесін шешуді тапсырды.
«Екінші деңгейлі банктерді ауыл шаруашылығын несиелеуге кеңінен тарту маңызды. Біз бұл мәселені үнемі айтып келеміз. Әрине, оны шешу оңай емес, өйткені бұлар – жекеменшік банктер. Дегенмен шаруаларға қолайлы шарттармен ұзақ мерзімді несие беру мүмкіндігін қарастырған жөн», – деді Тоқаев жұма күні ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында сөйлеген сөзінде.
Президент қарызды өтеу кестесі өндірістің нақты кезеңдеріне сай жасалып, инвестициялық кезеңде негізгі қарызды төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылуы тиіс екенін атап өтті.
«Мұны игі тілек деуге де болады, бірақ бұл – белгілі бір дәрежеде тапсырма. Бәріміз бір елде өмір сүріп жатырмыз, бір ауамен тыныстап, бір суды пайдаланып отырмыз. Сондықтан табыс деңгейінде, әсіресе қаржы көздеріне қол жеткізу мүмкіндігінде тым үлкен айырмашылық болмауы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, фермерлер несие бойынша алғашқы төлемді өтеу үшін жиі жағдайда жинаған өнімін орақ науқаны аяқтала салысымен өте арзан бағаға сатуға мәжбүр болады.
«Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Министрлік пен Үкімет осы мәселені шешуге кірісуі қажет. Сонымен қатар шаруалар да біздің мемлекет көптеген елдермен, соның ішінде көршілес мемлекеттермен салыстырғанда бұл салаға орасан зор қаражат бөліп отырғанын түсінуі тиіс. Мұнда мемлекет көмегіне ғана арқа сүйеп отыруға жол жоқ. Яғни бөлінген қаражат барынша тиімді әрі тек мақсатты түрде жұмсалуы қажет», – деп түйіндеді Президент.




