Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды: «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Федерациясының Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік туғызған жағдай туралы ақпаратқа байланысты ахуалды бақылап отыр. Қазақстанда жағдай тұрақты бақылауда, алдын алу шаралары қабылданды. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Көліктің барлық түрінде дене қызуы көтерілген, ауру белгілері бар немесе аса қауіпті инфекция жұқтырды деген күдік тудырған адамдар анықталған жоқ. Алдын ала бағалау бойынша инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр. (…) Қолда бар мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта ресейлік мамандар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатыр. Түпкілікті диагноз әзірге ресми түрде расталған жоқ. Инфекцияның ықтимал көзі мен жұқтыру жағдайлары анықталуда».
Еуразия24 пікірі:
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жақсы жолға қойылған бағыттың бірі – жедел эпидемиологиялық бақылау. COVID-19 пандемиясын еске түсірейік. Қазақстанда алғашқы жағдай тіркелмей тұрып-ақ санитарлық қызметтер Қытайдан келетін жолаушылар ағынын бақылауға алған еді. 2020 жылы 6 қаңтар мен 19 ақпан аралығында ғана өткізу пункттерінде 31,5 мыңнан астам адам тексерілді. Ал Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы екі адам 13 наурызда анықталды. Екеуі де инфекцияны шетелден жұқтырып келген. Сол кезде кейбір елдерде науқастар саны жүзден асатын.
Шекарадағы санитарлық-карантиндік бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Мәселен, 2025 жылы 26 өткізу пунктінде 7,2 млн-нан астам адам бақылаудан өтті. Карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың елге әкеліну жағдайлары тіркелген жоқ.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет эндемиялық елдерден келген азаматтарды да бөлек бақылауда ұстады. Нәтижесінде 2025 жылы Қазақстанда оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит және іш сүзегін қоса алғанда, 19 қауіпті инфекцияның бірде-бір жағдайы тіркелмеді.




