Біз «Орда» мен «құрбы» және «граната ұстаған Гүлнар» туралы оқиғаның жалғасы болады деген едік. Айтқанымыз айдай келді.
Бұл жолы Гүлнар Бажкенова «Kaspi bank»-пен ашық айқасқа шықты. Қолында граната емес, банктің фирмалық түсімен безендірілген екі плакаты бар. Бір плакатта Kaspi.kz логотипінің астына «мемлекеттік дерекқордағы азаматтардың жеке мәліметтерімен жасалатын алаяқтық» туралы жазылса, екіншісінде «қажетсіз деп танылған адамдардың әлеуметтік желідегі парақшалары небәрі бес минутта бұзылады» деген мәтінді көруге болады. Екі плакаттың да төменгі жағына «Жазасыз!» деп жазылыпты.
Жалғыз адамдық пикет – әдетте шарасыз күйге түскен жалғызбасты аналардың, баспанасынан айырылғандардың немесе бұған дейін қоғам назарына ілікпеген, бірақ қиын жағдайға тап болған өзге де адамдардың амалы. Яғни бұл – өз мұңын естіртудің басқа жолы қалмағандардың соңғы мүмкіндігі. Ең болмағанда, телекамера мен әлеуметтік желілерге тезірек ілігуді мақсат еткен жаңадан шыққан белсенділерге жарайды.
Ал Гүлнар Бажкенова – Қазақстандағы ең ықпалды журналистердің бірі. Егер таралым мен бюджет көлемін алсақ, ол – елдегі ең ірі басылым иесі әрі терең зерттеу мақалаларының авторы. Оның қаламынан шыққан ең батыл зерттеу материалдары мен ашық айыптаулары талай жоғары лауазымды шенеунік пен ірі бизнес өкілдерінің тағдырына ықпал еткен. Солардың ішінде бұрынғы вице-премьер мен сыртқы істер министрлері де бар.
Осылайша жалғыз өзі, қасында тек операторымен ғана шығу – артында кәсіби ұжымы бар, заманауи студиясы жасақталған тәжірибелі медиатұлға үшін әдеттегі қадам емес. Оның үстіне, бұл әрекет қала әкімдігі не прокуратура алдындағы баспалдақта емес, ең таңдаулы әрі беделді қауым жиналатын шараның кіреберісінде жасалды. Мұның бәрінен бір шарасыздықтың, күйзелістің лебі сезіледі.
Басқа жағынан қарағанда, бұл да бір кезекті ірі медиа-әсердің болғаны анық: бейнежазбаны бүкіл Қазақстан көріп, пікір қалдырды, тіпті көрші елдер де назар аударды.
Осы тұста бізге «Еуразия-24» редакциясының «Орда» және оның бұрынғы иесі төңірегіндегі бірінен соң бірі ақпарат кеңістігіне тараған дауларға неге назар аударып отырғанымызды тағы бір рет түсіндіре кету қажет сияқты.
Бұл – шынында да аса маңызды мәселе. Өйткені әңгіме өміріміздің ең басты саласына, мемлекеттік саясаттың өзегіне келіп тіреледі. Бұл – әрбір саналы азаматқа қажет, қоғамды қалыптастыратын ақпараттық орта мен оның сапасы жайлы сөз. Яғни адамдар күн сайын тұтынатын «ақпараттық азықтың» қаншалықты сапалы дайындалатыны және ол қандай «ақпараттық асүйде» әзірленетіні туралы. Осы тұста келесі сұрақ туындайды: еліміздегі ең ірі технологиялық әрі табысты жеке банк бұған қалай араласып отыр? Банктік бизнес пен ақпараттық кеңістікке таратылып жатқан жаңалықтар мен идеологиялық мазмұнның арасында қандай байланыс бар? Мұның бәрі ішкі саясатқа жауапты мемлекеттік құрылыммен қалай ұштасады? Жалпы, мұның ең басында кім тұр – бизнес пе әлде мемлекет пе?
Гүлнар Бажкенова өзіне тән тарихи миссиясын – әшкерелеуші рөлін – өте шебер атқарып жүр. Бірақ әңгіме оның әшкерелейтін жоғары лауазымды шенеуніктер мен бизнес өкілдері туралы емес. Бұл жерде «Орда» – жай ғана құрал, белгілі бір шығару тетігі іспетті қызмет атқарады. Сол арқылы мемлекеттік аппарат ішіндегі топаралық және корпоративтік тартыстардың майданынан келген ақпарат қоғамға таралады, яғни ашық кеңістікке шығарылады.
Бірақ бұл жолғы жағдай басқаша. Гүлнар Бажкенова бәріміз үшін пайдалы тұлға – өйткені ол көпшілікке жеке және мемлекеттік құрылымдар тоғысқан ақпараттық жүйенің қалай жұмыс істейтінін ашып көрсетіп жүр. Дәл сол «ақпараттық асүйде» ол ұзақ жыл еңбек етіп, белгілі бір материалдық жағдай мен әлеуметтік мәртебеге қол жеткізген. Алайда, өкінішке қарай, кейін жұмыс берушісімен тіл табыса алмай, арасы суып кеткен.
Айтпақшы, әйел адамды тығырыққа тіреуге болмайды, әсіресе қолында «граната» болса. Біздің ақпараттық кеңістік батыл да қайсар әйелдерге бай. Алайда бүгінгі күні ақпараттық майдандағы ең басты батыр – Гүлнар Бажкенова.
Сіздерде « неліктен Гүлнар – Гүлшат Мейранқызы, шетелге кету жоспары барын ашық айтып, ол жақта өмір сүруге барлық материалдық мүмкіндігі бола тұра, әлі күнге дейін жолға шыққан жоқ?» деген сауал туындауы мүмкін. Неліктен ол осындай тәуекелге толы жалғыз адамдық әрекеттерге барып жүр?
Біз де қарсы сауал қоялық: БҰҰ-ға аккредитация алған күннің өзінде, Нью-Йоркте қазақстандық журналист Гүлнар Бажкенованың халықаралық саясат жайлы пікірі кімге қажет болар еді? Ал Вашингтонда, Конгреске кіре алатын журналистік рұқсаты болса да, оның Америкадағы ішкі істер жөніндегі ой-толғамына кім мән бермек?
Егер мұхиттың ар жағында да «Ордаға» «Ақорданың» ішкі айтыс-тартыстарынан шыққан ақпаратты таратуға жол ашық болса әңгіме басқаша болар еді. Дәл қазір сол мүмкіндік үшін тартыс әлі жалғасуда.
Бұл тартыстың қаншалықты шиеленісіп кеткенін мына бір мысал да айқын аңғартады: әлеуметтік желілерде Гүлнара Бажкенованың ауырып қалғаны туралы ақпарат тарады. Оның үстіне бұл «жаңалық» беделді Kazakhstan Today порталының және оның Facebook парақшасы арқылы жарияланған деген хабар шықты.
Біздің ойымызша, бұл – фейк. Ал сол «ауру туралы» жалған ақпараттың алғашқы авторы – ақпараттық кеңістікте аты белгілі, тірі адам. Тек, өкінішке қарай, ол өз мақсатына жету жолында тыйым салынған әдістерден тайынбайтын сияқты.
Енді тыйым салынған тәсілдер туралы тағы бір мысал. «Еуразия-24» Гүлнар Бажкенованың «банк», «банкир» және «құрбы» туралы әңгімесіне қызығушылық танытқан сәтте-ақ, біздің ресурсқа хакерлік шабуыл басталды. Әрине, шабуыл жасағандар белгісіз – әлемнің түкпір-түкпіріне жиналған орындаушылар. Дегенмен, олар өздерінің IP-мекенжайларын қалдырып кеткен.
Шынында да, ойланарлық жайт. Егер Гүлнар Бажкенованың сөзі рас болса, Kaspi bank-ке азаматтардың барлық дерегі мен құжаттары сақталған мемлекеттік ақпараттық базаны бұзудың еш қажеті жоқ сияқты. Өйткені ол мәліметтер – әлдеқашан олардың қолында, не болмаса сол базаға тікелей қол жеткізу мүмкіндігі бар көрінеді. Бұл да бір маңызды сұраққа әкеледі: біздің ақпараттық кеңістікте нақты басымдық кімнің қолында – мемлекеттің бе, әлде жекеменшік банктің бе?




