«Трансферттерге тәуелділік» – редакция іріктеп алған жаңалықтардың бірі осылай аталды. Бұл материал Қаржы министрлігінің Ұлттық қор бойынша есебіне арналды. Оған назар аудартқан басты жайт – тақырыпта берілген мына мәлімет: «2025 жылы мемлекеттен түскен түсімдер алынған қаражат көлемімен теңеспеді». Атап айтқанда, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Ұлттық қорға түскен қаражат көлемі 10,21 трлн теңгені құрады, ал алынған қаражат 5,3 трлн теңге болды.
Ұлттық қордың «болашақ ұрпақ қоры» ретінде енді қаражат жұмсаудан гөрі толыға бастауы – әрине, оң жаңалық. Алайда Қаржы министрлігі ұсынған есептің құрылымына назар аударған жөн.
Мұнай секторындағы ұйымдардан түскен тікелей салықтар мен өзге де түсімдер 3,83 трлн теңгені құрады. Бұған қоса, өнімді бөлу туралы келісімдер аясында Қазақстан мемлекетінің үлесі ретінде тағы 1,04 трлн теңге түскен.
Осы дерекке тоқтала кеткен жөн, өйткені аталған 4,87 трлн теңге Ұлттық қордың 2003 жылы құрылғандағы негізгі қаржылық көзін көрсетеді. Қазіргі кезде «мұнай секторының ұйымдары» деп аталып жүрген құрылымдар іс жүзінде Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарындағы шетелдік мұнай концессиялары болып табылады.
Ұлттық қорды құру қажеттілігі сол кезде Қазақстан экономикасын экспорттық валюталық түсімдердің шамадан тыс көлемінен қорғау міндетімен негізделген.
Бұл «артық мөлшердің» жиналуы (наразылық танытпауыңызды сұраймыз!) Үкімет пен Ұлттық банктің Қазақстан мемлекетінің сыртқы төлем теңгерімін басқару ісінен өз еркімен бас тартуынан (дәлірек айтқанда — шеттетілгендігінен) орын алды. Осылайша, шетелдік мұнай өндірушілер шикізат көлемін Қазақстанның, ұлттық экономика мен әлеуметтік саланың шетелдік валюта түсіміне деген қажеттілігіне немесе сол валютаны ел ішінде игеру мүмкіндігіне қарап емес, ұлттық кедендік, салықтық және банктік құқықтық аймақтардан тыс жерлерге шығарып, саудалай бастады. Шикізат экспортының көлемі тек концессионерлердің өндіру мүмкіндіктерімен, әлемдік нарықтың сұранысымен және Қазақстан аумағынан тыс жерлерде барынша жоғары шикізат рентасын алу есептерімен ғана айқындалды.
Иә, Үкімет пен Ұлттық банк шикізатты әлемдік емес, аралық (трансферттік) бағалармен сыртқа шығаруға үнсіз келісім берді. Депутаттар тиісті заңды қабылдады, ал концессия иелері елге түскен валютаның бәрін емес, тек мемлекетпен есеп айырысуға және ішкі қызметін қаржыландыруға теңгеге айырбастау қажет болған бөлігін ғана қайтарды. Бұл төлемдер Ұлттық қорға және ел ішіндегі операцияларға бағытталды.
Иә, Үкіметтің араласуынсыз Ұлттық банк ұлттық валютаның бағамын біртіндеп төмендетіп отырды. Бұл шетелдік концессия иелеріне валютаны аз көлемде қайтарып, көбірек қаржыны сыртта ұстап қалуға мүмкіндік берді.
Соған қарамастан, сол кезеңде Қазақстанның төлем теңгерімі елдің табиғи байлығына сай шетел валютасының артық болуымен сипатталды, ал мемлекеттік бюджет кірісі шығыстан асып түсті. Билік үшін басты мәселе осы мол валюталық түсімді қайда және қалай тиімді пайдалану керек деген сауал болды.
Осы жағдайдан шығудың бір жолы ретінде Ұлттық қор құру тетігі енгізілді. Бұл шешім Қазақстанның өз ішінде – президент, үкімет немесе Ұлттық банк тарапынан әзірленген бастама емес еді. Бұл үлгі сырттан ұсынылып, ал елдің қаржы органдары оны тәжірибеде іске асырды.
Қолданылған жүйе құрылымы жағынан ауқымды әрі күрделі болды.
«Мұнай секторындағы ұйымдардан түскен түсімдер» дегеннің өзі шетелдік мұнай өндірушілерден алынатын қарапайым салық болып табылады. Алайда бұл қаражат ұлттық салық жүйесінен шығарылып, құпия келісімшарттар мен сол сияқты жабық өнім бөлу келісімдеріне байланған. Соның салдарынан бұл түсімдер мемлекеттік бюджетке емес, арнайы құрылған Ұлттық қорға бағытталады.
Сол келісімдер мен өнім бөлу тетіктері бойынша мемлекеттің үлесі де, негізінде, бюджетке түсуі тиіс қаржы болып есептеледі. Бірақ ол қаражат та бюджеттен бөлек ұсталып, тіпті депутаттардың тікелей бақылауына кірмейтін Ұлттық қорға аударылады.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жерлерін сатудан түскен түсімдер, республикалық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат және заң бойынша тікелей бюджетке түсуі тиіс өзге де кірістер қандай да бір себептермен Ұлттық қорға аударылады.
Сонда мәні жағынан бюджеттік болып табылатын, бірақ бюджеттен тыс жинақталатын бұл қаражат не үшін «болашақ ұрпақ қоры» деп аталатын арнайы қорда шоғырландырылады? Себебі бюджет қаржысының негізгі бағыты – ел ішінде жұмсалу болса, Ұлттық қор қаражаты да түптеп келгенде шығындалады, бірақ басқа бағытта. Бюджет қаражаты ел ішінде жиналып, ел ішінде пайдаланылады; ол әрдайым тиімді болмауы мүмкін, бірақ бәрібір ұлттық қажеттіліктерге жұмсалады. Ал қаражаттың бір бөлігі ғана сыбайлас жемқорлық арқылы шетелге кетуі мүмкін, алайда оның көлемі үлкен емес деп үміттенуге болады.
Ұлттық қордың қаражаты толық көлемде және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан аумағынан тыс орналастырылады. Бұл мақсатта бірнеше кезеңнен тұратын қаржылық тетік пайдаланылады. Концессия иелері Ұлттық қор алдындағы міндеттемелерін орындау үшін валютаның бір бөлігін Қазақстанға аударады. Бұл қаражат Ұлттық банк арқылы теңгеге айырбасталады. Теңгемен түскен қаражат Қаржы министрлігінің шотына түседі, одан кейін қайтадан шетел валютасына ауыстырылады. Бұл операцияға Ұлттық банк тағы да қатысады. Алынған валюта шетелдік борыштық қаржы құралдарын сатып алуға бағытталады. Аталған активтер Ұлттық қордың инвестициялық портфелі ретінде есепке алынады.
Ұлттық қор шетелдік концессия иелерінен Қазақстанға түсетін кірістердің бір бөлігін елден тыс жерге орналастыру тетігі ретінде жұмыс істейді. Оның орнына қор шетелдік мемлекеттер мен компаниялардың борыштық міндеттемелерін сатып алады. Бұл активтер болашақта қаржылық табыс немесе өтем көзі болады деген есепке негізделген. Алайда қазіргі құбылмалы әлем жағдайында мұндай міндеттемелердің орындалуы екіталай екені де ескеріледі.
Ал енді алдыңғы аралық қорытындыға қайта оралсақ: шетелдік мұнай компанияларынан түскен кірістер мен мемлекеттің үлесін қосқанда барлығы 4,87 трлн теңге, ал Ұлттық қордан бюджетке бөлінген қаражат 5,3 трлн теңге болды. Бұл көрсеткіштер Ұлттық қордың қаржысы кірістен көп жұмсалғанын, яғни шығыс басым болғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, осы қарыздық бағалы қағаздардан пайыздық кіріс те түседі. Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 6,44 трлн теңгені, яғни шамамен 12 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
Алайда сол кезеңдегі төлем теңгеріміне назар аударайық. Тауарлар мен қызметтер экспорты 68 млрд долларды, импорт 57,5 млрд долларды құрады. Шетелдік инвестициялар мен қарыздар бойынша төлемдер балансы минус 17,5 млрд доллар болды. Оның ішінде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 1,6 млрд доллар көлемінде оң нәтиже көрсетті. Нәтижесінде ағымдағы операциялар бойынша төлем теңгерімінің жалпы сальдосы минус 7,0 млрд долларды құрады.
Бұл деректердің барлығы Ұлттық банктің ресми есептерінде көрсетілген. Ал Ұлттық қордан түскен 1,6 млрд АҚШ долларының Қаржы министрлігінің есебінде 12 млрд долларға қалай айналғанын сол ведомствоның өзі түсіндіре алады.
Дегенмен үш мәселе анық. Біріншіден, Қазақстанның төлем балансы бұрын артық валютамен сипатталса, қазір ұзақ мерзімді тапшылыққа ұшыраған. Екіншіден, Ұлттық қор көп жылдан бері қаржы жинақтайтын емес, керісінше қаражат жұмсайтын құрылымға айналды. Үшіншіден, қордың инвестициялық табысы Қазақстаннан шетелге шығарылатын табыстармен салыстырғанда өте мардымсыз.
Мұндай тәуелділікке негізделген жүйеден бас тартатын кез келді. Бұл тұрғыда жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі екенін бекітетін Конституция қағидаты маңызды негіз бола алады.




