Евразия24Редакция бағаныЖаһандық гибридтік соғыс жағдайындағы Қазақстанның орны

Жаһандық гибридтік соғыс жағдайындағы Қазақстанның орны

|

|

Украинадағы соғыс операциясы бесінші жылға созылып барады. Бұл — тіпті Екінші дүниежүзілік соғысқа қарағанда ұзақ мерзім. Мұндай жағдай болып жатқан оқиғаның мәнін және оның қандай салдары болуы мүмкін екенін, соның ішінде Қазақстанға ықпалын талқылауға негіз береді. Қазақстанның бұл тақырыпқа қандай қатысы бар екенін төменде түсіндіреміз.

2023 жылдың күзімен аяқталған қарсы шабуылдың сәтсіздігінен соң арнайы әскери операцияның тоздыру сипатындағы соғысқа айналғаны бәрімізге мәлім.

Соғыс мұндай сипат алғанда басты мәселе – фронтта қысым жасап отырған Ресей қанша аумақты басып алады немесе баяу шегініп жатқан Украина қанша жерді ұстап қала алатынында емес. Әскери қимылдар – маңызды фактор, бірақ гибридтік текетіресте шешуші рөл атқармайды. Негізгі мақсат – қарсыласу мүмкіндігін тұтастай әлсіретуге бағытталған: мобилизациялық адам ресурсын, экономикалық, қаржылық және технологиялық әлеуетті сарқуға тырысу. Және ең бастысы қарсылықты жалғастыруға деген ерікті жою.

Бұл — баршаға түсінікті әрі жалпы мойындалған тұжырым. Дегенмен, оны бұрыннан мәлім, бірақ ұдайы мойындала бермейтін, әсіресе болып жатқан әскери қимылдарды сипаттау мен қақтығыстың қалай аяқталатынын болжау кезінде ескеріле бермейтін ақиқатпен толықтыру қажет. Атап айтқанда: бұл тек Ресей мен Украина арасындағы емес, Ресей мен біріккен Батыс елдері арасындағы текетірес.

«Біріккен Батыс» ұғымы негізінен арнайы әскери операция басталған уақыттан кейін қалыптасты. Оның үстіне, дәл Украинадағы соғыс бұған дейін іштей ыдырау үдерісі байқала бастаған Батыстың қайта топтасуына шешуші фактор болды. АҚШ жетекшілігімен қалыптасқан жаһандану моделі, шын мәнінде, 2007–2008 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін-ақ әлсірей бастаған еді. Сол дағдарыстан кейін билікке келген президент Обама кезеңінде бұл жүйенің тарихи-географиялық жіктері бойынша ажырау үрдісі біртіндеп күшейе түсті. Арнайы әскери операцияға дейін-ақ Ұлыбритания ЕО-дан шықты, Германияда «Германия үшін балама» саяси күші, Францияда Ұлттық майдан секілді қозғалыстар күшейді. Сондай-ақ Орбанның билікке келуі Майдан, Қырым және ЛХР мен ДХР оқиғаларынан әлдеқайда бұрын болған.

Украинадағы соғыс бастапқыда АҚШ, ЕО және НАТО-ның бірігуін күшейткен фактор болғанымен, жеңіс жоспарының жүзеге аспауы оны керісінше Батыс ішіндегі жіктелуді жеделдеткен катализаторға айналдырды. Ресей экономикасын санкциялармен әлсіретіп, оны әскери тұрғыдан жеңу туралы ортақ жоспар күн тәртібінен түсті және батыс коалициясының біртұтастығын әлсірететін факторға айналды. Себебі іс жүзінде жеңіске қол жеткізу мүмкін емес болғандықтан, бұл соғыс Батыс үшін стратегиялық тұрғыдан жеңіліс ретінде бағалануда.

АҚШ әскери текетірестің қатысушысы болып қала отырып, сонымен қатар қақтығыстан біртіндеп шығуға ұмтылып жатыр және Ресеймен Аляскада жекелеген келісімге келгені айтылуда. Осы келісімнің шарттарын президент Трамп содан бері Киевке, Брюссельге және еуропалық астаналарға қабылдатуға тырысуда, алайда бұл әрекеттері әзірге нәтиже бермей отыр. Еуропа елдерінің бір бөлігі де іс жүзінде қақтығысқа қатысты белсенді ұстанымынан шегіне бастағанымен, коалицияның іштей әлсіреу жағдайында Германия, Ұлыбритания және Франциядағы билеуші саяси күштер керісінше барынша қатаң позиция ұстанып отыр. Себебі Украина бағытындағы стратегиялық тірек жоғалған жағдайда, бұл олардың өз саяси ұстанымдары мен ықпалын да әлсірететін факторға айналуы мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда, арнайы әскери операцияны Еуропа әскери іс-қимылдар театрындағы Төртінші дүниежүзілік соғыс (Үшіншісі — Қырғи-қабақ соғыс) ретінде қарастыруға болады. Алайда мұнда маңызды бір ерекшелік бар: сөз классикалық емес, әскери құрамдас бөлігі шешуші рөл атқара бермейтін жаһандық гибридтік текетірес туралы болып отыр. Қақтығысушы тараптар экономикалары өзара тығыз байланыста бола тұра, бір жағынан өзара әрекеттестікті жалғастырып, екінші жағынан сол экономикалық кеңістіктің өзінде бір-біріне түрлі қысым жасап, осал тұстарын пайдалануға тырысады.

Украинадағы соғыстың гибридтік әрі кең ауқымды сипатын ескерсек, оның төрт жылға жалғасуы мұндай қақтығыс үшін таңқаларлық жайт емес. Екі тарапқа да үзіліс қажет болғандықтан, биыл бітімге келу ықтималдығы да жоғары. Алайда мұндай бітім Ресей ұсынатын шарттар негізінде, яғни Украина қарулы күштерін Донецк облысынан шығарған кезде ғана орын алуы мүмкін. Бұл ұстанымды Трамп та қолдайды.

Алайда бейбітшілік туралы сөз қозғауға әлі ерте, себебі бейбіт келісімге қол қоюдың нақты нысаны әзірге айқын емес: Ресейге (немесе Новороссия Республикасына) қосылмаған, өз аумағы шегінде жаңа Конституция қабылдайтын Украина қандай күйде қалатыны белгісіз.

Украинаның өзінде жаңа Конституция әлі қабылданбағандықтан, Ресей бейбітшілік туралы келісім жасай алатын толық легитимді билік институттары да қалыптасқан жоқ. Оған қоса, бұл соғыс «ұжымдық Батыспен» жүріп жатқандықтан, Еуропаның өзінде бейбіт келісімнің тарапы немесе кепілі бола алатын ұлтүсті құрылымдар мен ұлттық үкіметтер байқалмайды. Украинаға қысым көрсетіп жатқан президент Трамптың өзі де АҚШ ішінде толық билікке ие емес, сондықтан оның берген уәделері тіпті ағымдағы жылдың аясына дейін кепілдік бола алмайды.

Қаласақ та, қаламасақ та, іс жүзінде Майдан оқиғаларынан басталған украин қақтығысының оты, тіпті уақытша бітім жағдайында да адам ресурстарын, материалдық құндылықтар мен болашаққа деген үмітті әлі ұзақ уақыт бойы сарқып тауысатыны анық. Мұндай ауқымдағы процестерді бастау оңай болғанымен, оны тоқтату мүмкін емес. Жаһандық гибридті сипатқа ие Украинадағы АӘО-ның қалай аяқталатынын дұрыс бағамдау үшін оның мәнін түсіну керек. Сондай-ақ, аталған қақтығыс контекстінде Қазақстан үшін тиісті тұжырымдар жасаудың стратегиялық маңызы зор.

Мәселенің мәні мынада: бірполярлы әлемнің ресурстық, экономикалық, валюталық және мәдени-өркениеттік тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ете алатын бірнеше макроөңір өзара бәсекелесіп әрі ықпалдасатын жүйеге біртіндеп ауысуы — объективті үдеріс. Посткеңестік кеңістікте бұл үдеріс Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен, кейін Майдан оқиғаларымен, одан соң арнайы әскери операциямен қосымша серпін алып, жеделей түсті. Барлық жағдайда да өзгерістердің бағыты бірполярлы модельден көпполярлы әлемге өтумен байланысты болды.

Осы тұрғыдан алғанда, жаһанданудың негізгі орталығы әрі басты бенефициары саналатын Батыс Украинадағы гибридтік қарсы тұру жағдайында өз ресурстарын жедел түрде сарқып, әлсіретіп отыр. Негізінде бұл ресурстар соғыссыз-ақ біртіндеп азаяр еді: мысалы, Трамп жүргізіп отырған саясат Еуропаның ресурстарын Америкадағы ахуалды тұрақтандыруға бағыттап, оларды өз жағына тартуға ұмтылумен сипатталады.

Ал санкциялық қысым салдарынан жаһандық экономикалық жүйеден ығыстырылған Ресей, елеулі қиындықтар мен шығындарға қарамастан, өз өндірістік, технологиялық және қаржылық дербестігін күшейту бағытына бет алуға мәжбүр болып отыр. Майдандағы сәтсіздіктер, соның ішінде «Starlink» қызметінің қолжетімділігіне қатысты мәселелер немесе «Telegram» платформасымен байланысты қолайсыз факторлар, сондай-ақ экономикадағы рецессия, қарыз жүктемесінің өсуі, шикізат экспортының шектелуі және компоненттер импортының тежелуі — мұның бәрі 1990-жылдардан бастау алатын жүйелік әлсіз тұстармен байланысты. Атап айтқанда, деиндустрияландыру үдерісі, экономиканың шикізаттық бағытқа бейімделуі, ХВҚ стандарттарына көшу және рубльдің инвестициялық әрі несиелік әлеуетін шектеу секілді шешімдер қазіргі қиындықтардың алғышарттарын қалыптастырған факторлар ретінде қарастырылады.

Мұның бәрін еңсеру оңай емес. Дегенмен дәл осы үдеріс жаңа шынайылыққа, яғни еуразиялық өзін-өзі қамтамасыз ету моделіне өтудің неғұрлым қысқа жолы ретінде қарастырылады. Объективті тұрғыдан алғанда, Батыспен қарсы тұрып отырған Ресейдің ресурстарын Батысқа тән байланыс жүйелерімен, интернет және жасанды интеллект технологияларымен, әлеуметтік желілермен, ақпараттық платформалармен, сондай-ақ батыстық инвестициялық және қаржы институттарымен, шикізат экспортын ұйымдастыру және технологиялық импорт жүйелерімен байланыстырып тұрған тетіктер әлсіреген сайын, дербес ресурстық әлеуетті арттыру үдерісі де соғұрлым жедел әрі қайтымсыз сипат алады. Тіпті бұл үдеріс соғыс жағдайында жүзеге асса да, ол ішкі өзіндік жеткіліктілікке бағытталған жүйелік қайта құруды күшейтеді.

Батыс Украинадағы қақтығыс жағдайында әлсіреп бара жатқан бірполярлы жаһандану моделінің ресурстарын жедел түрде сарқып отыр. Арнайы әскери операция қаншалықты ұзаққа созылса, демографиялық, экономикалық және идеологиялық тұрғыдан ауыр дағдарысты бастан өткерген Украина ғана емес, тұтастай Еуропа да соғұрлым көбірек әлсірей түседі.

Ал Ресей үшін бұл соғыс қаншалықты ауыр әрі шығынды болған сайын, соғыстан кейінгі даму үшін жинақталатын әлеует те соғұрлым арта түседі деген тұжырым алға тартылады.

Ендігі кезекте өз елімізде мынадай сауалға жауап іздеуіміз қажет: әлсіреп бара жатқан жаһандану жүйесінің көпвекторлы, шикізатқа сүйенген және қаржылық тұрғыдан тәуелді шеткері бөлігі ретінде қалып, экспортқа бағытталған экономикалық модельдің сарқылу қаупіне тап болмаймыз ба? Сонымен бірге егер біз шын мәнінде жаңа әрі әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған терең өзгерістер үдерісінен тыс қалсақ, «тәуелсіздік» туралы ұстанымның өзі мазмұнсыз идеологемаға айналып кетпей ме?

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Израиль Қорғаныс күштері «Хезболла» қозғалысының барлау штабының басшысы жойылғанын хабарлады

«Хезболла» қозғалысының барлау штабының жетекшісі Хусейн Маклед Бейрутта жойылғанын Израиль Қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) мәлімдеді.

QatarEnergy компаниясы Ras Laffan зауытында СТГ өндірісін әскери шабуылдарға байланысты тоқтатты

Қатардың мемлекеттік QatarEnergy компаниясы әскери шабуылдар салдарынан Ras Laffan зауытында сұйытылған табиғи газ (СТГ) және оған ілеспе өнімдер өндірісін уақытша тоқтатқанын мәлімдеді.

Тоқаев Бахрейн королімен әңгімесінде Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын елдердің азаматтық инфрақұрылымына жасалған зымырандық шабуылдарға алаңдаушылық білдірді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифамен телефон арқылы сөйлесу барысында осы күрделі кезеңде Бахрейн халқына қолдау білдіріп, ынтымақтастығын жеткізді

Тоқаев АДБ басшысымен Қазақстандағы жаңа инвестициялық жобаларды талқылады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкінің (АДБ) президенті Масато Канданы қабылдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.