Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлайды: «2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға артып, 665,1 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жоспарланған 4,3% өсім деңгейінен едәуір жоғары болды. Азық-түлік тауарларының негізгі санаттарының басым бөлігінде оң динамика байқалады. Ең жоғары өсім сары май өндірісінде тіркеліп, оның көлемі 56,5%-ға артып, 8,1 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар ірімшік пен сүзбе өндірісі 39,2%-ға, шоколад және қанттан жасалған кондитерлік өнімдер 21,4%-ға, ал жарма өндірісі 20,8%-ға ұлғайды».
Еуразия24 пікірі:
Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ел үшін жағымды жаңалықтарды жария етті. Тамақ өнімдері өндірісінің жоспарланған 4,3%-дың орнына 11,9%-ға өсуі — айтарлықтай ілгерілеу. Әсіресе, бұл Қазақстан нарығында дәстүрлі түрде импорттың қысымы сезіліп келген тауарлар — сары май, ірімшік, кондитерлік өнімдер мен жармаларға қатысты болып отыр. Мәселен, бұған дейін ірімшік пен сүзбе нарығындағы сырттан келетін тауар үлесі шамамен 48%-ға, ал шоколад пен кондитерлік өнімдер бойынша 60%-ға дейін жететін. Тек жарма өнімдері бойынша ішкі сұранысты өзіміз қамтамасыз ету деңгейі 87%-ды құрап, салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, бәрібір 100 пайыздық көрсеткішке жетпеген еді. Осы орайда сары май өндірісінің 56%-ға, ірімшік пен сүзбе өндірісінің 39%-ға, ал кондитерлік өнімдердің 21%-ға артуы — импортты алмастыру үдерісінің нақты нәтижесі іспетті. Бұл нақты сектордағы белсенділіктің белгісі ғана емес, сонымен бірге қосылған құнның экономика ішінде қалуына және сыртқы баға мен жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Әрине, азық-түлік бойынша импорттан толық арылу үшін әлі де біраз еңбек ету керек, бірақ қазіргі оң үрдіс үлкен сенім ұялатады.




