Tengrinews.kz ақпаратына сүйенсек, Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жекеменшік медициналық ұйымның құрылтайшысы мен Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы филиалының бұрынғы маманына қатысты үкім шығарды. Ер адамдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Соттың анықтауынша, медициналық ұйымның құрылтайшысы 2023 жылдың сәуір айынан шілдесіне дейін қор қаражатын ұрлау мақсатында азаматтарды өз ұйымына заңсыз әрі жалған түрде бекіту схемасын ұйымдастырған. Өзінің қылмыстық ойын іске асыру үшін ол Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының астаналық филиалының маманына сыйақы беріп, азаматтарды бекіту туралы жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдауды ұсынған. Маман бұған келіскен. Нәтижесінде жекеменшік медициналық ұйымға 15 мыңнан астам азамат жалған түрде бекітілген. Соның салдарынан қор 80 миллион теңгеге жуық шығынға батқан, ал сыбайластар бұл қаражатты өзара бөліп алған. Сот қылмыстық схеманың бастамашысын 5 жылға бас бостандығынан айырды. Оның сыбайласы рақымшылық заңының арқасында 2 жыл 4 айын темір тордың артында өткізеді.
Евразия24 пікірі:
Өзіңнің және отбасыңның болашағына балта шауып, өміріңді мәңгілікке қор қылатындай бұл соншалықты қомақты ақша емес. Қаржы министрлігінің ӘМСҚ (ОСМС) саласында жүргізген аудиті «жалған» қызметтердің орасан зор көлемін әшкерелегенін ескерсек, 2026 жылы құқық қорғау және сот органдарының жұмысы шаш етектен болатыны анық. Еркектерге жатыр мойны скринингін «жасап», есеп берген қылмыстық іске қатысушылар бұл жолы жай ғана ескертумен құтыла қоймас. Оның үстіне, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі жалған есептер мен қаражат жымқыру деректері бүкіл ел бойынша жаппай сипат алған. Біз үшін бір ғана нәрсе түсініксіз — мұндай ашықтан-ашық айла-шарғылар ешқашан ашылмайды деп шынымен сенгендер болды ма? Бұл күмәнді идеяларды ұйымдастырушылар неден дәмеленді екен? Керісінше, цифрландыру кез келген заңсыздықты айқын көрсетіп беретіндіктен, құқық бұзушылықтардың санын азайтуы тиіс еді. Кез келген адамда өзін-өзі сақтау инстинкті мен сыни ойлау қабілеті болса, заңмен ойнаудан сескенуі керек қой. Бірақ олай болмай тұр: медициналық сақтандырудың жаппай енгізілгеніне 5 жыл болса да, мемлекетті алдап соғамын деп сенетін аңғал азаматтар әлі де тыйылмай келеді.




