Informburo хабарлауынша: «Алматы жолдарында екі күн ішінде жасырын патрульдер 28 агрессивті жүргізушіні анықтады. Енді құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтық киімде, қарапайым автокөліктермен қала көшелерінде бақылау жүргізуде. Бұл жаңашылдық жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды анықтау мақсатында енгізілген: күрт жолақ ауыстыру, басқа көліктердің жолын кесу және апатты жағдай туындату. Жасырын патрульдер ақпаратты нақты уақыт режимінде жақын маңдағы экипаждарға жедел жеткізеді. Ал олар көлікті тоқтатып, жүргізушіні жауапкершілікке тартады. Тәжірибе бұл тәсілдің тиімді екенін көрсетті: өткен демалыс күндері (4–5 сәуір) Алматыда агрессивті жүргізудің 28 дерегі тоқтатылды», – делінген хабарламада. Барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды.
Еуразия24 пікірі:
Жол қозғалысын бақылау үшін полиция қызметкерлерін азаматтық автокөліктерге отырғызып, көшеге шығару туралы шешім, біздіңше, уақытша сипаттағы шара. Бұл – 22 наурызға қараған түні Алматыда болған, адам өліміне әкелген резонансты жол-көлік оқиғасынан кейін қоғамның қатаң шаралар күтуіне берілген жауап. Қысқа мерзімде мұндай тәсіл әсер беруі мүмкін, жүргізушілер өздерін тек камералар ғана емес, өзге де бақылау құралдары қадағалап отырғанын түсініп, жол тәртібін сақтауға бейімделеді. Әрине, егер бұл бастама бір-екі аптамен шектеліп қалмаса. Алайда қала бойынша орнатылған, қомақты қаржы жұмсалған бейнебақылау жүйесі қайда және ол қаншалықты тиімді жұмыс істеп тұр? Негізі мұндай жүйе жолдағы жағдайды автоматты түрде бақылап, құқық бұзушылықтарды тіркеп, айыппұл салуға мүмкіндік беруі керек еді. Онда неге елдегі ең цифрландырылған қалалардың бірінде жолдағы тәртіп әлі де реттелмей отыр? Полицияның азаматтық көліктер арқылы бақылау жүргізуі қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Бірақ бұл тәсілдің ұзаққа бармайтыны анық: ресурстар шектеулі, ал мұндай бақылау түрі қосымша шығын мен адам күшін қажет етеді. Сондықтан мәселені тек бақылаумен шектеу жеткіліксіз. Ең түпкі мәселе – жүргізушілердің жолдағы мінез-құлқы мен жүргізу мәдениетінде.




