Евразия24Ұлы Жібек жолындағы ой-талқыБешпармақ. Инженер толғанысы. Хорезм ілгерілеуге қарсы

Бешпармақ. Инженер толғанысы. Хорезм ілгерілеуге қарсы

|

|

КӨНДІРУ ӘДІСТЕРІ

Жеңіс Хан соғысқанды жек көретін, көршілерімен, тіптен, жауласқысы келмейтін. Ол көрші халықтармен тату тұруды ойлаған. Өйткені, жауласып, бір көршісін өлтірсе – Мәңгі Елдің экономикасы бір сатып алушыдан мәңгіге айырылады, оның сыртында өлген адамның жүздеген туыстары да қанішерлерден тауар сатып алмауға серт береді!

Бастапқыда Хорезм Шахымен жұмсақ, яғни, бейбіт дипломатиялық келіссөздер жүргізу жоспары құрылып, соған сәйкес, оған өзара тиімді сауда-саттық жасасу мақсатында Біртұтас Экономикалық Кеңістік пен Кеден Одағына кіруге ұсыныс жасалды. 

Алайда, Мәңгі Ел Үкіметінің делегациясы Шахтың келісімін ала алмады. Өйткені, Шах «Жібек Жолы» жобасын керек қылмады: 

— Сендердің Федерацияларыңның экономикалық жобасына қосылғаннан маған не пайда?! Өз басымда не керектің бәрі бар, жағдайым жақсы, ал, менің қол астымдағылар жылы жүннен тоқылған, әдемі қытай жібегінен тігілген киім кимей қалса, киюсіз қалсын, маған бәрібір. Хорезм баяғыдан-ақ кедендік және транзиттік төлемдердің арқасында кіріс тауып отыр, біз ғана емес, барлық мемлекеттер солай істейді! Сендер қытайдың қоқсығын алып-сатып пайда көрмексіңдер, олай болса, шығынданыңдар, бізге алым-салық төлеңдер! Төлегілерің келмесе, және қойыңдар, сендерсіз де күнімізді көргенбіз, ары қарай да өлмеспіз! Керуендеріңмен қосып, аулақ жүріңдер, Африка асып кетсеңдер де, өздерің біліңдер, тек біздің жерлерімізді айналып өтіңдер! – деді ол.

Қысқасы, Шах қитығып тұрып алды. Онымен қоймай, Мәңгі Ел мәселені күшпен шешуден тайынбас деген күдікпен, Шахтың жарлығымен уәлаят билеушілері бірігіп, әскери-саяси ұйым құрып, оны «Хорезмнің Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі ұйымы» (ХҰҚКҰ) деп атады. Өздерінің полиция күштері жеке-жеке Федерация Әскеріне қарсы тұра алмайтынын түсініп, уәлаяттар Мәңгі Ел тарапынан озбырлық бола қалған жағдайда, бір-біріне әскери көмек беруге уағдаласып, жау елдің шекарасына жақын жерде бірлескен әскери жаттығуларын өткізе бастады. Хорезмдіктердің бұл әрекеті көшпенділер Федерациясымен соғысуға ашық дайындық сияқты көрініп, мәселенің бейбіт жолмен шешілмейтінін анық байқатты.

Хорезм шахын Жібек Жолы жобасына кедергі келтірмеуге көп мәрте көндіріп баққан Жеңіс Хан, онысынан түк шықпағаннан кейін ғана, амалсыз «Хорезмді ынтымақтастыққа тарту» көпсатылы операциясын бастауға шешім қабылдады.

Операция кезінде мейлінше аз ұрыс салып, оның орнына Хорезмнің ішкі саяси шиеленісі мен тұрғындарының билікке жасырын наразылықтарын барынша пайдалану жоспарланды.

Әдеттегідей, бірінші болып Сыртқы Барлау қызметінің барлаушылары мен тыңшылары әрекетке кірісті. Сөйтіп, Хорезмнің барлық ауылдары мен қалаларындағы үйлердің дуалдары мен қабырғаларында Мәңгі Ел Үкіметінің мынандай үндеуі жазылған парақшалар пайда болды: 

«Құрметті Хорезм хандығының қаналған тұрғындары! Сіздердің Билеушілеріңіз бізбен соғысуға дайындалып жатыр, ал, біз жай ғана сіздермен бейбіт сауда жасағымыз келеді! Соғыс пен ашкөз Билеушілердің зорлық-зомбылығы жойылсын! Біздің Мәңгі Ел атты Федерациямызға қосылу мақсатында Хорезм халықтарының Референдумын өткізуді талап етіңіздер! Бізге қосылсаңыздар, Билеушілеріңіздің жерлерін сіздерге меншікке береміз, өндіріс, сауда, логистика және қызмет көрсету салаларында жаңа жұмыс орындарын ашамыз, салықтарды 10% дейін төмендетеміз! Сіздер өз жерлеріңізде емін-еркін еңбек етіп, көп ақша табасыздар, ал, әйелдеріңіз қытайдың жібегін киіп, үндінің асыл бұйымдарын тағынады!».

Осы үндеуді оқып, Хорезм Шахы барлық уәлаяттардың Билеушілерін Әскери Кеңеске жинап, оларға, шамамен, былай деді:

— Байқаймын, халқымыз енді ешқандай Жеңіс Хансыз-ақ, біздің парша-паршамызды шығарып, Мәңгі Елдің құрамына кіретін сияқты! Шұғыл түрде Мәңгі Елді әскери қақтығысқа мәжбүрлеп, Әскерін қирату керек! Ол бейшара қойбағарлардың «әскер» дейтін әскері де жоқ шығар. Біз түріктерді жеңіп, парсыларды тізе бүктірген ер халықпыз, енді кеп, қайдағы бір жүн мен қытайдың арзанқол дүниесымағын сатушылар қорқытып-үркітеді екен бізді! Қарай гөр! Біз қулықпен әрекет етеміз – далада олардың атты әскерін қуып жүре алмаймыз ғой, сондықтан, оларды қалаларымыздың қамал қабырғаларынан-ақ құртамыз!

Соғыс отын тұтандыру үшін, Мәңгі Елдің шекарасына ең жақын орналасқан Отырар қаласы таңдап алынды. Әмбе бұл қала Шахтың бүкіл тұрақты әскері орналасқан Хорезм астанасы Үргеніштен алыс емес.

Шахтың жоспары бойынша, Отырардың Билеушісі Мәңгі Елдің керуенін тонап, Федерацияның шабуылын күтуі керек болатын:

  • Мен білсем, Жеңіс Хан Отырарға бүкіл әскерін аттандырады, ол әскер келе сала, қала Қамалына лап қояды. Сол сәтте Қамал қабырғаларынан шабуылшыларды барынша шығынға ұшыратып, титықтатып тастауымыз керек. Шамамен бір апта шайқасқан соң, Федералдар Қамалды аламыз деп, әлі құрып отырғанда, Үргеніштен Хорезм Әскері келеді, міне, сол кезде сырттан әскер, іштен Қамал гарнизоны бірдей соққы беріп, Жеңіс Ханның қалған-құтқан қолын толық жою керек. Бәрі оп-оңай!

ОТЫРАРДАҒЫ АРАНДАТУ 

ЖӘНЕ ОНЫҢ ОҢЫНАН ШЕШІЛУІ  

Тарихшылар 1217-жылы «моңғолдардың» Отырар қаласын қиратқанын, оған Отырар Билеушісінің әлде «моңғолдар» керуенін тонағаны, әлде Жеңіс Ханның елшілерін өлтіргені себеп болғанын жазады, бірақ, олар Отырардың Билеушісі өз-өзіне өлім тілеп, бұндай ақымақтыққа не үшін барғанын түсіндірмейді. Ал, енді бәрі де түсінікті:  Хорезм Шахының жоспары бойынша, Отырар Билеушісі оларды қасақана арандатып, сосын өш алмақ болып келген Мәңгі Ел Әскерін Хорезмнің әскері Қамал қабырғаларының түбінде жусатып салуы тиіс болған.

Хорезмдегі Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім Ұйымының бас кеңсесінде жасырын жұмыс істеген Федерацияның Сыртқы Барлау қызметінің тыңшылары осы ұйымның Отырар билеушісімен жазысқан бүкіл құпия хат-хабарын қадағалап, дайындалып жатқан арандатушылық туралы Жеңіс Ханға егжей-тегжейлі мәлімдеп отырды. Хорезмнің жүзеге асырмақ іс-әрекетінің жоспары Жеңіс Ханның көңілінен шықты, өйткені, оның күткені сол еді!

Хорезм әскери қақтығысты бірінші болып бастайды. Сонда алдағы соғыстың себепкер-бастаушысы Хорезм Шахы болады да, Хорезм халқы «Мәңгі Ел еріксіз әрі әділ соғысып жатыр» деп  ойлайды. 

Және бір жақсысы, Хорезмнің жаяу әскері Отырарға өзі келеді – демек, Мәңгі Елдің атты әскері оны қалаға жете берген жерінен ашық далада қарсы алады да, бірін қалдырмай қырып салады.

Ары қарай Мәңгі Ел өз жоспарына сай әрекет ете бастайды. Хорезмнің жаяу әскері жер жастанғаннан кейін, Отырардың Билеушісі мен бай-шонжарларының әділ жазасы беріледі де, ХҰҚКҰ-ға (Хорезмнің Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі ұйымына) мүше қалған уәлаяттардың Билеушілері көшпенділерге қарсылық танытудан өздері-ақ азар да безер бас тартады.

   Отырар тұрғындарының Мәңгі Елге қосылу туралы Референдумы өтіп, Федерация құрамына кіргеннен кейін, бұқара халыққа берілген барлық уәделер орындалады, әсіресе, Отырар уәлаяты Билеушісінің жерлері халықтың жеке меншігіне таратылады да, Мәңгі Елдің жақсы аты жалпақ жұртқа жайылып, кеңінен насихат болады.

Бұл іс-әрекеттің барлығы ел ішіне таралып, соның арқасында Хорезм көп бұлғақтамай тізе бүгеді, сөйтіп, екі жақтан да нақақ қан төгілмей, баршасы аман қалады.

Уақыты келгенде, Хорезм Шахының бұйрығымен арандату жоспары іске асырылды: Отырарға жүн партиясын жеткізген Ұлттық Сауда Корпорациясы керуенінің жетекшісі кедендік және транзиттік төлемдерді адал төлесе де, қала күзетшілері одан сатылған тауардың ақысын түгелдей тартып алды, онымен қоймай, наразы болған керуеншілердің өздерін сабап, қалалық түрмеге қамап тастады. Сыртқы Барлау қызметінің тыңшылары бұл оқиғаны қолма-қол Ортаға хабарлады.

Бұл жағдайда халықаралық хұқық нормалары өрескел бұзылғандықтан, Мәңгі Ел Үкіметі дереу Отырар Билеушісі мен Хорезм Шахының өзіне ресми түрде Наразылық нотасын жіберді, алайда, оған еш жауап болмады. 

Халықаралық хұқық шарттарына сай, ескерту жасалды, Ынтымақтастыққа тарту бойынша операцияны бастауға ресми желеу табылды, сөйтіп, Отырар Билеушісіне Мәңгі Елдің наразылық хатын әкелген шабарман зынданға қамалған күннің ертеңінде, «кездейсоқ» жақын маңда жүрген Федерация Әскерінің таңдаулы түмені қалаға басып кірді.

Бір айта кетері, осы оқиғадан небәрі 6 жыл бұрын Отырар тұрғындары ауыр алым-салықтарымен халықты әбден қажытқан Хорезм Шахына қарсы көтеріліп, ол көтеріліс асқан қатігездікпен жаншылып,  басылған болатын. Сондықтан қала тұрғындары көшелерге шығып, Федералдар отрядын қуанышты айқай мен гүлдермен құшақ жая қарсы алды. 

Сәнді киініп шыққан әйелдер сыпайы қымсынған далалық жауынгерлердің қолына алуа, өрік, шабдалы тықпалап, шаттана жүгіріскен ұл балалар алдарына түсіп, олардың командирлеріне қала Билеушісінің Қамал-Резиденциясы мен қалалық түрмеге апаратын жолды көрсетті. Бұл кезде үрейі ұшқан күзетшілер керуеншілер мен дипломатты асығыс-үсігіс түрмеден шығарып жатты.

Мәңгі Ел бұлай жылдам қарымта қимылға көшеді деп күтпеген қаланың Билеушісі бастаған бүкіл ығай мен сығай естері шығып, асыға-масыға, күзетшілер гарнизонымен бірге қалалық Қамалға барып тығылды. Олар, әрине, азық-түлікпен жеткілікті қорланып үлгермеген еді. Қала Билеушісінің көмек сұрап, Хорезм Шахына жіберген хатын жол ортадан федералдар ұстап алып, оқыды да, бейшара шабарманның өзін, неге екенін, босатып қоя берді. 

Қалалық Қамал-Резиденцияны шабуылдайды-ау деп күткенмен, не сол күні, не келесі күні, не бір аптадан кейін де ондай ештеңе болған жоқ. Шабуыл қызығына батамыз деп құр босқа күткен қала тұрғындары, ақыры үйді-үйлеріне тарап, өз істерімен айналысып кетті. Федералдар болса, қорғанды айнала, ыңғайлана орналасып, отқа қой етін қуырып, майын ағыза жеп, Қамалдағылардың азығы таусылғанын сабырмен күтіп жата берді. 

Жоспарланғандай, бір аптадан кейін Отырардан аулақтау бір елді мекенге 10 000 адамнан тұратын жаяу әскер келді, ол Хорезм Шахы көмекке жіберген Хорезм әскері еді. Олардың шолғыншылары алба-жұлбасы шыққан бірнеше жергілікті малшыны (анығында – Сыртқы Барлау қызметкерлерін) ұстап алып, қалада не болып жатқанын сұрады, малшылар келісіп алғандай, бірауыздан «ұзынқұлақтан естігеніміз» деп, Федерация Әскері бір апта шабуылдап, Қамалды ала алмағанын, ақыры олардың мыңдай ғана сарбазы қалғанын айтты.

Отырарға жақындап қалғанда, Хорезм Әскері Федерация әскерінің пышыраңқы жаяу бір тобын кезіктірді, олар Шахтың айбарлы сарбаздарын көре сала, дүрлігіп, кең даланы бетке ала, жан-жаққа қаша бастады. «Федерация Әскері, шынымен де, бытырап кеткен екен» деп ойлап, қуанып кеткен Хорезм Әскерінің Қолбасы, өз Әскерін бірнеше отрядқа бөліп, оңай жеңістен дәмеленіп, олардың арттарынан мәз болып қуа жөнелді.

Қуғыншылардың шашыраңқы отрядтары даланың сай-саласында бұғып, торуылдап отырған атты Федералдардың тұзақтарына өздері жүгіріп кеп түсті. Тұтқиылдан атып шыққан мыңдаған атты садақшының қоршауында қалған Хорезм сарбаздарының көпшілігі қарша бораған жебеден қырылды, қалғаны қаруларын тастап, тұтқынға берілді. 

Ақыр аяғында Федералдар азық-түлік тиелген үлкен арқұқты (ат-арбаны) қолға түсірді, ал, тірі қалған қарусыз сарбазсымақтарды тепкілеп, Қамалға айдап кіргізді. Ішіндегілер өздерін құтқаратын сарбаздарды күтіп отырғанда, оның орнына түкке керексіз тағы да 2000 ауыз келіп қосылғанда, ұзамай-ақ, сұмдық ашаршылық басталды. 

Көп уақыт өтпей, бір тұрғын Қамалда аштан өлуге айналған сақшы-ұлын құтқару үшін, Федералдарға Резиденцияға апаратын жасырын ескі жерасты жолын көрсетіп берді. Федералдар жерасты дәлізін тазалауға тағы бір апта құртты, бұл уақытта Хорезмнен келген әскер аштықтан біржола әлсіреп қалған еді. 

Айсыз түнде Федералдар Қамал ішіне еніп, қауқарсыз қылжиып ұйықтап жатқан қорғаушыларды әп-сәтте, ың-жыңсыз өлтіріп, тұтқындалған шенеуніктерді, қала шонжарлары мен Отырар Билеушісін алаңға сүйреп алып шықты. Ал, таңертең оларды бастарын салбыратып, аяқтарынан асып қойды. Арқанда салақтаған күйі, арам қатқанша бақырып-қышқырған оларға қарап, қала тұрғындарының әбден айызы қанып, кегі қайтты.

Қала қазынасы мен керуеннің ақшасын Федералдар Қамал қоймасынан тауып алып, Ортаға жөнелтті. Отырар тұрғындарына Қамал-Резиденцияның қабырғаларын қиратып, кірпіштері мен тақтайларын өздеріне алуға рұқсат етілді, бұған қуанған тұрғындар, тіпті, түн ішінде де жұмыс істеп, бірнеше күнде түгелдей тасып алды! Осыған орай айта кетері, бұдан былай Мәңгі Ел аумағындағы қалаларда Қамал салуға қатаң тыйым салынды.

Көп ұзамай, үндеу парақшаларында уәде етілгендей, Федералдардың қадағалауымен жалпықалалық Референдум өтті, онда қала халқы бірауыздан «Отырар уәлаяты Мәңгі Ел құрамына кіріп, Федерацияның субъектісі, Біртұтас Экономикалық және Кедендік Одақтардың мүшесі хұқығын иеленсін» деген шешім қабылдады, сондай-ақ, түрмеден босатылған оппозиционерлердің арасынан облыс Әкімін сайлады. Отырардың осы жаңа әкімшілігі көп күттірмей, уәлаяттың барлық тұрғындарына жеке меншік жерді пайдалану құқығын беретін Актілерді дайындай бастады; бұл хабар бүкіл Хорезм хандығына тарады.

Ал, енді осы әңгімені кеңестік тарихта айтылатын қорқынышты ертегімен салыстырып көрейікші. Сонау мектеп кезінен бастап, біз Отырарды қорғаушы-ержүрек қазақтар өздеріне көмекке келген Хорезм сарбаздарымен бірге, алты ай бойы қалаға шабуыл жасаған зұлым моңғолдарға қарсы тұрғанын мақтан тұтып келдік және іштегі әлдебір оңбаған сатқындық жасамағанда, моңғолдар ешқашан да қаланы ала алмас еді деп келдік. Дәл осы «моңғолдардың» ұлы Киевті 9-ақ күнде жаулап, ал, кіп-кішкентай Отырарға бақандай 6 ай құртып, әрең алғаны ақылға сыймайтынын ескермедік те. Бірақ, неге екенін, қазақтың ешбір ескі әні я аңызында бұл «қаһарман қарсылық» турасында бір ауыз сөз жоқ.

Енді бәрі түсінікті болды, ешқандай қаһармандық болмаған, сол себепті, қарапайым халық Отырар Билеушісі мен оның жандайшаптарының қайғылы тағдырын аңыз ғып айтып, мәңгі есте сақтауға мүлде лайық көрмеген. 

Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»

Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы» 

Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»

Кітаптың төртінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Бешпармақ төңірегіндегі жаңсақ түсінік. Палауға түсіндірме»

Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»

Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»

Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»

Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»

Кітаптың тоғызыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі ел құру жоспары» 

Кітаптың оныншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты»

Кітаптың он бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы сауда көлігі»

Кітаптың он екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. «Жүн жолы» жобасы»

Кітаптың он үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі елдің қарыштап өсіп-өркендеуі»

Кітаптың он төртінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы хан сайлауы» 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев Словениядағы Қазақстан елшісін ауыстырып, Босния және Герцеговина, Черногория мен Туниске елшілер тағайындады

Қасым-Жомарт Тоқаев Словения Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісін ауыстырды, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Ержан Ашықбаев СІМ басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ержан Ашықбаевты Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындады.

Еуропада газ тұтыну күрт артты: қоймадағы қор мерзімінен бұрын жұмсалуда

Өткен аптада Еуропадағы газ операторлары жұмыс күндерінің басым бөлігінде (сейсенбіден бейсенбіге дейін) жерасты қоймаларынан газды көбірек тұтынған. Бұл жөнінде Gas Infrastructure Europe ұйымы хабарлады. Атап айтқанда, 7, 8 және 9 қазан күндері қоймалардан алынған газ көлемі енгізілген мөлшерден асып түскен. Осы күндері өңірде ауа райы былтырғыға қарағанда әлдеқайда суық болған.

ХАМАС алғашқы израильдік тұтқындарды босатты

Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, дүйсенбі күні таңертең ХАМАС қозғалысы алғашқы жеті израильдік тұтқынды Қызыл Крест ұйымына тапсырған. Босатылғандар арасында Матан Ангрест, Гали және Зив Берман ағайындылары, Алон Охель, Эйтан Мор, Омри Миран және Гай Гильбоа-Даллал бар екені хабарланды.