КЕМЕЛ АРБА
Сыртқы нарықта Үлкен жүк көлігінсіз Үлкен сауда болуы мүмкін емес. Бүгінде әлемдік экономика жыл сайын шығаратын 20 миллиард тонна өнімді сыртқы нарыққа жеткізіп, сату үшін, Үлкен Сауда 70 мыңнан астам жүк кемелерін, 17 миллион жүк тиейтін теміржол вагондарын және 27 миллион ауыр жүкке арналған тіркемелерді тартатын жүк автомобильдерін пайдаланады.
Ұзақ жолға жарамды жүк көлігі бар, ауа райы алуан түрлі аймақтар мен ойлы-қырлы жерлермен алыс-алыс жол шалуға дағдыланған халық қана өндіруші мен сатып алушының арасын жалғап, халықаралық сауданы ұйымдастыра алады.
Міне, Қытай, Орта Азия, Таяу Шығыс, Кавказ бен Русь халықтарының бағына қарай, көшпенділер өздерінің кең-байтақ өлкелерін басып өтетін қуатты көлік жолдары арқылы өндіріс нарығы мен тұтыну нарығын байланыстыра алатын әлеуетті халық болып шықты!
Кез-келген көшпендінің тұрмысында жеке жүк көлігі болған, ол – дәстүрлі қазақ арбасы; алты айлық көш кезінде аумақты, ауыр киіз үйді, сондай-ақ, үстел, сандық, тамақ пісіретін және ас ішетін ыдыс, төбе-төбе киім, көрпе, текемет, шойын қазан, ағаш күбі, сүт шелек сияқты үй бұйымдары, азық-түлік, түрлі құрал-жабдық, тағы басқа заттарды тасуға арналған үлкен екі дөңгелекті арбалар.
Мәңгі Елден бір мәрте тиеліп шыққан үлкен арба көп шығынсыз-ақ, жүн салынған бір тонна қаптарды шалғайдағы сатып алушының тура ауласына жеткізіп, бір-ақ тоқтайды.
КАРТИНКА Арба құрылымы, 13 ғасыр
Дүние жүзіне белгілі арба түрлерінен бұл арбаның ең айқын айырмашылығы – бір білікпен айналатын қос үлкен дөңгелегі (диаметрі екі метрге жуық). «Ол дөңгелектер неге соншалық рабайсыз үлкен және білігі неге біреу-ақ?» дегенге ойланатындар аз. Былай қарасаң, кішірек дөңгелекті жасау да, жөндеу де әлдеқайда оңай, дөңгелегі кішкентай аласа арбаға міну де, зат тиеу де ыңғайлы сияқты ғой. Сірә, арбаның тосын құрылымын шеберлер бекер бұлай ойластырмаған сыңайлы. Және, расында да, солай, әсіресе, механика тұрғысынан – арба аса кемел ойластырылған.
Доңғалақтың диаметрі үлкен болғандықтан, доңғалақтың кіндігінен (осінен), яғни, тарту күші түсетін нүктеден доңғалақтың жерге тиетін нүктесіне дейін үлкен иінтірек (рычаг) пайда болады.
Жүк тиелген арбаның ауырлық ортасы (осі) жерден биік орналасқанда, күш түсетін иінтірек үлкен болатын себепті, аз ғана күшпен-ақ арбаны тепе-теңдіктен шығарып, орнынан жылжытып, бірқалыпты жүргізіп отыруға болады, мысалы, екі жасар ерке балақайды балабақшаға қолынан сүйреп, жүргізгенде, Сіз болмашы ғана күш жұмсайсыз ғой, бұнда да солай.
Ұзындығы 6 метрлік көлденең тертелер теңгергіш тетік қызметін атқарады, сол есеппен олардың қай тұсында тігінен жүк түсіргенде, ауырлық нөлге тең болса, сол тұсынан ат байланады. Тертелер арбаға көлденең тарту күшін 100% пайдалы әрекет коэфицентімен (ПӘК) береді.
Нәтижесінде бір тонна жүн тиелген арбаға жегілген атқа түсетін салмақтың аздығы сонша, ат оны күніне 30, тіпті, одан да көп шақырымға дейін еш қиналыссыз тартып, айына 1 000 шақырымға дейінгі жолды оп-оңай артта қалдырды. Атқа күш аз түсетінінің арқасында арбакеш жол бойы атқа мініп жүре алады, есесіне, арбаны 100%, яғни, толықтай пайдалы жүкке толтырады. Ал, жүксіз болса, ат, тіптен, шабысқа басып, арбаны ұшыртып ала жөнеледі!
Мәңгі Ел Федерациясы «Ұлы Жүн Жолы» ұлттық жобасын жариялап, соның аясында мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөліп, Ұлттық Сауда Корпорациясының болашақтағы керуендеріне арналған үйреншікті жүк көлігі — арбаларды көптеп жасауға тапсырыс берді.
Ауқымды мемлекеттік тапсырысты игеру барысында қазақ қолөнершілері арба жасаудың сан ғасырлық дағдыларын пайдалана отырып, өнеркәсіпке жарамды ағаш қоры бар ормандардың маңында орналасқан қазақ қоныстарында ондаған арба шеберханаларын құрды.
Сонымен қатар, Ұлттық Сауда Корпорациясының жүк көлігі (яғни, арба) керуендерінің қатынау тәртібі де тамаша үйлестірілді. Әр бағыттың бойында бір апталық жол соңында аялдайтын орындар, яғни, керуен сарайлар салынды, ол жерде жаңа келіп жеткен арбаға басқа ат жегіліп, оны келесі керуен сарайға басқа арбакеш айдап әкеткен, ал, алдыңғы арбакеш жақсылап тынығып, атын да демалдырған соң, енді кері қарай, яғни, өзінің келген жағына жеткізілуі тиіс тауар тиелген арбаны жегіп алып, қайтатын болған.
Осылайша, арбакеш пен оның аты 2 апталық ауысыммен жұмыс істеген, соның арқасында, іссапарлар арасында үйінде жақсылап демалуға мұршасы болған. Міне, осылай, алысқа қатынайтын арбакеш (қазіргіше – «дальнобойщик») мамандығы пайда болды, бұл қағида теміржолдағы заманауи локомотивтер мен локомотив бригадаларының жұмысын ұйымдастыруда әлі күнге дейін қолданылады.
Техникаға жетік көшпенділердің кемеңгерлігі тудырған арба «Ұлы Жүн Жолының», кейінірек «Ұлы Жібек Жолының» пайда болуына ықпал етті. Нәтижесінде, арбаның экономикалық тиімділігі мен керемет ұйымдастырылған қатынау тәртібінің арқасында Ұлттық Сауда Корпорациясы Федерация шекарасынан тыс жерлерге жылына жүздеген тонна жүн шығарып, сата алды.
2019-жылы Алматы облысы Әкімдігінің қолдауымен Кеген ауданында Ұлы Жібек Жолы елдері Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Қазақстанның студенттік командалары арасында көпкүндік арбалар жарысы – «Жетісу Арба бәйгесі» – өтті. Жарысқа қажетті 12 арбаны жасау маған жүктелген соң, мен ежелгі петроглифтер, ескі суреттер мен фотосуреттер бойынша арбаның құрылымын зерттеп, машина жасаушы технолог ретіндегі бүкіл тәжірибемді, компьютерлік жобалау тәсілін, сандық бағдарлама арқылы басқару станоктарын, заманауи материалдар мен бекіту технологияларын қолдануыма тура келді; бірақ, қолданғанымды қайтейін, іс жүзінде тексерген алғашқы арба жүз метр жол жүрмей жатып, қирап, үстіндегі үш батыл сынақшы-жігіттермен қоса, жерге гүрс ете қалды!
Менің осы сәтсіздігімнің куәгерлерінің айтуынша, тап сол сәтте, шөп үстінде домалап бара жатқан боқтампаз арбакештерге абдырай қарап тұрғанымда, аспаннан біздің сынақтарамызды қызықтай тамашалаған байырғы қазақ шеберлерінің қарқ еткен күлкісі естіліпті! Мен білсем, бұл үркіп қашқан аттың қатты кісінеген даусы, ал, мейірбан аруақтар үнсіз ғана бастарын шайқаған болар.
Өзімнің жолы болмаған құрылғымның сыйықсыз сынықтарын жинап отырып, ата-бабаларымызға бұрынғыдан бетер тәнті болып, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді! Олардың арбалары Қытайдан мыңдаған шақырым асып, Еуропаға дейін жеткен ғой! Ұрпағын тамсантқан ұлы бабаларымның даңқы арта берсін!
Абырой болғанда, арба шағылардан бірнеше секунд бұрын түсірілген бейнематериал қысқа ғана жарнамалық роликке жетті, әйтеуір. Әкімдіктергілер роликті көріп, таң-тамаша қалып, жобаға «ақ жол» тіледі! Сынақ нәтижесі бойынша арбаның құрылымы қайта нығайтылып, көпкүндік Жетісу Арба Бәйгесі сәтті өтті!
Мәскеудің тарихи орталығында, Кремльден сәл батысқа қарай, Булат Окуджава «қалалық романстарында» талай жырлаған «Арбат» деген әйгілі аудан бар. Мәскеуліктер «Арбат» атауының «арба» сөзінен шыққанын біледі. Жөн-ақ, десе де мен, бұл сөздің шығу тарихына қазақтың «ат» сөзі де шүбәсіз қатысқанын айтар едім.
13-ғасырдың ортасында бұл жерде Мәңгі Елден Мәскеуге тауар жеткізген арбалы керуендердің үлкен тұрағы болған. Оған іргелес көшелердегі бағаналарға қағылған жол белгілеріне қарап, алыстан қатынайтын арбакештер сол жабдықталған тұраққа барар жолды тауып келген. Федерация заңнамасының талап етуімен, жол нұсқағыш тақтайшаларда мемлекеттік тілдің екеуінде де, яғни, қазақ және орыс тілдерінде АРБА-АТ деп жазылып тұрған. Мәскеу тұрғындары осы жол нұсқағыштар ілулі тұрған үйлердің, үлкенді-кішілі көшелердің бәрін жинақтап, АРБАТ деп атаған.
Ұлы даладан келген керуеншілер, көпестер, жөндеуші шеберлер мен сауда саласында қызмет көрсететін өңге да адамдар, сондай-ақ, Мәскеуге іссапармен жіберілген дипломаттар, қаржы кеңесшілері мен экономикалық талдаушылар, әскери кеңесші-нұсқаушылар мен жасырын жұмыс істейтін барлаушылар осы ауданда орналасқан қонақүйлер мен жеке үйлерге тоқтаған.
Отандастары көбірек шоғырланған жерлерге тақау Елшілік кеңселері, Ұлттық Сауда Корпорациясы және Мәңгі Ел Федерациясының Бас штабы Ортаның аймақтық әкімшілігі орналасқан.
Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі, Экономикалық даму министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің де дәл осы Арбатта орналасқаны – саяси-тарихи мәні бар жайт. Русь Мәңгі Елдің құрамында болған үшғасырлық бақуатты заманның тарихи естелігін қастерлеп, жадында сақтап отырған ресейліктер, жарайсыздар!
Сонымен, атақты қос дөңгелекті арбаның өн бойында тұнған көшпенділердің техникалық кемеңгерлігі Еуразия құрлығындағы көшпелі халықтар мен олардың төңірегіндегі барша отырықшы халықтар арасындағы Ұлы сауданың туындап, көптеген ғасырлар бойы тұрақты дамуына жол ашты. Үлкен сауда әлемдік экономиканың табиғи шаруашылықтан жаппай тауар өндірісіне ауысуына ықпал етті!