ЗОР КҮМӘНДАР БАСТАУЫ
Көшіп-қонған адаммен бірге оның тұқымы ғана емес, тілі де таралады. «Генетикалық География» жобасы қолға алынғаннан көп бұрын, Жер бетіндегі барша адамдардың туыстығы туралы ой біздің сүйікті ақынымыз әрі ойшыл Олжас Сүлейменовтың лингвистикалық еңбектерінде айтылған болатын. Өзінің «Сөз коды» және «Мың бір сөз» атты зерттеу кітаптарында ол бұны түрлі әлем халықтары тілдеріндегі сөздердің ұқсастығы арқылы нанымды көрсетіп берді.
Сонау 1975-жылы өзінің атақты «АЗиЯ» атты кітабында Олжас Сүлейменов Русьтегі аса көне (13-ғасыр) «Игорь жорығы туралы жыр» атты поэтикалық шығарманы зерттеп, ортағасырдағы түркілер мен славяндар арасындағы қатынастардың шынайы тарихына әлемнің көзін ашты. Қазақ және орыс тілдерін жетік білетін Олжас Омарұлы дастанды дәл сондай екітілді автор екітілді орыс халқына арнап жазғанын анықтап, замандастарына «Жырдың» әбден қисынды әрі ұғынықты мәтінін оңай түсіндіріп берді. Ал, оған дейінгі түркі тілдерін білмейтін 16 (!) орыс «аудармашыларының» мағынасыз талдау нұсқалары мүлде көкейге қонбайтын еді.
Аудармашылар өздері онша түсінбеген «Жыр»-дың тілін баяғыда жоғалған «көне славян» тілі деп ұйғарған, ал, шынтуайтында, ол түркі сөздері кеңінен қолданылған, кәдуілгі орыс тілі болып шықты.
Алматылық орыс жігіті мәскеулік досымен телефон арқылы былай деп әңгімелесті деп елестетіңізші:
- Кеше қазақтармен Шымбұлаққа бардым. Олар өздерімен керемет қазы, мықты жая мен мынау деген бауырсақ ала келіпті, бірақ, біз шаңғы тебудің орнына, ішіп-жеп, тамақ тойдырып қана қайттық.
Мәскеулік орыс жігіт бәрін түсінген сыңай танытқанымен, артынша интернеттен «Шымбұлақ» дегеннің «тау-шаңғы курорты» екенін оқып біледі де, әрі қарай «қазы деген – тау шаңғысы, жая деген – шаңғы тепкенде киетін етік, ал, бауырсақ – шаңғы таяқшалары болар» деп топшылап, өзінше ой түйеді. Міне, дәл осылай орыс зерттеушілері де «Игорь жорығы туралы жырдағы» өздеріне түсініксіз түркі сөздерін білгендерінше топшылап, шатып-бұтып аударғандықтан, ұғынықсыз мәтін шығып, сол күлді-бадам дүниені кезінде әдебиет сабақтарында бізге ежелгі орыс поэзиясының жауһары деп тықпалаған еді.
«Ортағасырларда Русь (яғни, славяндар) мен Дала (яғни, түркілер) бір-бірімен бітіспес жау болған» дегенді кезінде мектеп қабырғасынан бастап миымызға құйған еді. Ал, «Игорь жорығы туралы жырдың» түркизмдерге толы болуы, керісінше, олардың жау болмағанын анық көрсетті. Олар дос болып, тығыз әскери-саяси, сауда-экономикалық және әкімшілік одақтар құрып, тату-тәтті өмір сүрген, содан да, түркілермен аралас-құралас болған славяндар күнделікті тілдесе жүріп, түркі сөздерін меңгеріп, бүгінгі орыстілді қазақстандықтар сияқты, емін-еркін қолданған.
Қарапайым халық, қанша мәжбүрлесе де, өзіне жеккөрінішті қанышер, зорлықшыл қас жауының тілінде өлсе де, сөйлей қоймас. Керісінше, кез-келген адам «сіз», «біз» дескен сыйластықтың арқасында жақсы көршісінің, мектептес досының, іскер серіктесінің, сүйікті әйелінің, ақылды күйеуінің және олардың туыстарының тіліндегі сөздерді еш мәжбүрлеусіз-ақ, өзі де байқамай, күнделікті тілдесуде қолдана бастайды!
Сөйтіп, «АЗиЯ»-ны оқыған ойлы оқырман Ресей тарихының өзегін құрайтын атышулы “татар-моңғол езгісіне” қатысты күмәндана бастады. Өйткені, моңғол тілінің түркі тілдер тобына жатпайтыны баршаға белгілі, бұл екі тіл туыс емес, сондықтан да, “татар-моңғол езгісі” деген термин “орыс-араб басқыншылары” немесе “неміс-қытай жаулаушылары” деген тіркестер сияқты мүлде ақылға сыйымсыз!
Соған орай, сұрақ туындады: сонда татарлар (түркілер) мен моңғолдар (түркі еместер) қалай түсінісіп, қай тілде қатынасқан? Егер тілдескені рас болса, онда неге татар зейнеткерлердің есінде жатталып қалған тұңғыш моңғол ғарышкеры Жугдэрдэмидийн Гуррагчаның атынан басқа, татар тілінде бірде-бір моңғол сөзі жоқ?
Мынандай да сауал туындады: “Игорь жорығы туралы жыр” жазылған ортағасырлық орыс тілінде бірде-бір моңғол сөзі жоқ, кілең тюркизмдер жүргенін көзімізбен көріп отырмыз, демек, Орыс жерін 300 жылға жуық абыроймен басқарған көшпенділер ешқандай да моңғол емес, таза түркілер болғаны ғой? Яғни, бұрынғы КСРО халқының жартысынан астамының ата-бабасы болған түркілер ғой?
Олай болса, КСРО-дағы әрбір мектеп оқушысының қатпаған миына басқа тарихты қазықтай қағып сіңірген кеңестік тарихнаманы қайда қоямыз? Оның суреттеуінде күллі түркі және славян халықтарын оттың күші, семсердің ұшымен бағындырып келген моңғолдар қанішер болған, ал, Ұлы Русь өзінің «кіші бауырлары» — түркілерді осы 300 жылдық «моңғол» тепкісінен құтқарып, мәңгілікке «мызғымас еркін Республикалар одағына» біріктірген ғой?!
Міне, осындай ресми тарихқа қайшылығымен Мәскеуге жақпаған “АЗиЯ” кітабы шұғыл түрде сатылымнан алынып тасталып, анау-мынау емес, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының бұйрығымен жойылды, ал, оның Алматыда басылып шығуына атсалысқан барлық коммунистер партия тарапынан жазаланып, жұмыстарынан айрылды. Терең ұлтаралық маңызға ие кітап авторының өзі кеңестік тарих ғылымының дегдарлары тарапынан ұйымдастырылған қудалауға ұшырап, жауыз түркі ұлтшылы ретінде түрмеге тоғытыла жаздады.
Бала кезімде көрген бір кеңестік мультфильм әлі күнге есімнен кетпейді, онда «айбынды сұңқарлар» — орыс батырлары әдемі қызыл түске боялған, ал, олардың зұлым жаулары — келбеті қазақтарға қатты ұқсайтын «қара құзғындар» сүйкімсіз қара түске боялған еді. Мультфильмде қызылдар қараларды әп-сәтте жеңіп кететін, десе де мен, қызыл галстугты пионер, оған қуанудың орнына, көңіл түкпірінде қатты күйінетінмін.
«АЗиЯ» кітабына тыйым салынбай тұрып, анам екеуміз бір данасын Алматыдағы Көк Базардың жанындағы газет сататын “Союзбаспасы” дүңгіршегінен сатып алып үлгердік, әуелде мазмұнына да мән бермедік, өйткені, сүйікті ақынымыздың кез-келген жаңа кітабын ойланбастан сатып алатын едік. Кейін кеңестік Әзербайжанда тыйым салынған “АЗиЯ” кітабына адамдар өздерінің жап-жаңа “Жигулиын” айырбастауға дайын болған екен деген қауесетті де естідік! Қуанышқа орай, біз оны білген жоқпыз, сөйтіп, кітап мен өскенше, сөреде жата берді, ал, есейе келе, мен оны мұқият оқып шығып, автордың басты ойын түсіндім: «Тіл – тарихты зерттеудің ең сенімді құралы». Сол сәттен көңіліме күдік ұялады.
«Бешпармақ. Инженердің ой-толғауы» кітабының бірінші бөлімін осы жерден оқи аласыздар