Евразия24ЭкономикаӘр үш үйдің екеуі – заңсыз

Әр үш үйдің екеуі – заңсыз

|

|

KazTAG агенттігі Қазақстан тұрғын үй компаниясының (ҚТҮК) баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды: 2025 жылдың тамызына қарай Қазақстанда үлестік құрылыс саласындағы «көлеңкелі» нарықтың үлесі 62,5 пайызға жеткен. Ел бойынша салынып жатқан 606 нысанның тек 227-сі (яғни 37,5%) ғана жергілікті атқарушы органның рұқсатын немесе ҚТҮК-тің үлескерлер қаражатын тартуға берген кепілдігін иеленген. Компанияның мәліметінше, талдау еліміздегі 19 ірі қаланы және үш қабатқа дейінгі нысандарды қоса алғанда, барлық 606 құрылыс жобасын қамтыған. Зерттеу жұмысы еліміздегі танымал ақпараттық платформаларда құрылыс компаниялары жариялаған жарнамалар мен «Қазреестр» тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйесінің деректері негізінде жүргізілген. «2024 жылғы осындай зерттеумен салыстырғанда (ол кезде көлеңкелі нарықтың үлесі 69,6 пайыз болған), 2025 жылы бұл көрсеткіш 7,1 пайыздық тармаққа төмендеген. Яғни заңды жұмыс істейтін құрылыс нысандарының саны 15,8 пайызға артқан (2025 жылы – 227, 2024 жылы – 196), көлеңкелі жобалар 15,4 пайызға азайған (2025 жылы – 379, 2024 жылы – 448), ал жарнамаға шығарылған нысандардың жалпы саны 5,9 пайызға кеміген (2025 жылы – 606, 2024 жылы – 644)», – делінген ресми хабарламада.

Евразия24 пікірі:

Кез келген көлеңкелі қызметті қозғайтын басты фактор – сұраныс. Қазақстан жағдайында оған азаматтардың сенгіштігі мен табысының төмендігі қосылып, «оңай олжа» дегенге сенген жүздеген адам заңсыз жүйенің қақпанына түсіп жатады. Бұл – қаржы пирамидалары болсын, не рұқсатсыз жүзеге асырылып жатқан үлестік құрылыс болсын – мәні өзгермейді.

Ақпараттық ресурстарда инвестицияны тиімді шарттармен салуға шақырған бақылаусыз жарнама өз нәтижесін берді: елімізде рұқсат құжаттары жоқ тұрғын үй құрылыстары жаппай көбейе бастады. 2025 жылғы 29 тамыздан бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді үлестік қатысу шартының өзінен басқа, тұрғын үйге бронь жасау немесе құқықты беру (цессия) тәрізді кез келген өзге келісімшарттар жасауға тыйым салынды. Сондай-ақ әкімдік тарапынан рұқсаты немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясы – бірыңғай оператордың кепілдігі жоқ нысандар бойынша жарнама таратуға да шектеу қойылды. Бұған қоса, үлескерлер қаражатын тартуға рұқсаты немесе бірыңғай оператордың кепілдігі жоқ тұрғын үй кешендерінде ипотекалық несие рәсімдеуге де тыйым салынды.

Үлестік құрылыс талаптарын бұзып, азаматтардың қаражатын заңсыз тартқандарға салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 300 АЕК-тен 2000 АЕК-ке дейін артты. Бұл 2025 жылғы есеп бойынша – 7 864 000 теңгені құрайды.

Түзетулер күшіне енген сәттен бастап бұл салада бірқатар қызықты жайттар анықтала бастады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

ICE агенттері Италиядағы Олимпиада қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатыспайды

АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік полициясының (ICE) қызметкерлері Италияда өтетін алдағы қысқы Олимпиада ойындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатыспайды.

Ақ үй Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін әзірледі

АҚШ әкімшілігі Ресейге қатысты жаңа санкциялар пакетін дайындауды аяқтаған, бірақ оларды күшіне енгізу жөнінде әзірге нақты нұсқаулар берілмеген.

Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Пәкістан Қазақстан үшін Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес, екі елдің көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге толық мүмкіндігі бар.

Қаңтар айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік 50,8 пунктке дейін жақсарды

Қаңтар айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік оң аймаққа қайта шығып, 50,8 пунктті құрады. Бұл туралы елдің Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.