Саясаттанушы Арсен Сәрсеков былай деп жазады: «2019 жылдан бастап алты жыл ішінде Қазақстан шынайы кадрлық өзгерістер кезеңін бастан өткерді. Осы уақыт аралығында елде төрт премьер-министр ауысты (Асқар Мамин, Әлихан Смайылов, Роман Скляр — бір күнге уақытша атқарушы ретінде тағайындалды, Олжас Бектенов), Президент әкімшілігін алты түрлі басшы басқарды (Бақытжан Сағынтаев, Қырымбек Көшербаев, Нұрлан Нығматулин, Мұрат Нұртілеу, Олжас Бектенов, Мұрат Дәденбаев), ҰҚК төрағасы екі рет ауысты. Оннан астам министрлік таратылды, біріктірілді немесе қайта құрылды. Соңғы үш жылдың өзінде ғана жаңа үш ведомство пайда болды: Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі, Жасанды интеллект жөніндегі министрлігі, Көлік министрлігі қайта қалпына келтірілді және т.б. Өңірлердегі әкімдер де жиі ауысып отырды: соңғы алты жыл ішінде 20 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың 18-інде әкімдер ротациядан өтті. Айта кету керек, бұл көрсеткіштерге вице-премьерлер мен вице-министрлер арасында орын алған кадрлық өзгерістер енгізілмеген. Лауазымдар мен құрылымдардың жиі ауысуы, әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейінгі кезеңде, қоғамда түрлі пікір туғызып, тіпті әзіл-қалжыңға арқау болды. Кеңесшілер мен көмекшілердің санының артуы да осы өзгерістердің бір бөлігі ретінде қабылданды. Алайда елде бірнеше рет премьер-министрлер, министрлер мен облыс әкімдері ауысып, биліктің бірқатар құрылымдары толық жаңарып жатса да Ерлан Карин өз қызметін сақтап қалды. Одан бөлек, оның атқарып отырған лауазымы уақыт өте келе дербес мемлекеттік институтқа айналып, мәртебесі артты. Әртүрлі кадрлық өзгерістерге қарамастан, ол өз орнын берік ұстап отыр. Бұл жағдай Мемлекет басшысының оған жоғары деңгейде сенім артатынын көрсетсе керек.»
Евразия24 пікірі:
49 жастағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин – 1990-жылдардағы саяси сарапшылар буынының өкілі, мемлекеттік қызметте табысты мансап жасап, аты ешбір жариялы дауға ілікпеген тұлғалардың бірі. Еңбек жолын «Диапазон» газетінде саяси шолушы ретінде бастаған ол, аз уақыт ішінде сарапшылық салаға бет бұрып, түрлі халықаралық зерттеу орталықтарында басшылық қызметтер атқарды. 2008 жылы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі ретінде Ақордаға шақырылған Ерлан Қарин сол уақыттан бастап мемлекеттік идеология бағытына тікелей үлес қосып келеді. Бұдан кейін ол Президент жанындағы ҚСЗИ-да директор, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарып, алты жыл бұрын қайтадан Ақордаға оралды. Осы уақытқа дейінгі кадрлық тұрақсыздықтар мен түрлі ротацияларға қарамастан, Ерлан Қарин өз позициясын нығайта түсіп, Мемлекеттік кеңесші мәртебесіне ие болды. Шын мәнінде, алмастырылмайтын кадрлар болады ма?..