БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) хабарлағандай «2025 жылы Ауғанстанда апиын көкнәрін өсіру деңгейі 2024 жылмен бірдей, өте төмен деңгейде сақталды. Бұл көрсеткіш 2023 жылы, көкнәр өсіруге толық тыйым енгізілгеннен кейін тіркелген. 2025 жылы апиын көкнәрі егілген жалпы алқап шамамен 10–10,5 мың гектарды құрады, бұл 2022 жылы тыйым салынғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 90 пайызға төмен. Ал ауыл шаруашылықтарының басым бөлігі табыстың азаюы мен экономикалық осалдықтың күшеюіне қарамастан, 2022 жылы енгізілген апиын көкнәрін өсіруге қатысты толық тыйымды сақтап отыр. Дегенмен көкнәр өсірудің қысқаруы есірткі трафигінің автоматты түрде жойылуын білдірмейді, өйткені нарықта өткен жылдардан қалған апиын қорлары бар. Оларды заңсыз жеткізу жолдары жаңа жағдайларға бейімделіп отыр».
Евразия24 пікірі:
Бір жағынан, Ауғанстанда апиын өндірісінің күрт қысқаруы елдегі есірткі трафигіне қарсы күрестің нәтижелі жүргенін көрсетеді. Алайда бұл үрдіс бірқатар жаңа жүйелік қатерлерді де туындатып отыр. Атап айтқанда, Ауғанстан аумағында бақылаудың күшеюі заңсыз есірткі өндірісінің көршілес елдерге ығысуына әкелген. UNODC баяндамасында көрсетілгендей, Пәкістан мен Үндістанда жойылған көкнәр егістіктерінің көлемі 2022 жылы 5,8 мың гектардан 2023 жылы 13,2 мың гектарға дейін өскен. Жаңа өндірістің тапшылығы жағдайында есірткі нарығы әзірге өткен жылдарда жиналған қорлар есебінен сақталып отыр. Сонымен қатар апиынның орнын біртіндеп синтетикалық есірткілер, соның ішінде метамфетаминдер баса бастады. Ауған фермерлерінің жағдайы да күрделене түсті. Бидай немесе мақта секілді заңды дақылдар көкнәрмен салыстырғанда 10–20 есе аз табыс әкеледі. Көкнәр егісінің қысқаруы салдарынан елдегі жердің шамамен 40 пайызы мүлде пайдаланылмай отыр. Осылайша, Ауғанстанда апиын көкнәрімен күрестегі салыстырмалы табыс бір жағынан аса қауіпті синтетикалық есірткілердің таралу қаупін күшейтіп, екінші жағынан миллиондаған фермерді күнкөріс шегіне жеткізуде. Бұл жағдай тек қана күштік шараларды емес, ауқымды экономикалық қолдауды да қажет етеді.
Сонымен бірге, егіске бақылау әлсіреген жағдайда апиын өндірісі кез келген сәтте қайта жандануы мүмкін екені де жоққа шығармайды.




